Марат Оспановқа арналған кітаптың тұсаукесері өтті

1167

Мәжілісте Елбасының сенімді серігі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің алғашқы төрағасы, 20 жыл бұрын дүниеден өткен Марат Оспановқа арналған конференция аясында «Отанға адал қызмет ету» атты кітаптың тұсаукесері өтті, — деп хабарлайды ҚР Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі.

Іс-шараға Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері және М.Оспановтың отбасы, туған-туыстары және жақындары қатысты.

«Марат Оспанов туралы естеліктер біздің Қазақстанымыздың егеменді ел атанған тарихи кезеңімен қатар жүреді. Себебі Марат Тұрдыбекұлы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сенімді серігі бола жүріп, тәуелсіздікке жету, оны қалыптастыру және дамыту жолында аянбай еңбек етті», — деді Мәжіліс төрағасы.

Марат Оспановтың мол білімін, ерекше қабілетін, батыл мінезі мен үлкен саясат жолында еңбек етіп, отандық парламентаризмді дамытуға зор үлес қосқанын алға тартқан Мәжіліс төрағасы оның еңбек жолы ұрпаққа үлгі болатынын айтты.

«Марат Оспанов басқарған жылдары Парламент жан жақты және табысты еңбек етті. Осы жылдарда Парламент 400-ден астам заң қабылдады. Сол уақытта қабылданған барлық заңдарда, соның ішінде, экономикалық құжаттарда Марат Тұрдыбекұлының қосқан үлесі зор және ерекше. Ол тек заң шығару қызметімен айналысып қана қоймай, қоғамдық жұмысына да, соның ішінде, мәдениет, спорт саласын нығайтуға белсене араласты. Марат Оспанов – бүкіл өмірін егемен еліміздің дамуына арнаған білікті саясаткер, іскер басшы, қайраткер тұлға», — деді Палата Спикері.

М.Оспановпен бірге жұмыс істеген әріптестері мен достарының естеліктері, Мәжілісте ұйымдастырылған фотокөрме аясында өмірінің жарқын сәттерін бейнелейтін көптеген фотосуреттер оның жоғары адамгершілік және кәсіби қасиеттерін еске салды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *