ЕРЛАН СЫДЫҚОВТЫҢ «ҚҰНАНБАЙ» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

444

Алматыда  Мұхтар Әуезов музей-үйінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу аясында тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың «Құнанбай» кітабының тұсаукесері болып өтті. Кітап «Ғажайып адамдардың өмірі» сериясы аясында 3000 данамен жарық көрді.

Шараны ҚР Ұлттық ғылым академиясы, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, Қазақстан Жазушылар одағы  ұйымдастырды.Іс- шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми қауым, білім, ақпарат және мәдениет саласының өкілдері, қаламгерлер, жастар  қатысты.

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев Семейге жасаған жұмыс сапары барысында: «Біз бұл жерді даңқты ұлы тұлғалар — Абай мен оның әкесі Құнанбайды ұмытпауымыз керек, олар халық тарихында үлкен із қалдырды. Біз оларды есте сақтап, құрметтеуіміз керек.Құнанбайдың Семейде ғана емес, бүкіл қазақ тарихында сіңірген еңбегі ерекше орынға ие».

Жаңа туынды Мәскеу қаласында «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» сериясымен орыс тілінде басылып шықты. Кітапта көрнекті қайраткер Құнанбайға қатысты тек тарихи деректер топтастырылған. Алдағы уақытта қазақ, қытай, түрік және ағылшын тілдеріне аударылмақ.

«Құнанбай Өскенбайұлының өмірі мен қызметіне деген үлкен аудитория – Ресей оқырманының алғашқы қызығушылығы және сұранымы бар екенін бұрыннан байқайтынмын. Енді нарық талабына сай бұл таралым саны арта түсіп, әлем оқырманына жол тартады деп ойлаймын.

Құнанбай Ресей империясы тұсында би және болыс бола жүріп, елі үшін талай маңызды істерді атқарған адам. Сондықтан зерттеушілер мен жұртшылық тарапынан оның тұлғасына қатысты қарама-қарсы пікірлердің болуы әбден мүмкін.

Жасыратыны жоқ, кешегі Кеңестік цензура дала билеушісі, «қарадан шығып хан болған» Құнанбай туралы теріс пікір қалыптастырды. Көркем әдебиетте жағымсыз кейіпкер ретінде танылды. Айдауда болған әйгілі поляк зиялысы Адольф Янушкевич саяхат күнделігінде: «Құнанбай бидің жасы Барақ сұлтаннан біраз үлкен. Бұл да дала өңірінде аты кең жайылған адам. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді. Дала заңдары мен құран қағидаларының жетік білгірі. Қазақтарға қатысты ресейлік уставтарды бес саусағындай біледі. Қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай-шалғай ауылдардан келіп жатады… Ал, бірақ барлық байлар Құнанбайдың кебісін кигізуге жарамайды»​ деп таңғалады.

Құнекеңнің айрықша тұлғасы ғылым мен өнер қайраткерлері еңбектерінде біршама зерделенген. Асылы, ақылды да рухты тұлға ғана ойшыл, дана, көреген болмақ. Әлемге ұлы Абайдай данышпан, дара ақынды сыйлаған әке арманы ұлт арманымен ұштасқан.

Құнанбай тұлғасы, оның тарихтағы өз орны  толық зерттелді деп айтуға әлі ерте. Оның өмірі мен еңбегін толыққанды зерттеу — болашақ жас ғалымдардың еншісіндегі мәселе. Ал менің кітабымды – бүгінгі күннің  бағасы деп қабылдарсыздар. Одан кейін орыстілді аудитория арқылы әлемге жол тарту — алдағы күннің еншісі», дейді — Ерлан Сыдықов

 

Суреттерді түсірген — Азамат Құсайын

Бейнематериалды әзірлеген — Жанарбек Әлихан




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *