Азаматхан ӘМІРТАЙ: Біз қазақ тілінің маңына топтасуымыз қажет

702

Қазақ тілінің мәселесін өткен ғасырдың басында алаш арыстары да қозғады. Содан бері тіл мәселесі күні бүгінге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Неге? Өйткені қазақ тілі елімізде тұратын барлық ұлттардың ортақ тіліне айнала алмады. Кім кінәлі? Оған осы жерде тұрып жатқан орыс, кәріс, дүнген т.б диаспора өкілдері кінәлі деп айта алмаймыз. Басты кінәні өзімізден (орыс тілді және қазақ тілді болып қаққа жарылу һәм биліктің тек солтүстіктегі көршінің тілінде гәпіруі) іздегеніміз жөн.

Бұл туралы  «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Азаматхан ӘМІРТАЙ фейсбук парақшасында хабарлады.

Өткен ғасырдың басында түрік мемлекетінің негізін қалаушы, барлық түріктің атасы атанған Мұстафа Кемел Ататүрік: «Түркияда тұратын 78 ұлттың өкілдерін бір тілде – түрік тілінде сөйлеуге шақырамын. Көптілді, көпділді, көпдінді мемлекеттердің өмірі ұзаққа бармайды. Ондай елдердің болашағы жоқ. Сондықтан да біздің Түркия бір-ақ тілде, түрік тілінде сөйлеуге тиіс!»-деп ұран тастады. Содан бері бүгінде 80 миллионнан асқан Түркия тұрғындары тек түрік тілінде сөйлейді. Өкініштісі, бізде мемлекет тізгінін ұстанған жандардың ешқайсысы бик мінберден «Қазақстанда тұратын 130 ұлт өкілдерін бір тілде – қазақ тілінде сөйлеуге шақырамын» деп айта алмады. Әзірге ондай ниетте жоқ сияқты. Ақиқатқа тура қарар болсақ, қазақ тілі – потенциалы үлкен тіл. Көп мәселе өзімізге келіп тіреліп тұр. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, осындай бай тілді тұғырына қондырып, өркендете алмай отырған өзіміз. Егер де басым көпшілік қолданатын қазақ тіліне дұрыс назар аударылмайтын болса, онда этникалық қарым-қатынастағы (соңғы жылдары елімізде болған ұлтаралық тектетірестер) татулық, ұлттарды топтастыру, қоғамдағы саяси тұрақтылық, т.б. нәрселерге зиян келуі әбден мүмкін деп санаймын. Себебі өзге елдің тілімен біз ұлттарды топтастырып, бір тұтас Қазақстан халқы ете алмайтынымыз белгілі. Сондықтан қазақ тілін толыққанды мемлекет тіліне айналдыру өте өзекті мәселе.

Шындығында, қазақ тілінің беделін көтермей болшақта Қазақстанның егемендігін нығайту мүмкін емес. Тіл мен егемендік – егіз. Әрине, экономика, саясат өзге де факторлар тәуелсіздіктің бір жағы болса, солардың ішінде тіл басты рөл атқарады. «Ол үшін не істеу керек?» деген сұрақ туары хақ. Меніңше, ең бірінші кеңсе қазақ тілінде сөйлеуі шарт. Былайша айтқанда, Президент әкімшілігінен бастап, ауыл әкімшілігіне дейін қазақ тілінде сөйлесін. Сосын мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін білуді міндеттеу қажет. Бұл айтылып жатыр, бірақ іс жүзіне көшетін кез келді. Бәлкім, «демократия, адам құқығын шектеу» деп айтылуы мүмкін. Бұл – қате пікір. Ешқандай шектеуді көріп тұрған жоқпын. Мысалы, Ресейде орыс тілін білмесең, мемлекеттік қызметтің маңынан жүре алмайсын, АҚШ-та ағылшын тілін білмей қалай мемлекеттік қызмет атқарасың, сол секілді Францияда да, Жапонияда да, өзге де алпауыт елдердің бәрінде осындай үрдіс бар. Бұл – әлемдік тәжірибе. Тіпті АҚШ-ты «әр жақтан құралған ұлтсыз мемлекет» деп атаймыз ғой. Бірақ оларда да ортақ тіл бар. Ағылшын тілі. Ортақ мәдениет – америкалық мәдениет болып отыр. Әлгі демократия, адам құқын шектеу деген жай әңгіме. Шын мәнісінде қай мемлекет болсын бір тілдің айналасына топтасады. Сол тіл ұлтаралық қарам-қатынас тілінің рөлін атқарады. Біз қазақ тілінің маңына топтасуымыз қажет. Бұл даусыз дүние!

Азаматхан ӘМІРТАЙДЫҢ фейсбук парақшасынан

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *