«КөрпеFEST»  мегафестивалі өтті

587

 Тараз қаласында алғаш рет «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің «Көрме» павильонында «КөрпеFEST»  мегафестивалі өтті. 

Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен өткен шарада белгілі этнодизайнер, республикалық «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты, Ырза Тұрсынзаданың шығармашылығы көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, тігін және қолданбалы өнер бойынша оқыту семинарлары, әлеуметтік желілерде бизнесті жүргізу бойынша шеберлік сабақтары өтті.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев мегафестивальға арнайы барып, шеберлердің қолынан шыққан бұйымдармен танысты. Аймақ басшысы ұлттық қолданбалы өнерді дамытудың, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлерін насихаттаудың маңыздылығына назар аударды.

 Көктемнің алғашқы күндері Халықаралық әйелдер күні мерекесін тойлаймыз.  Бұл мерекеде барлығымыз өмір сыйлаған аналарымызға құрмет білдіреміз. Барлық жылылық мен мейірімділік сіздерге тән. Біз сіздердің алдарыңызда бас иеміз. Қазақта «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен – бүкіл әлемді тербетеді» деген дана сөз бар. Сіздер тек үй шаруасымен ғана емес, сонымен қатар ұлттық салт — дәстүрлерді насихаттай отырып, осы секілді сүйікті істеріңізбен де айналыса аласыздар, — деп атап өтті облыс әкімі.

Бұл игі жоба көп балалы және аз қамтылған әйелдерге өз кәсіптерін ашуға,  олардың бойларындағы бейімдіктерін дамытуға, сондай-ақ ұлттық қолөнер саласын насихаттауға ықпал етері сөзсіз.

Фестиваль аясында үш кезеңнен тұратын байқау өтті. Сондай-ақ, «Аналар аманаты» атты тегін семинар-тренинг ұйымдастырылып, қатысушылар құрақ көрпе, ұлттық стильдегі көрпелер және басқа да қолданбалы өнер бұйымдарын жасаудың қыр-сырың меңгерді.  Аталған байқау жеңімпаздарына «Алтын орда» авторлық дизайн үйінің сертификаттары мен тігін машиналары және басқа да бағалы сыйлықтар табыс етілді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *