Қатаң карантиннің арқасында коронавирустың таралуы 12 пайызға дейін түсті

415

ТЖ бойынша мемлекеттік комиссияның соңғы шешімі жайлы ҚР Днесаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook парақшасында жариялады.

Елімізде қабылданған қатаң карантиндік шаралар коронавирустық инфекцияның қарқынын төмендетті, індеттің таралуы 28 наурызда 52 пайызға жетсе, өткен тәулікте ол 12 пайызға дейін түсті. Бұл санитарлық және медициналық қызметтің шұғыл жүктемесін азайтуға, инфекцияны жұқтырған және науқаспен байланыста болған адамдарға тиімді көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Алайда, елімізде әлі де індетті жұқтырғандардың жалпы санының өсіп келе жатқаны байқалады. Өзге мемлекеттердің тәжірибесіне қарап, ауру сәуір-мамыр айларында өршиді де, сәуірдің бірінші жартысында шарықтау шегіне жетеді деген болжам жасауға болады. Біздің елімізде аталған аралықта науқастар саны 3 мың 500 жетуі мүмкін (қазір 551).

Эпидемиологтар алдағы уақытта, яғни, жаз айларында індеттің қарқыны төмендейді, бірақ түбегейлі тоқтамайды деп отыр. Кейбір сарапшылар эпидемиялық маусымның биыл күзде қайталануы мүмін екенін жоққа шығармайды. Сондықтан да біз эпидемия кезінде де, ұзақ мерзімді кезеңде де мұқтаж азаматтарға толық медициналық көмек көрсетуге жан-жақты дайын болуымыз керек.

Коронавирустық инфекция жұқтырған науқастарды емдеуге арналған 3 920 инфекциялық төсек-орын, сондай-ақ күдікті пациенттер үшін 7 300 жуық төсек-орын әзірленді. 170 өкпені жасанды желдету аппараты және 38 қанның экстракорпоралдық мембраналық оксигенациясы аппараты (ЭКМО) орнатылған, жағдайы ауыр 180 науқасты қабылдай алатын реанимациялық бөлімшелер да дайын.

Алайда, емделушілер жұқпалы аурулар ауруханасында орта есеппен 3-4 апта жататынын, сондай-ақ, елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қажетті қызмет көрсететін кәсіпорындағылар, күні-түні жұмыс істеп жүрген полиция, медицина және қарулы күштер қызметкерлерінің инфекция жұқтыруы әбден мүмкін екенін ескерсек, бізге әлі де көптеген төсек-орын мен арнайы аурухана қажет.

Ал ауруханалардың инфекциялық қауіпсіздік талаптарына сай болуы өте маңызды: боксталған палаталар, желдету жүйесі, оның ішінде реанимациялық палаталарда қысым болмауы тиіс, аймақтарды «таза» және «лас» деп бөлу қажет. Біз Қытайдың тез салынатын ауруханаларды қалай пайдаланғанын көрдік. Ал АҚШ, Италия және басқа еуропалық елдерде күнделікті қолданыстағы ауруханаларға үлкен ауырпалық түсгенін де білеміз. Көптеген мемлекет пациенттер мен медицина қызметкерлерінің денсаулығы үшін инфекциялық қауіпсіздік технологиясы жоқ объектілерді, спорт ғимараттарын пайдалануға мәжбүр болды.

Дәл осы жағдайды ескеріп, Денсаулық сақтау министрлігі Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент сынды үлкен қалаларда кемінде үш тез тұрғызылатын жұқпалы аурулар ауруханасын (бірінші кезеңде 200-300 орындық) салу қажет деген ұсыныс жасады. Бұл жобалардың жүзеге асырылуына жергілікті атқарушы органдар жауапты.

Бізге отандық құрылыс компаниялары қолдау көрсетті. Қысқа мерзімде (15-20 күн ішінде) құрылысты аяқтау жоспарлануда. Жедел технологиялар, дайын блоктық-модульдік шешімдер, заманауи инфекциялық қауіпсіздік жүйелері пайдаланылады, медициналық және зертханалық жабдықтар орнатылады.

Елімізге бұл шаралар коронавирус пандемиясын ғана емес, сондай-ақ болашақта өзге де індеттерге қарсы тұрып, оны дер кезінде жоюға мүмкіндік береді!

Әлемнің мұндай жаһандық және агрессивті жағдайға дайын болмағанын мойындау қажет. Денсаулық сақтау жүйесі, негізі, созылмалы инфекциялық емес аурулармен (диабет, гипертония, онкология және т.б.) арпалысып келді. Әрине, енді қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін қайта құру қажет және осындай тосын жағдайға дайын болу керек!

Осы орайда, коронавирус пандемиясына қарсы қабылданған шараларға түсіністікпен қарап, бізді қолдаған халқымызға алғыс білдіремін. Сонымен қатар, тек ресми ақпаратқа көңіл бөліп, жауапты мамандардың пікіріне ғана құлақ асуларыңызды сұраймын.

Төтенше және шұғыл шаралардың барлығы ел азаматтарының денсаулығы үшін қабылданды!

Біз жеңеміз! Біз біргеміз!




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *