Маңызды
Іздеу

Мұрат Бақтиярұлы, сенатор : Шағын және орта бизнеске қатысты ұсыныстар әзірлеп жатырмыз

611

Коронавирус індетінің жаһандық жағдайда етек жаюына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16  наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялады. Бүгінгі күні еліміздің республикалық маңызы бар қалаларымен қоса бірқатар облыс орталықтары да карантинге жабылды. Медицина мамандары мен полиция қызметкерлері күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Карантин енгізілген аймақтарда халықтың күнделікті тұрмысына қажетті нысандар (дүкен, дәріхана және тағы басқа) ғана жұмыс істеп, басқа ұйымдар өз жұмыстарын уақытша тоқтатты. Осы орайда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы елдегі төтенше жағдайға қатысты өз пікірін білдірген болатын.

«Бүкіләлемдік бұл індет көптеген елдерді тығырыққа тіреді. Оның ішінде біздің елді де айналып өткен жоқ. Осыған байланысты елімізде төтенше жағдай енгізіліп, Президент пен Үкімет тарапынан нақты шешімдер қабылданып жатыр. Алдымен екі қала Нұр-Сұлтан мен Алматы, содан соң кешелі бері бірқатар облыс орталықтары да карантинге жабылып жатыр. Бұл дұрыс шешім. Себебі коронавирус індетінен құтылудың бірден бір жолы ол үйден шықпай оқшаулану. Осындай жағдайда алдымен медицина саласы мамандарына негізгі ауыртпалық түсетіні ақиқат. Содан соң полиция қызметкерлері де ерекше рөл атқаруда. Осы мамандардың жұмыстары күшейтілген режимге ауыстырылып, олар 24 сағат бойы тыныштық таппауда. Сонымен қатар халықты азық-түлік және басқа күнделікті қажетті заттармен қамтамасыз етуші қызметкерлердің еңбегін ерекше атап өтіп, алғысымызды білдіреміз. Төтенше жағдайда жұыс істеп жатқан азаматтардың еңбегі ерен», — деді М. Бақтиярұлы.

Ол Сенат депутаттары өз кезегінде медицина мамандарының жалақысын өсіріп, оларға қосымша еңбекақы төлеу ұсынысын қолдайтынын айтып өтті.

«Біраз елдер төтенше жағдайға байланысты шұғыл шешімдер қабылдап жатыр. Соның ішінде тынымсыз еңбек етіп жатқан дәрігерлерге жағдай жасау да бар. Президентіміз бен Үкімет басшысы елде төтенше жағдай енгізілген күннен бастап мәселені назарда ұстауда. Біз сенаторлар өз кезегімізде медицина саласы мамандарының жұмысына құрметпен қарап, оларға көрсетілетін көмекке қатысты ұсынысты бір ауыздан қолдаймыз», — деді ол.

Сонымен қатар депутат Мұрат Бақтиярұлы бүгінде Сенат жұмысының тоқтап тұрмағанын айта келе, жұмыстың қашықтан онлайн түрде жүріп жатқанын алға тартты.

«Біз осы соңғы екі апта көлемінде қашықтан жұмыс істеу режиміне көштік. Заңнамаларды онлайн түрде талқыға салып, арнайы чат арқылы бір- бірімізбен пікір алмасудамыз. Яғни Сенаттың жұмысы тоқтап тұрған жоқ. Айтар болсақ, алдағы сәуір айының 9-ы мен 30-ында бірнеше заңнама қабылданатын болады. Ол заңдар қаржы, ішкі көші-қон және еңбек салаларына қатысты. Аталған салаларға қатысты министрліктің мамандары қажет болған жағдайда біз тек бір маманды немесе әзірлеушіні шақырып, сол кісі арқылы барлық сұрақтарға жауап аламыз немесе ұсынысымызды білдіреміз. Одан да басқа Төрағаның тікелей тапсырмаларын онлайн түрде алып, онлайн түрде жауап берудеміз», — деді сенатор.

Сенатор сонымен қатар еліміздегі төтенше жағдайға байланысты жұмысын тоқтатқан орта және шағын кәсіпкерлікке қатысты өз пікірін білдірді.

«Өкінішке қарай, бұл індет көптеген елдер азаматтарының денсаулығы мен қатар экономикасына да кері әсерін тигізуде. Қазіргі таңда Қазақстанда менің жеке есебім бойынша 1 млн жуық адам жұмысын тоқтатып, үйде отыр. Бұл әрине ауқымды көрсеткіш. Бұған байланысты Үкімет жанынан құрылған арнайы комиссия оның бәрін есептеп, тиісті шараларды қабылдап жатыр. Осыған байланысты сенаторлар да ақылдасу-кеңесу шараларын өткізуде. Ұлттық валютаның құнсыздануы, коронавирус және карантиннің еңгізілуінен шағын және орта бизнеске зор залал келтіруде. 2020 жылдың 1 және 2 тоқсандары үшін Үкімет қосымша құн салығын төлеуден толық босатып, 3 және 4 тоқсандары үшін қосымша құн салығын 6%-7% төмендету жағын қарастырса деймін. Кәсіпкерлерден де көп ұсыныс келіп жатыр. Олардың пікірінше, жұмыс берушілер бюджетке аударатын міндетті зейнетақы жарнасы, жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықтан 6 айға босатса дейді. Бірақ, олар 3,5% көлеміндегі әлеуметтік аударым, 2% міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен 1 % көлеміндегі жарнаны төлей беруге болатынын айтады. Осы ұсыныстар Үкіметке жіберіледі, — деді М. Бақтиярұлы.

                                      Қазақстан Республикасы Парламенті

Сенатының Баспасөз қызметі




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *