Алматы облысында бизнесмендер кезектегілерге 30 пәтер сатып әперді

440

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қапшағай қаласының тұрғындарына 30 пәтердің сертификатын тапсырды. Осы күні көп балалы отбасылар, жетім балалар мен І, ІІ мүгедектер сертификат алу қуанышына кенелді. «Teniz Towers» тұрғын үй кешенінде «7-20-25» бағдарламасымен салынып жатқан пәтерлерді бизнесмендер Болат Абилов пен Ораз Жандосовтар «Eneverse Kunkuat» ЖШС-ның жеке қаражатына сатып әперді. Еске салсақ, бұған дейін бұл компания Қапшағай қаласының маңынан 100 МВт күн электр стансасын салған болатын, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Көпшілікті қуанышты сәтімен құттықтаған Амандық Баталов, облыста халықты қолжетімді баспанамен қамту бағытында едәуір жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. Бұл ретте меценаттар тарапынан да зор қолдау жасалып отырғанын тілге тиек етті:

Тұрғын үйлер бюджет қаржысынан пайдалануға берілуде, бұл ортақ іске біздің меценат жерлестеріміз де зор үлес қосып келеді. Өткен жылы облыста 894 мың шаршы м тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 25% артық. «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламаларының нәтижесінде 2443 отбасы баспаналы болса, соның 1779 отбасы – әлеуметтік әлжуаз топтар мен көп балалы отбасылар. Жалпы өткен жылы облыста көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға 40 млрд. теңге бөлінсе, биылғы жылы осы мақсатқа бюджеттен 59 млрд. теңге қарастырылып отыр. Ал бүгін біз облысымызда ірі жобаларды жүзеге асырып жатқан бизнесмендердің көп балалы отбасыларға, жетім балаларға, мүгедек жандарға өз қаражатына 30 пәтер сатып алып бергенінің куәсі болып отырмыз. Бұл – бәріміз үшін маңызды әрі қуанышты жағдай. Шаңырақтарыңызға шаттық пен бақыт, құт-береке тілеймін, — деген А.Баталов, бизнесмендерге алғысын білдірді.

— Бүгін — біздің компаниямыз үшін де маңызды күн. Біз жаңа үйден 30 пәтер сатып алып, сіздерді қуантқанымызға ризамыз. Жаңа баспана сіздерге тек қана қуаныш, мейірім мен молшылық әкелсін! Бақытты болыңыздар! — деді Б. Абилов.

Өз кезегінде О.Жандосов қайырымдылық шаралары өткен жылы қыркүйек айында Қапшағай қаласының маңында бой көтерген күн электр стасасының құрылысы жобасын жүзеге асырудың арқасында мүмкін болғанын айтты:

Облыс басшысының, Қапшағай қалалық әкімдігінің қолдауының арқасында Қапшағай күн электр стансасы табысты жұмыс істеп тұр. Станса жұмысы сіздерге қуаныш сыйлау туралы ойға алған игі мақсаттарымыздың орындалуына мүмкіндік жасады, — деді О. Жандосов.

Облыс әкімі бизнесмендермен бірге «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасымен салынып жатқан 70 пәтерлі тұрғын үйдің 30 пәтерінің сертификатын қала тұрғындарына салтанатты түрде табыс етті.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *