Сенатта агроөнеркәсіп кешені мәселелері талқыланды

411

Сенатта агроөнеркәсіп кешені мәселелеріне арналған Парламенттік тыңдау өтіп жатыр, — деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі. 

Шара аясында ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Сенат басшысы Дариға Назарбаева ауыл шаруашылығындағы түрлі сала өнімдері мен аграрлық ғылымның және «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі даму институттарының жетістіктерімен танысты.

Көрме барысында Сенат депутаттарына бірыңғай біріктіруші орталықтың қызметі таныстырылды. Орталық ТМД бойынша жануарлардың ветеринарлық ерекшелігін сәйкестендіруді белгілеуге арналған құралдар мен бұйымдар өндіретін жалғыз ұйым болып табылады. Сонымен қатар түйе етінен өнімдер мен консервілер жасайтын кіші зауыт жұмысы көрсетілді. Жоба ғылыми-техникалық қызмет нәтижесін коммерцияландыру байқауының жеңімпазы болып табылады.

Дариға Назарбаева сөз басында ауыл – біздің ұлттық болмысымыздың бесігі екенін атап өтті. «Қазақтың түп-тамыры ауылда жатыр, ауыл отаншылдықтың қайнар көзі және байырғы дәстүрлердің бұлағы. Сондықтан ауылды дамыту мәселелері әрқайсымызға өте жақын және түсінікті. Бұл ауылдық жерлерде тұратын 42 пайыз қазақстандықтарға ғана емес, барша Қазақстан халқына қатысты үлкен мәселе. Бүгінгі таңда жалпы табыстың өсуіне қарамастан, ауыл тұрғындарының жағдайы жақсы емес екені туралы пікір білдіріп ешкімді таңғалдыра алмаймыз. Мүмкін елімізде ауылшаруашылығы өнеркәсіп ретінде осыған байланысты тоқтап тұрған шығар?», — деді ол.

 

Парламенттік тыңдауда ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Қазақстандағы байланыс және әріптестік жөніндегі Бюро басшысы Қайрат Нәжімеденов және тағы басқалар баяндама жасайтын болады.

Агроөнеркәсіп кешені саласындағы маңызды мәселелерді талқылауға депутаттардан басқа бірнеше аймақ басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өкілдері қатысуда.

Парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп Үкіметке жіберілетін болады.

Қазақстан Республикасы Парламент




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *