Абайды оқы, орында!

432

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында қазақтың бас ақыны республика және халықаралық көлемде аталып өтетінін ескерткен болатын. Соған орай еліміздің түкпір-түкпірінде игі шаралар бастау алған. Соның бірі – Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапхансы ұйымдастырған жиын. Ұлы ақынның тағылымды мұраларын насихаттап, ұлттық құндылыққа баулуды мақсат еткен шара жоғары деңгейде өтті.

Аталған шараға ақын, зерттеуші, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, С. Мұқанов және Ғ. Мүсірепов әдеби-мемориалды музейінің директоры Әбілғазы Қайырбеков, Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Әнәпия Тілеубай, Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі және Халықаралық бизнес колледжі студенттері қатысты.

Кездесу дәстүрлі әнші Әнәпия Тілеубайдың әуелеген әнімен бастау алды. Абай Құнанбайұлының «Сегіз аяқ» және «Желсіз түнде жарық ай» әндерін қасиетті қара домбырамен нақышына келтіре орындап, көпшіліктің жүрегіне жол тапты. Ізін ала белгілі ақын Әбілғазы Қайырбеков ұлы ақынның мұраралынан сыр шертіп, әсерлі әңгімелерімен бөлісті. «Абай жолы» роман-эпопеясының жарыққа шығуы жайында тың деректер келтіріп, әке мен бала арасындағы құндылықтармен таныстырды. Содан соң Жамбыл жасөспірімдер кітапханасы қызметкері Ұлжан Еркінбек шара қатысушыларына Абай Құнанбайұлының өмірбаянынан сыр шертетін презентация көрсетіп, кездесудің маңыздылығын ұқтырды.

         Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған кездесуде тыңдаушылар да ақын шығармашылығынан құр алақан емес екендігін байқатты. Әсіресе, Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі студенттері өздерін жақсы қырынан көрсетті. Қазақтың бас ақынының өлеңдерін мәнерлеп оқып кездесуге көрік берді. Жасөспірімдерді ертіп келген кітапхана меңгерушісі Гүлнар Бексұлтанқызы мен қазақ тілі пәні мұғалімі Әлия Базарғалиқызы кездесуге үлкен үлестерін қосты. Қонақ кәде деп тосыннан ән сұраған көрермендердің өтінішін жерге қалдырмай сазгердің «Көзімнің қарасы» әнін тарту етті.

     Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтудегі мақсат той тойлау емес, рухани мұраларды насихаттау екендігін қатаң ескерткен болатын.  Осы орайда аталған шара бос кетпегеніне сенім мол.

Алмас Асқарұлы,

Жамбыл атындағы жасөспірімдер

кітапханасының қызметкері




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *