Qazforum: Қазақтілді онлайн контент, ақпарат нарығындағы жаңа трендтер мен digital дәуіріндегі медиа

257

Бүгінгі таңда қазақ тілді онлайн медианың барын бардай, жоғын жоқтай етіп жан-жақты талдап, талқылап жүрген еліміздегі ірі кәсіби алаң – qazforum десек, биыл осымен төртінші рет ұйымдастырылған форумда елорда төрінде сарапшылар мен журналистер, блогерлер мен влогерлер, веб-сайт редакторлары мен саясаткерлер бас қосты.

Ашық алаңда мамандар өзінің тәжірибесімен бөлісіп, ақпарат берудің жаңа тәсілдері мен үлгілерін талқылап, бейресми ортада кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік алды.

Қазақ қоғамына қандай медиа қажет?
Форумның шымылдығы «Қазақ қоғамына қандай медиа қажет?» деген пленарлық пікірталасқа бағытталды. Модераторы – Қазақстан Баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев болды. Спикерлер бүгінгі қазақ тілді онлайн медианың жетістіктері мен кемшіліктері, ақпарат құралдарында көтерілуі қажет өзекті тақырыптар, әлемдік тәжірибедегі үздік үлгілер, Қазақстан Республикасындағы сөз бостандығы және БАҚ туралы заңдардың қазақ журналистерінің мүддесіне жұмыс істей ме, жоқ па деген секілді бірқатар маңызды мәселелерді сөз етті.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
— Ендігі нарық заманы келген кезде нарықтың өзі дағдарысқа ұшырап жатыр. Баспасөзді 4-билік дейтін едік, қазір 5-6 билік деген ұғым пайда болды, яғни 5-билік ол әлеуметтік желі, ал 6-билік жаңа мессенджерлер және басқалар, — дей келе саясаткер қазақ баспасөзіндегі кемшін тұстарды атап өтті: — Бүгінгі күні менің түсінігімдегі қазақ баспасөзі көбіне көп бір жағынан өзіне сілтеп келе жатыр, екінші жағынан билікке тәуелді. Үшінші жағынан қоғамдық пікірге тәуелді болып қалды. Шын мәнінде қазаққа ұнамайтын әңгімелерді айту азайып кетті. Біз тек қазаққа ұнайтын, лайк жинайтын әңгімені айтуға тырысып жатырмыз. Тіпті қоғамды алаңдата бермейтін әңгімелерді айтып келе жатырмыз. Осы фейкньюспен күресу нәтижесінде дәстүрлі қазақ баспасөзінде бір жақсы мүмкіндік пайда болған сияқты. Интернетпен бәрібір жарыса алмаймыз. Онда тереңге бару керек. Екінші мәселе болашақтың образы дегеннен туындайды. Баяғыда өздеріңіз білесіздер, 1926 жылы ұлт ұстазы Ахаңның бір жақсы мақаласы шықты ғой. «Әлхамдуллаһ, 6 млн. болдық», — деп. Биыл мінеки санақ. Бұл жолы 14 млн-ға астық, сан сапаға айнала ма деген секілді мәселе көтеретін заман туды.
Самат Нұртаза, саясаттанушы:
— Қазір қоғамда баспасөзді оқымай, жастар да кәрілер де әлеуметтік желіге кетіп жатыр. Екіншіден, біздің БАҚ-қа тереңдік керек. Сонда дәстүрлі ақпарат құралдары әлеуметтік желіге бәсекелес бола алады. Вайнерлер мессенджерлер керек емес дегенге келісе алмаймын. Бұрынғы XVII-XVIII ғасырлардағы ханға шындық айтатын адамдар сияқты месенджерлер де, ватсап та кейде халыққа сілкінетін импульс сияқты қабылданады. Тек ватсаптағы ақпараттың шындығына назар аудару керек. Мәселен, короновирус туралы ақпарат тарағанда бір дәрігер тіпті сотталып кетті ғой деймін қателеспесем. Екіншіден, «лайкозависимость» деген. Адамдар мына ақпаратты қояйын, сонда көбірек лайк жинаймын деген ойға тәуелді.
Нұрмұхамед Байғараев, «Айқын» газетінің бас редакторы:
— Баспасөз, жалпы газетке сұраныс төмендеп жатқаны мәлім. Бұл бізде ғана емес, әлемдік баспасөздерде де бар, біраз таблоидтарды қарадым, «Guarden» болсын, «The Sun» болсын таралымы 10 пайыздан 40 пайызға дейін құлаған. Бірақ Жапония елінде күніне 2 рет шығатын газеттер бар. Олардың таралымы миллионға жетеді. Жапонияда ең технология дамыған ел, яғни технология газетті өлтіреді деген нәрсе дұрыс емес. Газет қалай тірі қалады? Біріншіден, қазақ баспасөзінде сапалы дүниелер жарияланып жатыр. Тек оны оқитын адам жоқ. Мысалы, «Егемен Қазақстан» аптасына 5 рет шығады, «Айқын» аптасына 4 ретшығады. Әрине жылдамдық жағынан сайттарға ілесе алмайды, бірақ иық тіресуге тырысады. Газет ақпараттық нарықта қалай тірі қалады? Ең бірінші, нарықта бәсекелестеріңде жоқ нәрсені беру және ең көп талқыланып жатқан мәселелерді жан-жақты зерттеп беру. Екіншіден, газеттер цифрлық нұсқаларын дамытуы керек. Мәселен, сайтың әлеуметтік желісі дегендей. Үшіншіден, мақаланың қысқартылған бейненұсқасын дайындау. Яғни газетті бәрі бірдей оқымауы мүмкін. Шалғайдағы оқырманға газет жетіп үлгергенше әлеуметтік желіде мақаланың қысқартылған бейненұсқасын тілші әзірлеп таратады.
Нұрғали Нұртай, «Tarlan.kz» сайтының бас редакторы:
— Үш түрлі сынға тоқталғым келеді: 1 Ақпарат көзі ретінде біз өзімізге түскен жауапкершілікті байқамаймыз, ақпаратты орыс тілінде береміз. Алғаш қазақ тілінде ақпарат берсек, тілдің қалыптасуына үлкен ықпал еткен болар едік. Қазақ тілді сайттардың дамымай жатқанының бір себебі — аударып орысшадан салады. Сіз оны оқып қойдыңыз, қайталап оқып жүрмейсіз ғой. Екінші жауапкершілік біздің бас редакторларда. Жарайды ақпарат көздері қателік жіберді. Сізге бірінші орыс тілінде жіберді. Сол ақпаратты 5 минут ұстай тұрып, алдымен қазақшасын жіберуге болады ғой. Үшіншіден, журналистер тіл білмейді, мәселен, ағылшын тілі. Оның ішінде өзім де бармын. Журналист тек ақпарат таратып отырушы ғана емес, басында репортер болса, келе-келе сарапшыға айналуы керек деп ойлаймын. Одан кейін сайттардың көптеп ашылуының ешқандай қаупі жоқ. Жақсысын уақыт өзі сұрыптайды.
Ерік Рахым, «Nege.kz» сайтының бас редакторы :
— Жала жабу деген бап бар, иә? Сол бапты алып тастамай журналистердің аяғындағы тұсау, қолындағы кісен шешілмейді. Жауапкершілік деген нәрсе содан шығады. Қазіргі сайттардың кемшілігі дәстүрлі газеттердің жасаған кемшілігін қайталап жатыр. Шартты түрде алсақ, «Шыңғыс хан қазақ па, моңғол ма?» деген сияқты мәселелерді талқылайды. Сол керек пе? Жарайды ол қазақ болсын, немесе моңғол болсын дедік, одан қазақ қоғамындағы мәселе шешіле ме? Неге бізге қазақ тілінде экономикалық, саяси сараптамалар, талдаулар бермеске. Біздің «Nege.kz» сайты ашылғанына екі жарым ай өтті. Біз неден ұттық? Мәселен, мен екі ақпарат бердім делік. Бір әншіні зорлап кетпекші болды деген бір тақырып және Еуразиялық экономикалық одақ бізге керек пе деген екінші мақала. Әншіні 5000 адам, ал одақты 500 адам оқыды. Мен қайсысына көңіл бөлуім керек? Әрине, 500 адамға. Өйткені сол 500 адам әлдеқайда сапалы. Мен солардың мүддесіне жұмыс істеуім керек. Біз «Время» газетімен контент алмасу жөнінде келісім шарт жасастық. Орыс тілді контент өзінің биігіне шықты. Қазір байқасаңыздар, «Время»-да шыққан материалдар бір мезетте «Nege.kz» -те, біздің материалдар оларда шығып жатыр. Бұл өз кезегінде пайдалы контентпен алмасу деп аталады.
Нұрмұхамед Байғараев, «Айқын» газетінің бас редакторы:
— Мен ешкімді сынағым келмейді. Бірақ бұл нарық. Мысалы, Қытайдағы тауарды алып келгеннен ұлттық өндірісіміз дамымайды. Біреудің дүниесін аударып беру қазақ медиасын дамытады деп айта алмаймын. Қаласақ та, қаламасақ та өзіміздің журналистерімізден талап етіп, сараптамаға, сапалы материал жазуға үйретуіміз керек.

Айдос Сарым, саясаттанушы:
— Жақын арада үкімет Парламентке бірнеше заңды табыстайын деп отыр. Оның ішінде атышулы 2 бап бар. Ол қылмыстық кодекстен әкімшілік жазаларға ауысады. Қазіргі жеткен жетістігіміз осы, адамға жоқтан жоқ кінә тағуы мүмкін. Яғни, ол айыппұл жағына қарай кетеді. Сен бір нәрсе жаздың ба, басыңмен жауап бересің, ақшалай айыппұл төлейсің. Әлемдік практикада да солай. Ол жауапкершілікті мүлдем алып тастауға болмайды.

Digital дәуіріндегі біздің медиа
Форумның екінші сессиясы қазақ тілді БАҚ табысты бизнес көзіне неліктен айнала аламай отыр, монетизация, контенттен ақша табу, қоғамдағы медиаға деген сұраныс пен медиасауаттылық, бүгінгі күнгі алдыңғы қатарлы кейстерге кімдерді жатқызуға болады деген тақырыптар талқыланды. «Internews Kazakhstan»-ның аймақтық медиа кеңесшісі Асхат Еркімбай форум алдында кейбір қатысушыларға сауалнама жіберілгенін, сол арқылы бүгінгі онлайн медиаға зерттеу жүргізілгенін айтып, қорытындыларымен бөлісті.
Асхат Еркімбай, «Internews Kazakhstan»-ның аймақтық медиа кеңесшісі:
— Біз жасаған зерттеу қазір қазақ онлайн медиасына өте керемет мүмкіндік туып тұрғанын көрсетіп отыр. Себебі аудитория ақша төлеуге дайын және кейс ретінде «baribar»-ды айтуға болды. Олар мемлекеттік тапсырыс алған күннің өзінде негізгі бастама ретінде контентті жарнамалық үлеc арқылы тапты. Яғни бұл кейс бізге қазақ тілінде сапалы аудитория болса, мемлекеттік тапсырыс үлесін азайту арқылы жарнаманың көлемімен өмір сүру мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Бұдан басқа да бізде қазір іскерлік контенттер бар.
Медиа қауымдастық өкілдері үш қиындықты атады:
1. Заңнамалық қиындық, яғни Қазақстанның медиадағы заңдары бізге еркін жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отыр.
2. Кадрлардың біліктілігі, бүгінгі сауалнамаға жауап берген респонденттердің 70 пайызы журналистік біліміміз жоқ деп жауап берді.
3. Мемлекеттік тапсырыс
Зерттеу нәтижесі бойынша байқалған тағы бір кемшілік, көпшілігі онлайн аудиториясын зерттемейді екен. Өткен жыл чартбит деген керемет жобаны алып келді. Бізде Қазақстанда оған біраз сайттар қосылды. Бұл үлкен мүмкіндік. Чартбит ресурсы арқылы аудиторияң кім? Сағат нешеде кіреді? Қай контентті көбірек қарайды деген мәселелерді біліп, соған лайықтап жұмыс істеу жақсы мүмкіндік болатын еді. Осы мүмкіндікті онлайн контентті жасаушылар жіберіп отырған сияқты, — деді.
«Отырар» медиахолдингінің директоры Айгерім Жұмағұлова, «Media Holding «Atameken Business» ЖШС бас директоры Қанат Сахария, «ULYS» диджитал журналының бас редакторы Ержан Қаламбайұлы өздері басқарып отырған ақпарат құралдары, олардың аудиторияны ұстап тұру тәсілдері, бәсекелестері және бюджеті жайлы тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, Ержан Қаламбайұлы бүгінгі күні көп адам диджитал журнал дегеннің не екенін біле бермейтінін, тіпті бір кісілердің «журналыңның 3-4 санын әкеп тасташы» дегенін күліп еске алып, цифрлық бағыттағы журнал жасаудың ерекшеліктеріне тоқталды.
Форум барысында Қазақстанда youtube платформасы арқылы табыс тауып жүрген авторлардың да тәжірибесі сөз болып, қазақ тілді анимация, блог жүргізу, жарнама мәселелері талқыланды. Оған Алдар Көсе мультфильмін жасаған Игорь Краус, «Salem Social Media» бас диекторы Александр Аксютиц, « ZTB media» бас директоры Әлішер Базарханов, youtube платформасының ресми серіктесі Сұңғат Өтеболатовтар қатысты.
Форум соңында іс-шара серіктестері, еліміздің ірі бизнес өкілдері «BI Group» холдингі, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, «Air Astana» АҚ компаниялары өздерінің БАҚ-пен жұмыс істеу тәжірибелерімен бөлісіп, қазақ тілді медианың бизнес компаниялармен жұмыс істеуде белсенді емес екендігін айтты. «Air Astana» өкілі Тілек Абдрахимов қазақ тілді журналисттер тек мейрамдарда ғана хабарласатынын, мәселен, «ұшақ неше минутта өртенеді, бортсерік әйелдің бойы неліктен 165 см-ден төмен болмау керек» деген танымдық тұрғыдағы сұрақтармен орыс тілді ақпарат құралдары ғана хабарласатынын айтып, егер қазақ тілді журналисттер осындай мәселелерді көтерсе, әріптестік танытып, жұмыс істеуге әрдайым дайын екендерін алға тартты.
Форумға қатысушылар қазақ журналистерінің айлығы шайлығынан артылмайтынын, олардың көбінде баспананың жоқтығы, ешқандай әлеуметтік топқа жатпайтындықтан, олар әлеуметтік тұрғыда жұмыс берушіге немесе қаржыландырушысына тікелей тәуелді екендігін, ақпарат алу барысында әлі де кейбір мекемелер тілшілерге есіктерін ашпайтындығын, жарнама берушілердің орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдарын таңдауын, тендерге, мемлекеттік тапсырысқа тәуелділік секілді бүгінгі медиа саласындағы көптеген өзекті мәселелерді талқылады.

Осымен, биылғы qazforum өтті. Бүгінгі онлайн контент жасауға қатысты біраз ауқымды мәселелерді көтерді. Қатысушыларға ойын еркін жеткізіп, пікірталас тудыруға мүмкіндіктер берді. Форумнан кейін әдеттегідей, бұл жиын қазақ журналистикасына не берді деген заңды сұрақ туды. Біреулердің ойынан шықпай, әдеттегі форумдардың бірі десе, енді біреулер үшін бұл қазақ медиасының алға басуы үшін жасалып жатқан жаңа мүмкіндік деп қабылдады. Жиынды ұйымдастырып, қаржылай көмек көрсеткен АҚШ Елшілігіне күмәнмен қараған тараптар да табылды. Десек те, шетелдік қаржыландыру арқылы өткізіліп отырған шара деп үрке қарамай, алқалы шарадан өзіне пайдалысын алып, керегін қанжығасына байлай алды ма, жоқ па, ол әркімнің өз еншісінде.

Гауһар Түстікбаева
«Қазақ газеттері» ЖШС

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *