Қазақтар Канаданы жаулауда!

241

Наурыз айының 28 жұлдызында Канаданың Квебек қаласында әлемдік деңгейдегі кәсіпқой бокс кеші өтеді жоспарлануда. Кештің басты жекпе-жегінде ресейлік Артур Бетербиев өзіне тиесілі WBC, IBF белбеулерін қытайлық Фалонг Менгке қарсы кездесуде қорғайтын болады. Top Rank промоутерлік орталығының басшысы Боб Арум, GYM promotions директоры Ювон Мишель, Бред Гудман секілді әлемге әйгілі матчмейкерлердің ұйымдастырғалы отырған жарысын USA ESPN арнасы әлемнің 150-ге жуық еліне тікелей эфирде трансляциялайтын болады. Әзірге бұл шоу аясында шаршы алаңда бақ сынайтын 7 жұп белгілі болды. “Qazaq style” лақап атымен танылып келе жатқан қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлы ганалық Иссах Самирмен қолғап түйістіреді. Ол өзінің орта салмақтағы WBO Global, WBC Continental Americas белбеулерін бәске тігеді.


Одан бөлек, бүгін белгілі болғандай, тағы бір қазақ боксшысы Айдос Ербосынұлының да үйеңкі жапырақтылар елінде жұдырықтасатыны жөніндегі ақпарат расталды. Айдос “Барыс” Ербосынұлы осы уақытқа дейін Ресей, Австралия, АҚШ, Украина секілді бірқатар мемлекеттерде сәтті өнер көрсеткен. Өзінің 13 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жеткен қазақ боксшысының еншісінде WBO Global, WBA International, WBC Asian Boxing Council Continental белбеулері бар. Қазір ол ресейдің Мәскеу қаласында шеберлігін шыңдауда. 35 жасар канадалық Тим Кронин Айдосқа қарсылас атанады. Жекпе-жек 10 рауындтық форматта өтеді.
Бексұлтан Нұрланұлы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *