«Шыңырау» фильмі Үндістандағы кинофестивальге қатысады

788

Режиссер Жаңабек Жетіруовтың «Шыңырау» атты көркем фильмі Үндістанның Триссур қаласында (IFFT) өтетін Халықаралық кинофестиваль бағдарламасына іріктеуден өтті, ол 6-12 наурызы аралығында Үндістанда Керала штатында өтеді, деп хабарлайды «Қазақфильм».

Фестивальдің тарихы 2004 жылы Триссур мен қала маңындағы киноны шынайы бағалаушылардың, сондай-ақ үкімет пен бизнес-қауымдастықтың қамқорлығының арқасында басталды. Айта кетсек, өткен фестивальдерде үндістандық көрермендер кинотуындының драматургиясын және көркемдік ойын ерекше жоғары бағалаған болатын. Биыл IFFT 15-ші рет өтеді және кино мәдениетін дамытып, өз аудиториясын заманауи және классикалық кино туындыларымен таныстырады. Фестиваль Азия және Африка елдерінің үздік фильмдерін зерттеуге арналған.

Әбіш Кекілбаевтың повесі «Шыңыраудың» желісі бойынша түсірілген картина құдық қазушы Еңсептің оқиғасын баяндай отырып, менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандық сынды адамға тән құбылыстарды көтереді. Естеріңізге сала кетсек, фильмнің түсірілімдері Маңғыстау облысында өтті. Картинада Қарақия ойысы, Үстірт шоқысы және Каспий теңізі көрініс табады. Фильмдегі басты рөлдерді Асылхан Төлепов, Алдабек Шалбаев және Айжан Жетіру сомдады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *