Алматыда Еркін Нұразханның жеке көрмесі ашылды

2588

Алматыда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде елімізге танымал карикатурашы-суретші, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер, Журналистер, Жазушылар одақтарының мүшесі Нұразхан Еркін Ибрагимұлының «Шарайна» атты жеке көрмесі ашылды.Еркін Нұразхан – қазақ бейнелеу өнерінде карикатураш, шарж (достық әзілді портрет) жанрының қалыптасып, дамуына өзіндік қолтаңбасын қосқан, бүгінде осы бағыттың көшбасшысы саналатын танымал суретші.

Суретші-карикатурашы 1982 жылдан бастап әдебиет, өнер және қоғам қайраткерлерінің әзіл портреттер галереясын жасап келеді. Ол еліміз тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі әлеуметтік-экономикалық, саяси өміріміздегі келеңсіз құбылыстарды сынға алған сатиралық суреттер топтамасын дүниеге әкелді. Сондай-ақ, оқырмандарға өзекті мәселелерді көтерген мақалалары және деректі дүниелерімен танылған қаламгер.

Суретшінің тақырыптары әр алуан, бейнелеген кейіпкерлері сан қырлы мінез-құлықты болса, сурет салудағы техникасы тым қарапайым. Негізінен қағаз, қаламұш, тушь, акварель бояуы, гельді қалам, түсті қарындаштарды қолданады.

Карикатурашыны шығармашылыққа жетелеген – өмірдің өзі. Ол қоғам мен адам, саясат пен заман кеңістігінде қайшыласқан мүдделер майданы мен керағар көзқарастарды жіті бақылап, ақ-қарасын анықтап, ішке жиған-түйгенін ел назарына ұсынды. Көрерменін бей-жай қалдырмай қоғам мен заманның кілтипанын табуға үндеп, сол процестерге қатысуға, ой түюге, әркімді өз ұстанымын анықтап алуға шақырады. Осыдан келе  суретшінің азаматтық позициясы анықтала түседі. Ол әділдік пен адалдық, шындық пен ақиқат жағында болып, халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, өмірдегі өзгерістерге солардың тұрғысынан қарап, бағасын бере алса — нағыз халықшыл суретші, өз елінің патриоты болғаны. «Шарайна» көрмесі соның дәлелі. Көрмеге келушілер суретші-карикатурашының шыншыл да айқын сырларға толы дүниетанымымен табысады. Сонымен қатар тәуелсіз еліміздің дамуына кедергі келтірер керітартпа күштерді келекелеп көз алдымызға әкеледі. Өз көрерменін бейғам да немқұрайлы жүрмей, ел мен жер үшін белсенді күрескер болуға шақырады.

Карикатура – ащы айтылған сын. Дегенмен, Еркін Ибрагимұлы ащы шындықты астарлап, туындыларында образдар арқылы ой тудырып, болмысымыздың күнгейі мен көлеңкесін көрсете білген. Суретші «Күлкінің ар жағында мазақ емес – мазасыздану, жазғыру емес – жан ашу жатқанын жұрт түсінсе дейді. «Құлағанды тұрғызу, қирағанды бүтіндеу, жылағанды жұбату, керенауды ояту, мұңайғанды езу тартқызу – сатиралық суреттердің абзал борышы болып қала бермек»,- дейді суретші.

Көрмеге автордың 534 еңбегі қойылған, аталған еңбектер Орталық музей қорына ұсынылды.

Суреттерді түсірген-Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *