«Ы» дыбысының таңбасы неге талас тудырып жүр?

843

Тілдік таңба әліпбиде өзіндік орны бар белгілі бір дыбыстың жеке символы болып табылады. Ол дыбысты, сөзді, сөз тіркесін, сөйлемді танудың «сыртқы жамылғысы», түрі іспетті. Қандай да болсын, дыбысқа сыртқы форма, «жамылғы» беруде, сондай-ақ оның басқа бір елдің таңбасынан ажырататын ұлттық ерекшелігін ескерумен қатар, сол мемлекетте тұратын тек жеке адамға не белгілі бір топқа ғана емес, жалпы көпшілікке, қарапайым халыққа жылдам әрі жеңіл қабылдануын да негізге алған абзал. Екіншіден, оның сөз, не сөйлем құрамында келгендегі эстетикалық жағын, яғни көзге «жылы» көрінуін де басты назарда ұстау керек. Үшіншіден, кең тұрғыда қарастырғанда, таңба әлемдік сахнада сол елді көрсетудің белгісі, айнасы қызметін де атқаруы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде, дыбысқа сыртқы форма беруде мұқият ойланып, дұрыс шешім қабылдаған жөн. Сондай талас тудырып жүрген таңбалардың бірі – жаңа латын әліпбиіндегі «ы»әрпі.

Тілші-ғалымдар арасында «ы» дыбысын таңбалауда әртүрлі пікір айтылып жүргені белгілі. Бірінші топ қазіргі ұсынылған латын әліпбиінде «а» мен «ä», «о» мен «ö» сынды ұлттық ерекшелікті көрсететін дауысты дыбыстардың жуанды-жіңішкелі нұсқасы секілді «ы» мен «і» дыбыстарын да жұптап беруді ұсынады. Яғни олар «ы»-ны «ı», ал «і»-ні «і» ретінде таңбалауды алға тартады. Олардың дәлелі – түркі халықтарын ортақтастыратын әліпби негізінде бірыңғайластыру. Мәселен, түрік және әзірбайжан әліпбилерінде «ы» дыбысы «ı» таңбасымен ұсынылады. Ал түркімендерде «ы» дыбысы «y» ретінде берілген. Бұл жерде ескеретін жайт,«ы» және «і» дыбыстарының қолданылу жиілігі. Түрік пен әзірбайжанда «і» дыбысы қолданылмайды. Ал қазақ тіліндегі «ы» мен «і» дыбыстарының өзге түркі тілдес халықтарға қарағанда дыбысталу жиілігі жоғары. Егер «ы»-ны «ı» таңбасына ауыстыратын жағдайда көптеген сөздерді қарапайым халық дұрыс қабылдай алмайды (алғашқы әліпби жобасында мұндай жағдай орын алғанын ескеру керек). Мәселен, «сығу», «Сыдық» деген сөздерді жазсақ, жіңішке түрінде оқымысына кім кепіл. Бұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Санада кирилл (орыс) әліпбиі орнығып, дағдыланып қалған көпшілікке қиындық келтіріп, сөз оқылымының өзгеріске түсуіне әкеледі. Сондықтан бұл таңба қоғам тарапынан қолдау табуы да екіталай. Негізінен екінші топтың ұсынған таңбасын қабылдаған жөн, яғни «ы» дыбысын «у» таңбасымен берген дұрыс. Біріншіден, ол қабылдауға жеңіл болса, екіншіден, бірқатар Батыс Еуропа елдерінде де осы таңба «ы» дыбысының орнына жүреді. Бұл өзге халықтардың да, шетелдегі қандастарымыздың да еш қиындықсыз қазақ тілі сөздерін оқуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, жазу барысында екіұшты мағына білдіретін сөздерден құтылар едік.

Аталған таңбаға қарсылар кей сөздерді жазу барысында (мысалы, ыдыстың – уdystyŋ, ысқырғыштың – ysԛyrǧyştyŋ, ызаның – yzanyŋ, ыстың – ystyŋ,ынтымақтың – yntymaԛtyŋ) төмен қарай созылған әріптер көбейіп кетеді деген уәж айтады. «Ы» дыбысын латынның «у»-мен таңбалағанда, жоғарыдағы сөздердің жазылуынан байқағанымыздай, көз шалымға жеңіл, жылдам қабылданады және оқу жылдамдығы да артады. Сонымен қатар «ы» дыбысын латынның «у» әрпімен таңбалағанда, графикалық, фонетикалық, статикалық негіздемелері толығымен реттелгені көрінеді.

Қысқасы, қай таңбаны қабылдасақ та, қандай шешім шығарсақ та, қарапайым халықтың, өсіп келе жатқан жас жеткіншектің танымын ескеріп, «жеті рет өлшеп, бір рет пішіп»,оң қадам жасалса болғаны…

Қуаныш Ерғалиев




12 thoughts on “«Ы» дыбысының таңбасы неге талас тудырып жүр?

  1. Данияр

    Қуаныш Ерғалиев, бүкіл әлемде Yy әрібі Йй дыбысын білдіреді. (Олардын ішінде түрік халықтар Түркия, Әзірбайжан, Өзбектер) Тек ғана латынша жазатын славян елдерде осы әріппен Ыы дыбысты белгілейді. Біз өз алфавитімізді неге қайтадан орыстармен араласуымыз керек? Түріктермен бірге неге бола алмаймыз? Адам негізі оқығанда әріпті образбен оқиды, сондықтан ЫЫ дыбысты Iı әріппен белгілесек ешкім оны İi әріппен шатаспайды. Сіз не ғылым емессіз не филолог емессіз. Неге осындай мақаланы жазасыз?

  2. Темір

    Қуаныш Ерғалиев деген маман түрік тілінен бейхабар екен. Қарағым, түрік тілінде і — әрпі қазақ тіліндегі і әрпін білдірмейді, Ии дыбысын таңбалайды! түрік тілінде İi мен Iı өте жиі қолданылады. Осыны білмейді мына ғалым. Бірақ бұл бейбаққа жоғарыдан осындай мақаланы жазып жарияла деген секілді. Қайда кетсін.

  3. Берік Харамбаев

    Мына нұсқа дұрысына жақындапты. ӘЛІМХАН ЖҮНІСБЕКОВ ДЕГЕН НАҒЫЗ ҒАЛЫМ ФОНЕТИКАМЕНЫ ЖАҚСЫ БІЛЕТІН МАМАН ОСЫЛАРДЫ ИТЕРІП ОТЫРЫП УМЛЯУЫТТЫ МОЙНДАТТЫ, ЕНДІ БӘРІБІР ӨЗДЕРІНІҢ САУТСЫЗДЫҒЫН ТЫҚПАЛАП ЖАТЫР. ЕГЕР ОРЫС ҺӘМ БАСҚА ДА СЛАВЯН ТІЛДЕРІНДЕ YY — ЫЫ ДЫБЫСЫН БЕЛГІЛЕСЕ, ОНЫ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ЕНГІЗУ КЕРЕК ДЕГЕНДІ ҚОЙЫНДАР!
    ТАҒЫ БІР, МІНЕ ТӨРТІНШІ РЕТ САУАТСЫЗ НҰҚСАҒА ИТЕРМЕЛЕП ТҰРСЫЗДАР.
    AA — ÄÄ, OO — ÖÖ, UU — ÜÜ, ЕНДІ БІР СЫҢАРЛЫ ЖҰП — İİ — II , АЛ ЙЙ — YY БОЛҒАНДА БӘРІ ӨЗ ОРНЫНА КЕЛЕДІ.

  4. Берік Харамбаев

    Мына нұсқа дұрысына жақындапты. ӘЛІМХАН ЖҮНІСБЕКОВ ДЕГЕН НАҒЫЗ ҒАЛЫМ ФОНЕТИКАМЕНЫ ЖАҚСЫ БІЛЕТІН МАМАН ОСЫЛАРДЫ ИТЕРІП ОТЫРЫП УМЛЯУЫТТЫ МОЙНДАТТЫ, ЕНДІ БӘРІБІР ӨЗДЕРІНІҢ САУТСЫЗДЫҒЫН ТЫҚПАЛАП ЖАТЫР. ЕГЕР ОРЫС ҺӘМ БАСҚА ДА СЛАВЯН ТІЛДЕРІНДЕ YY — ЫЫ ДЫБЫСЫН БЕЛГІЛЕСЕ, ОНЫ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ЕНГІЗУ КЕРЕК ДЕГЕНДІ ҚОЙЫНДАР!
    ТАҒЫ БІР, МІНЕ ТӨРТІНШІ РЕТ САУАТСЫЗ НҰҚСАҒА ИТЕРМЕЛЕП ТҰРСЫЗДАР.
    AA — ÄÄ, OO — ÖÖ, UU — ÜÜ, ЕНДІ БІР ЖҰП — İİ — II , АЛ ЙЙ — YY БОЛҒАНДА БӘРІ ӨЗ ОРНЫНА КЕЛЕДІ.

  5. Аydın

    Yy — славян тілдерінде Ыы дыбысын белгілесе де, латын әліпбиінде дауыссыз екенін біледі ме екен ғалымдар? Жоғарыда Данияр деген азаматтың дазғанымен толық келісемін.
    Менің ойымша ешкім тыңдайтын түрі жоқ.
    Алдындағы үш қатеге толы нұсқалардың тағдырын осы төртінші қайталайын деп отыр. Бірақ осыдан кейін латын әліпбиіне көші мәселесі өзімен қалады, себебі мына тупизмді әрі қарай жалғастыруға бомайды.
    Ақымет Байтұрсынұлының төте жазу әліпбиінде Іі дыбысы мен Ыы дыбысы бір әріппен белгіленгені жай емес, бұл бір дыбыс, тек біріншісі жіңішке, ал екіншісі жуан. мына мақаланың авторы Ақыметтің төте жазуынан хабар жоқ секілді.

  6. Asqar

    Quanış Erğaliyev tömendegidey bolsa şe ?

    ыдыстың – ıdıstıñ,
    ысқырғыштың – ısqırǧıştıñ,
    ызаның – ızanıñ,
    ыстың – ıstıñ,
    ынтымақтың – ıntımaԛtıñ

  7. Арман

    Мәселен, «сығу», «Сыдық» деген сөздерді жазсақ, жіңішке түрінде оқымысына кім кепіл.
    30 жылдары сол кездегі қараңғы түріктер ала кеткен әліпбидідегі ii — ıı әріптерін қазақ әкете алмайды ма?
    жіңішке сығу мен сыдықты кім білмейді, бәрі біледі: sığu , Sıdıq қай жері Қуаныш Ерғалиев ұялып тұрғаны сөздерге ұқсайды, ә? — жазайын, қараңыздар : sigu men sidik Ұқсамайды, ұялшақ ғалым!

    Бұл ұялшақтық па әлде фонетикалық білімдерінің таяздығы ма?

  8. Аскер

    Ештеңені талдамаймын, бір шындықты орталарыңызға салйын. масқараны масқарасы. Бұл жерде тіліміздің , әліпбиіміздің тағдыры емес. «Тіл — қазына» орталығы мен А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының өзара текетіресі мен бәсекелестігі. Шынына келгенде, қазақ әліпбиін латынға көшіруде Тіл білімі институты алдыңғы қатарда болып, солардың ұсыныстары біріншіден ескерілу керек, бірақ оларға «Тіл — қазына» орталығы бой бермей, өздерінікін істетпекші. Бұл Ербол Тілешовтың үшінші қате нұқсасы болады, бірақ ол кісі алдына Анар Фазылжанова деген ғалымды салып қойып өзі сырттан бақылап отыр жағдайды.

    Қарап отырсаңдар, барлық талқылаулар мен отырыстар «Тіл — қазына» ұйымдастырып жүр, себебі соны ұйымдастыруға Тіл комитеті арқылы қаржыландырылады тиісті бағдарламалар аясында. Латын әліпбиіне бөлінген қаражат «Тіл — қазына» орталығына құйылып жатыр.Бұл туралы жеке мақала әзірленуде және аталмыш орталыққа аудит жасайтын кез келді.

    Ал мына Қуаныш Ерғалиев сияқты ғалымдар сол «Тіл — қазына» орталығының тапсырмасымен я болмаса нұсқауымен осындай мақалаларды жазып жатыр да, түрлі кәзет беттерінде жариялап жатыр да, Интернетте толып кетті. Яғни өзінікін істеткіземіз деп жатыр аталмыш орталық. Көреміз не боларын.

  9. Jomart Niyazov

    Қуаныш Ерғалиев:Олардың дәлелі – түркі халықтарын ортақтастыратын әліпби негізінде бірыңғайластыру.

    Қазақ тілі үшін латын негізіндегі әліпбиді жасаған кезде түркі халықтарын жақын болсын деген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенты, Елмасы Нұсұлтан Назарбаев емес пе?
    Әлде Сіз қарсысыз ба?
    «Оларың» кім сонда? А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты ма? «Оларың» сонда филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбеков па?

    Сонда сіздер і әрпімен дауысты і дыбысы мен дауыссыз (нонсенс!) й дыбысын танбалайтын ойларыңыз бар ма?

    Не дейін енді.
    No comments!

  10. Болат Смагулов

    Мен мына кісінің жазғанымен келіспеймін. Соның бірнеше себебі бар: 1) «оның сөз, не сөйлем құрамында келгендегі эстетикалық жағын, яғни көзге «жылы» көрінуін де басты назарда ұстау керек», деп жазады. Енді мысал келтірейік: şapqynşylyq (ŞAPQYNŞYLYQ), şytyrman (ŞYTYRMAN), şylaū (ŞYLAŪ). «Жылы» көрінбейді деп ойлаймын. Авторға «көз шалымға жеңіл» көрінгеніне таңғаламын. Салыстырып көрейік: şapqınşılıq (ŞAPQINŞILIQ), şıtırman (ŞITIRMAN), şılaū (ŞILAŪ). 2) «Түрік пен әзірбайжанда «і» дыбысы қолданылмайды», деп жазады. Сонымен келісуге болмайды. Керісінше, «і» түрік тілінде жиі қолданылады, мысалы, BİRİNCİ (бірінші), İKİNCİ (екінші), İRİN (ірің), İN (ін), DİL (тіл), GEMİ (кеме). Түрік тілінде қазақтың И (ій) де бар, мысалы, askerî (әскери), dinî (діни). Менің ойымша, «…жуанды-жіңішкелі нұсқасы секілді «ы» мен «і» дыбыстарын да жұптап беруді ұсынғандар» дұрыс айтады.

  11. Адиль Битлесов

    Кеше ғана Әлімхан Жүнісбек бұл туралы бәрін түсіндіріп берді. Неге қайта-қайта сол сандырақ «сығу», «Сыдық», «шығыс» айта береді? «sığuw», «Sıdıq», «şığıs» деп жазылатын болады. Мұнда алғашқы әліпби жобасын ескерудің еш қажеті жоқ. Алғашқы әліпби жобасы диаграфтар негізінде болған. «Сәбіз» — Saebiz сияқты…

  12. Jarylqap Jarylqasyn

    Ыы-Yy алудың ешқандай ғылыми негізін таппадым. Сол екі сөз үшін (шығыс, шығу) Yy таңдау ақылға қонымсыз. Ы дыбыс сөз арасында жиі келеді, жинақы болу үшін Iı дұрыс. Екіншіден Yy сөз арасында жиі кездесуі ұсқынсыз көрінеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *