Коронавирус… «Қалаулым» және  «ақпараттық соғыс»

341

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли кеше «Қалаулым», «Қалаулым сен» бағдарламасына қатысты «халықтың пікірі ескеріліп, арналардың да саясатына нұқсан келтірмей, тиісті шешім шығарылатынын» айтты.

Расында да, бұл уақытқа дейін «Қалаулым» бағдарламасын жабу туралы қаншама адам айтты және жазды. Бірақ елең қылған шенеуніктің бірі  жоқ. Халықты алаңдатқан мәселе осы саланың басшысы болып табылатын басшыға де айтылды. Бірақ шешімін таппады. Кеше  бұл ақпарат Президент Тоқаевқа жетті. Бірақ…

«Бұл мемлекет басшысы араласатын мәселе ме» деп жатқандар бар. Түсінуіміз керек, ұлттық құндылық пен қаймағы бұзылмаған қазақы салт-дәстүрге сұмдық зардабын тигізетін мұндай бағдарламалар жабылуы керек. Әрине, оны жабу оңайға соқпайды. Артында алапат медиакүштер тұр. Байқағаным, қазірдің өзінде сұмдық ақпараттық қарсы шабуыл, мылтықсыз майдан басталып кеткенге ұқсайды. «Қалаулымды» қалдыру керек» деп желіде топтап жазып жатқандар да бар. Бұл арнайы тапсырыс па?

Қазір коронавируске қарсы бүкіл ел, билік күресіп жатыр.

Ал бүкіл болашағыңды, келешек жас ұрпақтың санасын улап, қазақы менталитеттен адыра қалдыратын қатері алапат «баяу жарылатын бомба» іспеттес мұндай бағдарлама коронавирустан да қауіпті.

Ата сақалы аузына түскен ақсақалдың үйленетін қыз іздеп, «Қалаулымға» барғаны қазаққа тән қастерлі құндылық па, еді? Ұят! Санасы таза өсімтал жас буын осыны көріп өсу  керек пе, еді?!

Біреудің қаңсығы, бізге қашанғы таңсық болады?!

Ал коронавирус қатерінен сақтану ең алдымен өзімізге байланысты. Бұл кезеңнен  аман-есен тезірек өтейік. Бірақ жас ұрпағыңды дүбәрә қылатын, санасын улайтын мұндай бағдарламаның зардабы уақыт өте келе  өте ауыр болады.

…Алла тағала ұлтымызды зиянды нәрселерден сақтасын!

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *