Серікбай Қылышбай: Қазақ халқының мәртебесі көтерілген жағдайда ғана өзге ұлт өкілдері алаңсыз өмір сүре алады

157

Қазақстанда тұрып жатқан 100-ден аса ұлт өкілдері патшалық Ресейдің басқыншылық саясаты нәтижесінде келгендер. Отаршыл үкімет сол арқылы қазақ халқын ассимиляциялап, орыстандыруға не мәңгүрттендіруге тырысқаны тарихтан мәлім. Бұл үдеріс Кеңес үкіметі кезеңінде де жалғасты. Бұл туралы Серікбай Қылышбай өзінің фейсбук парақшасында жазды.

«Соғыс кезіндегі бүтін ұлыстарды еріксіз депортациялау, «Тың игеру» саясатының бір езуінде жымысқы отарлау мақсаты жатты. Соның ақырында қазақ халқы шұрайлы жерлерінен қол үзіп, шөл және шөлейтті жерлерге шегіне қоныстануға мәжбүр болды. Қазақтың қолайлы қоныстарын иеленген орыс мұжықтары мен казактар, кейінгі ондаған диаспора өкілдері осылайша жергілікті ел — қалың қазақты несібесінен қақты. Өсіп-өніп, әбден мейманасы тасыған кейбіреулері қазақты мүсіркеуге, тіпті мазақ етіп, қорлауға дейін барды. Негізінде, орыс переселендері, ұйғыр, дүңген сияқты біраз халықтарға жер берген орыс патшалары мен Неплюев, Герн, Горчаков, Черняев, Колпаковский сынды басқыншы генерал-губернаторлар болатын. Олар ол тұста қазақ халқынан рұқсат сұраған жоқ. Бүгінде біз осы отаршылдықтың ауыр зардабын әлі де тартып отырмыз. Демек, проблеманың салдарымен емес, себебімен де күрескен жөн. Ең алдымен, кезінде Ресей патшалығының қысымымен мен ата қонысынан шеттеген қазақтарға (руларына — С. Қ.) өтемақы орнына құнарлы жер беруді ойластыру керек еді. Ал қазақ жеріне зорлықпен келгендерді өз Отанына қайтаруды заңды түрде жүзеге асыруға болады. Оған қажетті архив құжаттары мен тарихи деректер жеткілікті. Ал егер басқа ұлт өкілдері қазақ жерінде тыныш, достықта өмір сүргісі келсе, онда ондай диаспора өкілдерінің басшылары:

«Біз қазақ халқына мәңгі доспыз әрі қарыздармыз. Қазақтың дәстүрін сыйлап, мемлекеттік тілде сөйлейтін боламыз» деп ант беруі тиіс! (орыс патшасына кезінде қазақ сұлтандары мен билері де осылай ант берген еді)

Қазақстанда қазақ халқының мәртебесі көтерілген жағдайда ғана өзге ұлт өкілдері алаңсыз өмір сүре алады. Осыны билік басындағы азаматтарымыз түсінгені жөн! Деколонизация шаралары жүрмеген елде түбінде «национализация» үдерісіне жол беретініне кәрі тарих куә…»

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *