«Үздік қазақ романына» бәйге жарияланды

388

«Алтын қалам» әдеби жүлдесі жаңа маусымын бастады.

ХХ ғасырдың жастары (90-жылдарға дейін) қазақ әдебиетінің ірі тұлғалары  М.Әуезов, С.Мұқанов, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин басқа да талантты қаламгерлердің әр шығармасын оқып, шығармадағы басты кейіпкерге еліктеп өсті, азамат ретінде қалыптасты. Ал ХХI ғасырдың жастары қандай кітап оқып жүр, жаңа ғасырда жаңа романдар жазылып жатыр ма? Көптің назарын осынау маңызды мәселеге аудару мақсатында «Алтын қалам 2020» әдеби жүлдесі  «Үздік қазақ романына» бәйге жариялайды. Үздік шығарманың авторына  1 000 000 теңге сыйақы тағайындалды.

Байқауға қазақ және орыс тілінде жазылған жұмыстар наурыздың 15-нен бастап, қыркүйектің 15-не дейін қабылданады. Оқырмандар қазан айының 1-не дейін дауыс бере алады. Әдеби туындыларды ұйымдастыру комитетінің adebiet2014@gmail.com,   kenze2002@mail.ru электрондық поштасына жолдауға болады. Конкурс жайлы толық мәліметті  жүлденің www.akalam.kz ресми сайтынан біле аласыздар. Сайысқа түскен барлық шығарма аталған сайтта орналастырылады.

 Оқырмандар төмендегі аталымдар бойынша дауыс береді: 

  1. Жылдың үздік поэзиясы
  2. Жылдың үздік прозасы
  3. ДАРАБОЗ. Жылдың үздік балалар және жасөспірімдер шығармасы
  4. Есенжол Домбаев атындағы жылдың үздік сатирасы
  5. Жылдың үздік фантастика және детектив шығармасы
  6. Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы
  7. Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін
  8. Есенқұл Маманұлы атындағы сыйлық қазақ тіліндегі үздік романға беріледі.

Алғашқы кезеңде шығармалар www.akalam.kz веб-сайтында іріктеледі. Оқырмандар өзіне ұнаған жұмысқа дауыс бере алады. www.akalam.kz сайтындағы онлайын-дауыс беру 6 ай бойы жалғасады. Дауыс беру аяқталған соң, әр аталым бойынша 5 шығарма таңдап алынады. Сайыстың екінші кезеңіне оқырмандар тарапынан ең көп ұпай жинаған шығармалар өтеді. Одан кейін жүлдені ұйымдастырушылар мен жоба серіктестерінен құралған қазылар әрбір номинация бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Өткен жылдардағыдай сайыс барысында шығарма авторлары көрсетілмейді.

Есенқұл Маманұлы атындағы бас жүлде — 1 000 000 (1 млн) теңге қазақ тілінде жазылған үздік романның авторына бұйырады. Сонымен қатар балалар әдебиетіне арналған «Дарабоз» байқауының жеңімпазына — 1 000 000 (1 млн) теңге беріледі. Қаржылай сыйлықтарды  «ZHERSU»  инвестициялық-өндірістік корпорациясының жетекшісі Бауыржан Оспанов тағайындап отыр.

«Алтын қалам 2020» әдеби жүлдесі жеңімпаздарының есімдері күзде өтетін  марапаттау шарасында жарияланады.

Досжан Балабекұлы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *