Нұр-Сұлтандағы коронавирус жұқтырған адамдардан инфекцияның клиникалық белгілері анықталмады – Сәуле Қисықова

356

Елорда коронавирус жұқтырған адамдардың саны 14-ке жетті. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова ОКҚ-да өткен онлайн брифингте Науқастардың жағдайы жайлы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Бүгін, яғни 17 наурыз күні коронавирус жұқтырған 14 қазақстандық анықталды. Олардың ішінде 5-еуі стационарда инфекциялық бөлімде жатқан азаматтар болатын. Сондай-ақ, 4 адам Италия, Оңтүстік Корея елдеріне кетіп бара жатқан рейстерден түсіріліп қалды. Олардың жағдайы ойдағыдай, клиникалық белгілері анықталған жоқ», — дейді Сәуле Қисықова. Ол сөз арасында науқастар жайлы толығырақ мәлімет беріп өтті.

«Бір пациент инфекциялық блокта жедел респираторлық вирустық инфекциялы орта дәрежелі ағымы диагнозымен жатыр. Тексеру барысында коронавирус жұқтырғаны анықталды. Жағдайы орташа деңгейлі. Ал қалған 9 адам эпидемиологиялық ахуалы нашар елдерден келуіне, сол сияқты жұқтырған азаматтармен қарым-қатынаста болуына байланысты мониторинг барысында анықталды. Олардың да жағдайы ойдағыдай. Клиникалық белгілері байқалған жоқ. Науқастардың бәрі Нұр-Сұлтан қаласындағы көпбейінді медициналық орталықтағы инфекциялық стационарларға жатқызылды», — дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша қазіргі уақытта эпидемиологиялық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Жаңа оқиғалар анықталған жағдайда олардың ары қарайғы тексеру, изоляциялау немесе үй карантиніне жатқызу жұмысы қарастырылады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *