ҚАЗЫҒҰРТТЫҚ КӘСІПКЕР ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНАҒА ҮЙ САЛЫП БЕРДІ

487

Тұрғын үй тауқыметін тартқан жалғызбасты ана Айгүл Садықова үш баласымен бірге жылдар бойы ауылдағы ғимараттың бөлмесін жалдап келген. Жұпыны қашқан лашықты паналаған жандарға тұрақты қамқорлық көрсетіп келетін Қазығұрт ауданының басшылығы бұл отбасына демеуші тауып берді. Жергілікті кәсіпкер қайырымдылық жасап, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған анаға 4 бөлмелі үй салып берді.

«Болашақ» мөлтек ауданында орналасқан жаңа үй жарық пен табиғи газбен қамтылып, ауыз су жүйесі жүргізілген. Өңірде қарқын алған «Қамқорлық» жобасы аясында Қазығұрт ауылының кәсіпкерлері жұмыссыз ананың жаңа қонысына үй-жиһаздарын тарту етіп, азық-түлік алып берді. Басыбайлы баспана бұйырған отбасындағы балалардың қуанышында шек жоқ. Жылдар бойғы қиындықтан құтылғанын жандардың айтар алғысы айрықша.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» қатарына шынайы ел патриоты ретінде енген Қазығұрт ауданының кәсіпкері Сырым Ертаев осыған дейін де бірнеше жерлесіне баспана сыйлап, жомарттығымен танылған. Үлгі болар ісімен алғыс арқалаған азамат жеке кәсібін дөңгелетіп, көптеген тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Түркістан облысында жүзеге асып жатқан «Қамқорлық» бағдарламасы өзіңде барды өзгемен бөлісу, мұқтаж, көңілі жарым жандарға қол ұшын беруді меңзейді. Қазығұрт ауданы бойынша 86 отбасына осы бағдарламасы аясында жетекші бекітіліп, жан-жақты көмек көрсетілген. Жақсы іске жанашыр ізгі ниетті, ақ тілеулі азаматтар әлеуметтік жағдайы төмен мұқтаж жандарға тұрмысқа қажетті заттарын, көмір, отынын молынан үйлестіруде. Аталған шараға аудан, қала және ауыл әкімдіктері, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының белсенділері, мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер демеушілік жасап, атсалысып жатыр. Жалпы, облыс бойынша 2 мыңға жуық отбасына жоба аясында жан-жақты қамқорлық жасалмақ.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *