Қысқы Шарын

1423

Шарын шатқалын қыс кезінде тамашалаудың өз қызығы бар. Өйткені, мұнда қар сирек жауады және тез еріп кетеді. Оның үстіне биыл қар аз болған. Күні кеше ғана Шарынға қырбақтап қар жауғанын пайдаланып, Шарынға арнайы бет алған едік. Ауа-райының мәліметінше, алдағы уақытта қарлы күндер жоқ. Сондықтан, осы қыстың соңғы қары болғандықтан, үлгеріп қалуға тырыстық. 

Шарында қар тоқтай салысымен, төңіректі суретке түсіре бастадық. Айналдырған бір-екі сағаттың көлемінде қар еріп кетті. Күн көзі ашылмады, суық жел өңменінен өтеді. Ал, санаулы сағаттардан соң төңіректі қалың тұман басып қалды.

Шарынды ерте кезде «Шайтан қала», кейіннен «Қызғылт қамалдар аңғары», жартастарын «Сфинкс», «Мыстан кемпір», «Айдаһар», «Тас қапшық» және т.б. деп аталған екен.

Құдды бір «құмыра» секілді

Шарын шатқалы Алматы қаласынан 193 шақырым қашықтықтағы Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Кеген және Ұйғыр аудандарының аумағындағы Шарын өзенінің аңғарын бойлай оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 154 шақырымдық алқапқа созылып жатыр. Ал, Шарын өзені Теріскей және Күнгей Алатауларынан басталып, Іле өзеніне құяды, оның ұзындығы 427 шақырым.

Шарынның «Жұмбақтасы». Бейне бір Бурабайдағы «Жұмабақтастың» көшірмесі секілді

Шарын шатқалы – еліміздегі ең ірі экзотикалық орындардың бірі. Құдды бір су шайып кеткеннен кейін формасы өзгерген алып тастар немесе желден кейін түрлі келбетке енген ерекше тас дерсіз.

Деректерге сүйенсек, шатқалдың тереңдiгi кей жерде 300 метрге дейiн жетедi. Шатқал арқылы ағысы қатты (секундына 10-12 км), суы мол, рафтинг спортына жарамды, арнасының кеңдiгi 35-40 метр болатын өзен ағып жатыр. Оған iрiлi-кiшiлi көптеген өзендер келiп құйылады. Біз көргенде өзеннің түсі жасыл болды. Экскурсавод мамандардың айтуынша, күз мезгілінде өзеннің ағысы мен екпіні ақырындап, түсі де мөп-мөлдір күйге енеді екен. Саяхатшылар үшiн Шарын шатқалы, әсіресе, оның төменгi бөлiгi ғажайып сұлулығымен тартымды.

Шарын өзені

Кейбір деректерде жергілікті халық бұл жерді «қорғанды қамалдар аңғары» деп атап кеткен деседі. Аңғардың ұзындығы – 2 км, ені – 20-80 м. Шатқалды аралай жүріп, сіз осыдан 12 миллион жыл бұрынғы шөгiндi тау жыныстарынан пайда болған алуан түрлi таңғажайып көрiнiстердi көре аласыз. Миллиондаған жылдар бойы табиғаттың өзі осынау ұлы қорған қамалдары сияқты қайталанбас сәулет өнерiн дүниеге әкелген. Шарын шатқалы Қазақстан табиғатының інжу-маржаны болып есептеледі, оның құрамына өзi аттас өзенмен қоса шетендi тоғай кіреді. Шетен тоғайының негiзiн соғдиян шетенi (Fraxsinuspotamophila) құрайды. Ол қазiргi өсiмдiктер дүниесiнiң iшiндегi ең көне түрi динозаврлар дәуiрiнiң жұрнағы және халықаралық кадастр бойынша жоғалып бара жатқан түрге жатады.

Суретттерді түсірген-Досжан Балабекұлы 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *