Дəурен Абаев: Діни шараларға уақытша тыйым салынады

306

Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев баспасөз брифингінде мәлім етті.

«Сәуір айында біздер үшін маңызды бірқатар діни мейрамдар келе жатыр. Олар: Ораза, православтық және католиктік Пасха, яһудилік Песах және тағы да басқалар. Сөзсіз, олардың барлығы көптеген азаматтар үшін үлкен маңызы бар. Біз дін ұстанушы азаматтарымыздың діни сеніміне зор құрметпен қараймыз. Алайда коронавирус індеті барлық адамның денсаулығына, өміріне қауіп төндіруде. Сол үшін көптеген елдер эпидемияға қарсы бұрын-соңды болмаған шектеулер енгізуде. Вирус таралмауы үшін адамдар жиналатын барлық шараларға, оның ішінде діни шараларға да уақытша тыйым салынады. Себебі бұл діни шаралар кезінде адамдар ғибадат орындарына барып, туыстарымен, жақындарымен жиналады. Бірге мазар басына барады, одан да басқа әртүрлі мәдени-көпшілік шаралар болады», — деді министр.

Азаматтардың денсаулығы басты орында, сол себепті министр тұрғындарға қабылданып жатқан шараларға түсіністікпен қарауға шақырды.

«Сол үшін қазіргідей күрделі уақытта ең басты мәселе – адамның денсаулығы мен амандығы. Ешқандай дін адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенді мақұлдамайды. Осы ретте барлық діни және этно-мәдени ұйымдардың басшылары мен азаматтарды түсіністік танытуға шақырамыз. Діни мейрам кезінде карантин режімін сақтауды сұраймыз. Діни бірлестіктерге мерекелік діни рәсімдерді онлайн режімде өткізуге ұсынамыз», — деді Дәурен Абаев.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *