Алматыда бүгіннен бастап қосымша шектеу шаралары енгізілді

350

Адамдардың жаппай жиналуын және Алматы қаласының аумағында короновирустық инфекцияның (COVID-19) таралуын болдырмау үшін Алматы қаласының Жедел штабы ҚР Президентінің жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссияның келісімімен ағымдағы жылдың 26 наурызынан бастап, бұрын белгіленген шектеулерді сақтай отырып, қосымша шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады,  — деп хабарлайды Алматы қаласы əкімдігінің баспасөз қызметі.

Осылайша, төтенше жағдай аясында, карантин режимі кезеңінде Алматы қаласында ағымдағы жылдың 26 наурызынан бастап қоса алғанда келесі сауда және қызмет көрсету нысандарының жұмысы тоқтатылуы тиіс:

— азық-түлік емес сауда орындары (2000 шаршы метрден кем), жеке тұрған азық-түлік емес дүкендер, сондай-ақ автосалондар, авто қосалқы бөлшектер сататын салондар және гүл павильондары;

— қызмет көрсету саласының нысандары: химиялық тазалау, кір жуу орындары, фотоателье, фотосалондар, оптика, ломбард, жылжымайтын мүлік агенттігі, көлік жуу, техникалық қызмет көрсету станциялары;

Сондай-ақ санитарлық-эпидемияға қарсы шараларды күшейте отырып қоғамдық тамақтану нысандарында «клиенттерге жеткізіп беру» қағидасы (22.00-ге дейін) бойынша осыған дейін бекітілген жұмыс тәртібі сақталады.

Сонымен бірге мынадай нысандар жабылды:

— азық-түлік сатпайтын сауда базарлары;

— азық-түлік пен дәрі-дәрімек сататын нысандарды қоспағанда, ірі сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, олардың аумағында және жеке орналасқан кинотеатрлар, балалар орталықтары, кез-келген басқа көңіл көтеретін орталықтар (бильярд залдары, караоке, боулинг орталықтары, компьютер және интернет-клубтар және басқалары);

— кейбір қызмет көрсету нысандары: сұлулық салоны, шаштараз, массаж кабинеттері, моншалар, сауналар, СПА орталықтары, аквапарктер, бассейндер, солярий (күншуақ), тир ататын атыс алаңдары, фитнес-залдар, жаттығу залдары, сондай-ақ, йогамен айналысатын залдар, спорт клубтары және басқалары.

Сонымен қатар, қалада азық-түлік тауарларын, дәрі-дәрмек препараттарын сататын нысандар және жоғарыда аталған шектеулер қолданылмайтын басқа да объектілер жұмысын жалғастыруда.

Бұл шаралардың барлығы Алматыда қозғалыс белсенділігін төмендету арқылы қала тұрғындарын COVID-19 вирусын жұқтырудан барынша қорғауды күшейтуге бағытталған. Сонымен бірге COVID-19 таралуын болдырмау бойынша шет елдердегі сәтті мысалдар ескерілді.

Алматы қаласының әкімдігі қаланың барлық тұрғындары мен компанияларын санитарлық және дезинфекциялық шараларды сақтай отырып, барынша оқшаулануға және қашықтан жұмыс істеу режиміне көшуге шақырады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *