ҚАШЫҚТАН ҚАЛАЙ ОҚИМЫЗ? БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІНІҢ ТҮСІНДІРМЕСІ

717

Коронавирус инфекциясының таралу қаупіне байланысты 16 наурыз – 5 сәуір аралығында оқушылар тоқсандық демалысқа жіберілді. Ал 6 сәуір күні IV тоқсан басталады. Дүйсенбіден бастап 3 миллион оқушы 4 түрлі тетік бойынша қашықтан оқу жүйесіне көшеді. Демек, мектепке бармай, тапсырмаларды үйден орындаймыз. Сабақтың қандай форматта өтетінін түсіндіру үшін республика бойынша 1 сәуірде сынама сабақ, 2 сәуірде ата-аналар жиналысы, 3 сәуірде сынып сағаты өтті. Сендер де сынама сабаққа қатысып, ата-аналарың жиналысқа қатысқан шығар? Қашықтан оқуға дайынсыңдар ма?

Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов онлайн-брифинг өткізіп, сынама сабақтың, жиналыстың қалай өткенін, қандай қиындықтар кездескенін, оны шешу жолын айтты. Осы уақытқа дейін кәсіптік білім беру мен жоғары оқу орындарында қашықтан оқыту тәжірибесі болғанымен, орта білім беруде, яғни сендер оқитын мектепте мұндай тәжірибе болмаған. «Мемлекеттік заңда да бұл мәселе қарастырылмаған. Орта білім беретін мекемелер техникалық база жағынан қашықтан оқытуға дайын болмағандықтан, басты назарды осыған аудардық», – деді Білім және ғылым министрі брифингте.

 

ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУДЫҢ 4 БАҒЫТЫ

Оқу бағдарламасын үйде меңгерудің, оқытушымен байланыс жасаудың түрлі тәсілі бар. Білім және ғылым министрлігі сендер демалыста болғанда қашықтан оқытудың түрлі жолын іздеп, сынақтан өткізді.

  1. Телеарналар арқылы оқу. Компьютер, ноутбук, смартфон мен планшет әркімде болмауы мүмкін. Бірақ бәріміздің үйімізде теледидар бар шығар? Олай болса, Elarna және Balapan арналарын қосып, сабақ оқуға болады. Екі телеарна екі тілде сабақ өтетін болады. Телевизиялық сабақтар дүйсенбі-жұма күндері 09:00-15:00 аралығында белгіленген кесте бойынша өтеді. IV тоқсанды толық қамту үшін 1-11 сынып оқушыларына 3360 бейнесабақ түсірілуі керек. Министрдің айтуынша, қазір 500 сабақ дайын. Видеосабақтар ең басты пәндерді ғана қамтиды және оқулық пен типтік оқыту жүйесіне сай жасалады. Әр видеосабақтың ұзақтығы – 10 минут. Видеосабақты көрген соң оқулық бойынша оқып, берілген тапсырмаларды орындауың керек. Сосын мұғаліммен кері байланыс жасап, тапсырмаңды тексертіп, білмеген жеріңді сұрауға болады.

Видеосабақтар телеарнадан көрсетілген соң арнайы интернет платформаға да жүктеледі. Егер сабақты жіберіп алсаң немесе дұрыс түсінбей қалсаң, интернеттен қайта көре аласың. Ұстаздар қауымы бұрын мұндай тәжірибе болмағанына қарамастан, видеосабаққа түсіп, сендер үшін жаңа форматқа ауысып жатыр.

  1. Радиоарналар арқылы оқу. Кейбір елді мекендерге телеарна сигналы жетпесе де, радио бар екені анықталған. Сондықтан министрлік «Қазақ радиолары» арқылы келісімге келіп, аудиосабақтар дайындады. Оқытушылар сабақты радиоарналарда дәріс арқылы түсіндіреді. Теледидар да, радио да тек қосымша құрал ретінде қолданылады. Негізгі сабақ оқулық пен ұстаздар арқылы жүзеге асырылады.
  2. Пошта арқылы білім беру. Қазақстанда 1200-ге жуық өте шағын елді мекен бар. Ол жерде мектеп жоқ. Мұндай жерде тұратын оқушылар көрші ауылдың мектебіне барып оқитын. Алдағы уақытта оларды оқыту пошта қызметі арқылы жүзеге асады. Оқушыларға тапсырма пошта арқылы жіберіледі. Сәйкесінше, орындалған тапсырманың жауаптарын қайта пошта арқылы жолдау керек.
  3. Интернет арқылы оқыту. Министр брифингте онлайн оқыту мен қашықтан оқытудың бір емес екенін айтты. Онлайн оқыту тек интернеттің көмегімен жүзеге асады. Ал қашықтан оқыту интернетпен бірге теледидар, радио, пошта, түрлі мессенджерді де қамтиды.

Қашықтан оқыту үшін бірнеше отандық интернет платформа әзірленді. Министрлік бекіткен тізімдегі ресурстар сендер үшін ашық әрі тегін болады. Атап айтсақ, Bilimland, Dаryn-online, Kundelik.kz жүйесінің ыңғайлы әрі тиімді екенін анықталған. Әр ұжым біреуін таңдап, жоспарға сай білім беретін болады. Осы орайда Kundelik.kz жақсы жұмыс істеп жатыр. Кесте, идеосабақтар, тақырып пен тапсырмалар, кері байланс бәрі қамтылған.

Dаryn-online жүйесіне 300 мың бала тіркелген. Оқушылар мен ұстаздар бұл платформаны каникулға қарамастан қолданып жатыр екен. Ал Bilimland көптен қолданыста болғанына қарамастан, қайта жетілдіріліп, өзгерту жұмыстары жүргізілген. Бұл платформаға 390 мың бала тіркелген. Мұнда 40 мың видео бар. Телеарнада көрсетілетін видеосабақар да осында құйылады. Аталған интернет платформаларға тіркелу, қызметін қолдану толығымен тегін.

 

ҚАШЫҚТАН ОҚЫМАЙТЫН МЕКТЕПТЕР ДЕ БАР

Мүлде интернет жоқ, байланысу қиын ауылдар да бар. Мұндай елді мекендердегі мектептер барлық сақтық шарасын сақтап, күндізгі оқытуды жалғастыра береді. Министрдің айтуынша, оқушы саны жүзден аспайтын 1080 мектеп анықталған. Қауіп аз болғандықтан мұндай мектептер штатты режимде оқуын жалғастырады. Жергілікті атқару органдарының ұсынысымен осындай шешім қабылданған. Бірақ мұндай мектепте санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуы қадағаланады. Оқуды күндізгі нысанда жалғастыратындар үшін бір сабақтың ұзақтығы 45 емес, 30 минутқа қысқартылады. Бір ауысыммен оқитын мектептер екі ауысымға бөлініп, оқушылардың тек бір кабинетте отырып оқуы қадағаланады.

 

ОҚУШЫЛАР ИНТЕРНЕТ, ТЕХНИКАМЕН ҚАЛАЙ ҚАМТЫЛАДЫ?

Министрдің мәліметінше, қазір қаладағы оқушылар саны 2 миллион, ал аудан орталығында оқитындар 500 мың екен. Бірақ олардың барлығы бірдей интернетке қосылмаған. Қашықтан оқыту үшін әр мектепке мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде оқушының үйінде интернет, компьютер, ноутбук, планшет, смартфонның бар-жоғы анықталды.

«Онлайн оқытуды енгізуде екі қиындық кездесті. Бірі – техниканың жетіспеуі, екіншісі – интернеттің жоқтығы»,- деді министр. Оқушылар тоқсандық демалыста болғанда бұл мәселелерді шешу жолдары қарастырылды.

«Маңызды мәселе – оқушыларға техникалық қолдау көрсету. 5 миллионға жуық оқушы мен педагогке техникалық-методологиялық қолдау керек», – деген Асхат Аймағамбетов алғашқы мәселені шешудің екі жолын ұсынды. Оқушыларды техникамен қамтудың бірінші жолы – қашықтан оқуға мүмкіндігі жоқ оқушылардың тізімі жасап, көпбалалыларға, бірнеше баласы мектепте оқитын үйлерге компьютер мектеп қазынасынан уақытша пайдалануға беру. Бүгінге дейін мектеп балансындағы 120 мың компьютер тааратылды. Әрине, мектептегі техника барлығын бірдей қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан, екінші тәсіл – қосымша техника құралдарын сатып алып тарату. Министрдің айтуынша, 80 мың жаңа компьютер сатып алуға қаржы бөлінген. Алматы қаласында 10 мың компьютер сатып алынған. Бірақ, жергілікті дүкендерде тауардың жетіспеушілігі байқалады екен. Алдағы уақытта бұл мәселені шешу үшін жұмыс істейміз дейді министр. Интернеті жоқтарға Алматы бойынша 4220 роутер, елордада 5583 роутер таратылған.

Жас дос, егер саған мектеп әкімшілігі осындай техникалық құрал-жабдық берген болса, мемлекет мүлкіне жауапкершілікпен қарағаның дұрыс. Саған сапалы білім алуға мүмкіндік жасап тұрғанда сабақты да уақтылы орындап, үздік оқуға тырысуың керек. Қашықтан оқыту басталған соң бекітілген кестеге сәйкес теледидардағы бейнесабақтарды уақтылы, мұқият тыңдап, тапсырмаларды орындауларың керек. Себебі сабақтардың уақтылы өтуін және оқушылардың үлгерімін бақылау департаменті қадағалап отырады. Ұстазың айтқан интернет платформадағы ресурстарға кіріп, тапсырманы алуды үйреніп, түсінбеген сұрақтарды Whats App арқылы мұғалімге тікелей қоюға болады. Видеобайланысқа шыққан уақытта да ұстаздардың айтқан мерзімінде кіріп, уақытты үнемдеуді үйрену керек.

Егер қандай да бір мәселе туындаса, ұстазыңмен, мектеп әкімшілігімен байланыса аласың. Ал қашықтан оқыту тәртібі туралы қосымша сұрақтарың немесе түсінбеген нәрсең болса, 1450 call-орталығына хабарласып, кеңес алуға болатынын естеріңе саламыз.

 

ОҚУШЫ МЕН МҰҒАЛІМДІ ТЕКСЕРУ ТОҚТАТЫЛАДЫ

«1 сәуірде 1 миллион 250 мың оқушы тікелей эфирдегі сабаққа, 2,5 миллион бала сынама сабаққа қатысты. Дайындық жақсы, ұстаздарға рақмет. Олар аз уақыттың ішінде шеберлігін шыңдап жаңа жүйеге икемделе білді. Оқушылар мұғалімін сағынғаны көрініп тұр. Мұның бәрі уақытша, өтпелі екенін ұмытпайық»,- деген үндеу тастаған министр ұстаздар қауымын есеп беруден босату туралы бұйрық шыққанын айтты.

«Онлайн оқыту көп қолданушының қосылғанын көтере алмайды. Сынама сабақ пен ата-аналар жиналысы осыны көрсеті. Техникалық ақау көп болғандықтан, онлайннан гөрі қашықтан оқыту пайдалы. Онлайн оқуды міндеттемеу керек. Бақылау басқармаларының тарапынан тексеру жұмыстары тоқтатылды. Мұғалімдерден сынып журналынан басқа ешнәрсе талап етілмейді. Бұрын ұстаздардан сабақ өткені туралы скриншот, видеоға түсірілген дәлел талап етілетін.  Енді мұндай мәселеге жол бермейміз. Бақылау басқармалары мен департаменттерге тапсырма берілді. Біз ұстаздарға сенеміз»,- деді Асхат Аймағамбетов.

Енді дәстүрлі оқу кестесі де болмайды. Әркім өзіне ыңғайлы уақытта үй тапсырмасын орындайды. Сегізде «қазақ тілі», тоғызда «орыс тілі» сабағы деген ереже жоқ. Бірақ, тапсырманы уақытында өткізіп үлгеру керек. ПӘн мұғалімі кері байланс үшін кез келген әдісті қолдана алады. WhatsApp, электронды пошта, қайсысын қолданса да шектеу жоқ. Оқушы мен ұстаздың еңбегі мен білімі жинақтық бақылауда тексеріледі. Сәйкесінше, үйде сабақ оқығанда мектеп формасын кию де міндетті емес. Қазір әлемде 167 мемлекет қашықтан оқытып жатыр. Қазақстанда бұрын мұндай тәжірибе болмаса да, дәл қазір осы жүйеге көшуге мәжбүрміз.

 Жас дос, қашықтан оқыту кезінде сендерді ақпаратпен қамтуға тырысамыз. Сендер де үйде сабақты уақтылы орындап, IV тоқсандағы оқу бағдарламасын жақсылап меңгеріп алуға тырысыңдар. Қауіпсіздік шараларын сақтап, қолды жиі жууды да ұмытпайық. Білім алуда барлық әдіс тиімді.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *