ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУДЫҢ ҚЫЗЫҒЫ МЕН ШЫЖЫҒЫ: АУЫЛ МҰҒАЛІМДЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

1571

Төтенше жағдай жариялануына  байланысты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқыту жүйесі енгізілетінін айтты. «Шалғайдағы елді мекендердің оқушылары 4-тоқсанды мектептен оқи алады. Бізде шағын жинақталған, әсіресе, шалғайдағы, өте алыстағы елді мекендердегі мектептер бар. Оларда бала саны өте аз. 20, 40, 50 бала білім алады. Бірақ, үлкен мектептер. Осы мектептер бойынша қазіргі уақытта тиісті шешім қабылдадық. Әрине, эпидемиологиялық жағдайға байланысты әлі де шешімді қарап, керек болса түзетеміз. Бірақ, республика бойынша осындай мектептердің тізімін анықтадық және осы мектептерде қазіргі уақытта тиісті карантиндік шаралар қабылданатын болса, онда сол мектептер өздерінің дәстүрлі форматында жұмысын жалғастыра беруге мүмкіндігі бар», деп ресми мәлімдеме жасады. «Дәстүрлі оқыту жүйесінде қауіпсіздік ережелері сақтала ма?» деген сұрақты өңірдегі мұғалімдерге қойған едік. Ауылдағы білім жүйесінің жай-күйін де айтып берді. 

Гүлжан МАМЫРБЕКОВА, бастауыш сынып мұғалімі (Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Лекер ауылы):

Мектебімізде 69 оқушы бар. 6 сәуірде басталатын қашықтан оқыту жүйесіне дайындалып жатырмыз. Кеше онлайн ата-аналар жиналысын өткіздік. Сынып жетекшілері ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қашықтан оқытудың мақсатын, қалай жүзеге асатынын айтты. Ата-ана баласын таңертең тұрғызып, Elarna мен  balapan арнасындағы онлайн сабаққа қатысуын қамтамасыз етуге міндетті екені айтылды. 10 минут арнадан, 30 минут маршрут парағынан оқиды. Онлайн сабақты көріп болғаннан кейін, сынып жетекшілері өздерінің маршрут парағы арқылы үй тапсырмасын дайындайды. Дайын болған тапсырмаларды арнайы жеткізу қызметіне бекітілген қызметкерлер балалардың ауласына іліп кетеді. Маршрут парақшаларды салатын түрлі сөмке, ыдыстар, пошта жәшігі орнатылып жатыр. Сыртында баланың аты мен сыныбы жазылады. Таңертегі 09.00 10.00 арасында жеткізіп береді. Тапсырманы оқушылар орындап, қайтадан сол сөмкеге салып қояды. Сағат 16.00 17.00 аралығында  жеткізу қызметіндегі адамдар мұғалімнің үйіне апарып береді. Пән мұғалімдері тексеріп, кері байланыс жасайды. Ол kundelik.kz-ке түсіп, баға қойылады. Пікір қалдыру бөліміне жазылады. Whats App желісі арқылы балалар түсінбегенін сұрай алады. Төтенше жағдай кезінде балалар қалаға қыдырып кетпеуін қатаң  қадағаладық. Біздің мектеп шағын болғандықтан, бақылау өте оңай. Өзімнің тәжірибемнен айтайын. Күн сайын балалардан фотоесеп алып отырамын. Уақытты босқа өткізбеу мақсатында түрлі шығармашылықты дамытатын тапсырма беремін. Оқушыларымды республикалық  «Мұрагер», «Сұңқар» онлайн олимпиадасына қатыстырдым. Мектепішілік онлайн  Family day байқауы ұйымдастырылып жатыр. Байқау талабына сәйкес, жасаған жұмыстарын бізге жібереді. Балалар онлайн арқылы Абайдың қара сөзінен түрлі интеллектуал сұрақтар дайындап, бір-біріне эстафета қылып жолдап жатыр. Қашықтан оқытуға ата-аналар да көмектесіп жатыр. Үйдің бөлмесін балалардың сабақ оқуына ыңғайлап, оқу-құралдарымен жабдықтап, маршрут парағын салатын сөмке тігіп, аулаға пошта жәшігін орнатып жатыр. Медицина құралдары жеткілікті. Қолдан маска тігіп, тегін таратып жатырмыз. 

 

Сандуғаш ЕЛЕМЕСОВА, (пікір білдірушінің аты-жөні өзгертілді) ағылшын тілі пәнінің мұғалімі (Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы):

Бұл күтпеген жағдай болды. Дүниежүзі зардап шегіп жатқаны өкінішті. Біз де бір кісідей жұмылып, күресіп жатырмыз. Мектебімізде 670 оқушы бар. Екі мезгіл оқитынбыз. Каникул басталғанда балалар төтенше жағдайдың не екенін түсінбей, қалаға кетіп қалған. Өткен аптада жан-жақтан балаларды алдырттық. 11-сыныпқа жетекшілік етемін. Бір оқушым әпкесінің үйіне қыдырып кеткен еді, екі күннің ішінде үйінде болды. Қазір сынама сабақты бастап жатырмыз. Өткен аптада аудандық білім бөлімінен тапсырма келді. Әр пән мұғалімі видеосабақтар дайындадық. 10-13 минут арасында балаларды жалықтырмау үшін қызықты видеосабақ түсірдік. Сынама сабақта соны пайдаландық. Әріптестермен пікір алмастық. Оқушыларға дұрыс нәтиже болғанымен, біздің өңірде байланыс жағы өте қиын. Жоғары сыныптың оқушыларында ғана смартфон бар. Олармен байланыс орнату оңай. Бастауыш пен орта буынның оқушылары мен пән мұғалімдеріне қиын болып жатыр. Кейбір ата-аналардың өзінде смартфон жоқ. Бір жағдай қатты алаңдатып отыр. 17 оқушысы бар 8-сыныпқа сабақ беремін. Соның 7-еуінде ғана ұялы телефон бар. Қалған оқушылардың ата-анасында қарапайым телефон. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары қайтпек керек?!. Осы мәселені шеше алмай жатырмыз. Маска жетпейді. Үйден тігіп жатырмыз. Балаларды үйден шығармай, бір жерге шоғырландырмай, қауіпсіз ережесін түсіндіруге міндеттіміз.

 

Гүлжан ШӘКЕН, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі (Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Баршақұм ауылы):

Ауылымыз аудан орталығынан шалғайда орналасқан. 11 жылдық мектебімізде 64 оқушы бар. Интернет тек мектепте ғана бар. Бізге дәстүрлі оқыту жүйесі ыңғайлы еді. Балалардың үйінде интернет орнатылмаған. Elarna мен  balapan арнасындағы онлайн сабақ біздің өңірге келмейді. Уақыт белдеуіне де сәйкес емес. Әр өңір түрлі баспаның оқулығымен оқиды. Мектептердің оқытатын бағыты бар. Олармен қалай жұмыс істейді?! Дегенмен арна арқылы онлайн жүйеге қатысуға тырысамыз. Ата-аналар да қадағалап, баласының сабаққа қатысуына жауапты болады. Медицина құралдарының жеткіліксіздігінен дәстүрлі оқыту жүйесіне тәуекел етпей отырмыз. Қарапайым ауыл тұрғындарына дәрі-дәрмек жетпей қалады. Сырқаттансақ дәріні медпункттен емес, көршілерден сұраймыз. Қолдан тігілген масканың да пайдалану ережелерін түсіндіріп жатырмыз. Аудандық білім бөлімімен ақылдасып, әзірге маршрут парағы арқылы оқытуды жоспарлап жатырмыз. Дайындығымыз да жаман емес. Сабақ кестесі бекітілді. Күнтізбелік сабақ жоспарына сәйкес бағдарламамен оқытамыз. Бізде жеткізу қызметі қарастырылмаған. Әріптестеріміздің ұсынысымен өзін-өзі тану, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері мен психолог оқушыларға тапсырманы жеткізуші қызметіне бекітілді. Әр үйдің ауласының сыртында жәшік орнатып жатырмыз. Kundelik.kz жүйесі жүз пайыз толып тұрады. Оны алма-кезек интернетке қосылған директордың компьютеріне отырып, толтырамыз. Өңірдегі басшылықтың берген тапсырмасына сәйкес қашықтан оқуды бастаймыз.

Айзада ШАРИПБАЕВА, бастауыш сынып мұғалімі  (Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Абылай хан мектеп-лицейі):

Сыныбымда 26 оқушы бар. Қашықтан оқытуға дайындалып жатырмыз. Онлайн сабақ өткіздік. Оқушылардың барлығы Classroom-ға тіркелді. Whats App желісін де пайдаланамыз. Сыныпқа арналған ортақ топқа да тапсырмалар жібереміз. Бірақ  Classroom жүйесін көбірек пайдаланамыз. Алғашқы сынама сабақты да өткіздік. Балаларға ұнады. Жүйені пайдалану жөнінде нұсқаулық бердік. Біз үшін тиімді жүйе болып тұр. Сапасы да, қызықты функциялары да балалардың көңілінен шығады. Балалар тапсырманы орындап, кері байланысқа да шығып көрді. Төтенше жағдай кезінде үй жағдайында қауіпсіздік ережесін сақталуын да қадағалаймыз.

 

Раушан ХАРИПОВА, орыс тілі пәнінің мұғалімі, (Атырау облысы, Қызылбалық ауылы)

Қаладан он екі шақырым жердегі ауылда тұрамыз. Мектебімізде 1030 бала бар. Интернет өте жақсы ұстайды. Сыныбымның оқушылары компьютермен жабдықталған. Мұғалімдердің де жағдайы жақсы. Ауыл мектептеріне қиын. Бүгін ата-аналар жиналысын өткіздім. 20 ата-ананың 10-ы  қатысты. Zoom  онлайн жүйесін жетік меңгере алмай жатқандар бар. Ата-аналардан да артық шағым түскен жоқ. Сынып сағатын Zoom жүйесінде өткіздім. Оқушылар топқа жазған сұрақтарыма жауап береді. Қазір телеграм желісін ашуды жоспарлап отырмыз. Балалармен бірге әлеуметтік желіні қолдануды үйреніп жатырмын. Медицина құралдары да жеткілікті.

 

Бибігүл ТАЖИДАЕВА, орыс тілі пәнінің мұғалімі (БҚО, Ақжайық ауданы, Жамбыл ауылы)

– Тоғызжылдық мектебімізде 40 оқушы бар. Ауылымызда байланыс жүйесі әлсіз. Бірақ пән мұғалімі ретінде Classroom жүйесіне қосылдым. Қазір маршрут парағы арқылы оқытуға дайындалып жатырмыз.  Оқушыларды қатаң бақылауда ұстаймыз. Психолог мамандар ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нұсқаулықтармен таныстырды. Сынып жетекшілері ата-аналардан қолхат алды. Баланы сыртқа жұмсауға болмайды. Ауылдық жерде тұрғасын балалар көлдің жағасынан мал іздейді. Қой кезекке барады. Ішетін суды көлден тасиды. Оның барлығына тыйым салдық. Дәстүрлі оқыту жүйесі туралы ештеңе айта алмаймын. Медицина құралдарының бар-жоғын мектеп медбикесі біледі. Бала саны аз, негізгі мектеп болғандықтан, барлық сынып қашықтан түске дейін ғана оқиды.

Дайындаған Гүлдана  НҰРЛЫХАНОВА 

«Ұлан» газеті




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *