Ақтау теңіз порты арқылы былтыр 2 млн 100 мың тонна мұнай жөнелтілген

559

Еліміздің теңіз айлақтары арқылы өтетін халықаралық транзиттік бағыттарды дамытуда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ролі зор. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәжілісінде «Ақтау теңіз сауда порты» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы, «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» мен «Құрық порты» серіктестіктерінің өкілдері мәлімдеді, — деп хабарлайды Маңғыстау облыстық ҚКО баспасөз қызметі.

Жиынға қатысушылар Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша қазақстандық теңіз порттары арқылы қосымша жүк ағынын тарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Бүгінгі таңдағы көрсеткіш 3900 контейнерді құрап отыр. Ендігі межені жылына 15 мыңға дейін жеткізу күн тәртібіне қойылған.

2019 жылдың сәуір айында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының «Қазақ теңіз көлік флоты» серіктестігімен бірлесе Ақтау халықаралық теңіз сауда портынан Әзірбайжан республикасының бас қаласы Бакуге және кері бағытта әр апта сайын жөнелтіп тұратын тұрақты фидерлік желіні іске қосқаны мәлім.

Былтырғы жылдың желтоқсан айында Каспий теңізімен шектесетін көрші мемлекетке жүк тасымалы көлемінің артуына байланысты «Түркістан» құрғақ жүк тасушы кемесінен бөлек «Бекет ата» есімі берілген су көлігі де осы желіге қосылған болатын.

«Транскаспий халықаралық көлік бағыты дегеніміз, бұл теңіз порттары арқылы жүктерді бірнеше рет аударып тиеуді талап ететін айрықша мультимодалды бағыт болып табылады. Жаһандық Транскаспий консорциумының үйлестірушісі ретінде біздің тарапымыздан транзиттік және сыртқы сауда жүктерін тарту бағытындағы жұмыстар тоқтаусыз жүргізіліп келеді», — дейді «KTZ Express» АҚ Транскаспий халықаралық көлік бағыты және мультимодальды тасымалдарды сату департаментінің директоры Абылайхан Есіркеп.

Транскаспий халықаралық көлік бағытына қазақ елі тарапынан қатысушыларының жақсы үйлестірілген жұмысының нәтижесін қазірдің өзінде көруге болады. Айталық, 2018 жылмен салыстырғанда былтыр теңіз айлақтары арқылы контейнерлік жүк тасымалының көлемі 79 пайызға өскен. Осыны өз кезегінде рекордтық көрсеткіш деп айтуға толықтай негіз бар.

«Жүктерді аударып қайта тиеу бойынша терминалдың жылдық қуаты 3 млн тоннаны құрайды. Оларды бас жүктер мен астық деп бөлетін болсақ, әрқайсына 1,5 тоннадан келеді. Ал контейнерлерді ауыстырып тиеу бойынша терминалдың инфрақұрылымдық мүмкіндігі жылына 20 футтық баламамен 70 мыңнан астам контейнерді құрайды. Өз кезегінде бір мезетте 6 мың дана контейнерді сақтау мүмкіндігі және бар», — деді баспасөз мәжілісінде сөз алған «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» ЖШС бас директорының орынбасары Нұрлан Төлеуғалиев.

Еліміздің екінші теңіз айлағы саналатын Құрық паромдық кешенінің де трансқазақстандық транзитті дамытуда ролі жоғары.

Аталған теңіз порты пайдалануға берілген кезеңнен бері оның қызметкерлері 1394 кемені қабылдап, 4 жарым млн тоннаға жуық жүктерді ауыстырып тиеген.

«Былтырғы жылы бір млн 400 мыңға тарта әртүрлі жүкті ауыстырып қайта өткізілді. Оның 853 мың тоннасы импорт, қалып тұрған 512 мың тоннасы экспорттық бағыттағы жүктер. Қазіргі уақытта Құрық порт кешені арқылы сырт мемлекеттерге қазақстандық астық пен көмір, мұнай және химия өнімдері, тыңайтқыштар жөнелтіліліп келеді» — дейді «Құрық порты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Талғат Оспанов.

Жиында Ақтау теңіз порты арқылы былтыр 2 млн 100 мың тонна мұнай жөнелтілгені сөз болды. Сондай-ақ 800 мың тонна астық Иран Ислам Республикасына, 50 мың тоннаға жуық түрлі-түсті металл Әзірбайжан мен Грузияға экспортталған.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *