Онлайн курс: педагогикалық технологияларды тиімді қолдану

124

Мәдениет жән спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы республика бойынша өңірлік тілдерді оқыту орталықтарының әдіскерлері, оқытушылары, тіл мамандары, магистранттар мен докторанттар, «Тіл-Қазына» орталығының қызметкерлері үшін «Интерактивті сабақта педагогикалық технологияларды тиімді қолдану» тақырыбында онлайн курсын өткізді. Онлайн курсқа барлығы 57 адам қатысты.

Курсты Қазақ технология және бизнес университетінің Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры Сәбира  Сапина өткізді.

Баяндамашы «Оқытушы тіл үйренушілерге алдымен тіл үйренудегі негізгі проблеманы анықтауға мүмкіндік туғызу арқылы олардың белсенді түрде өз беттерімен мәселелерді шешуге мән беруі проблемалық оқыту технологиясына кіреді. Қорытындысында олардың ойлау қабілеттері дамып, шығармашылық іскерліктері мен дағдылары қалыптасуына жағдай жасалады. Мысалы, алдымен кезекті тақырыпты анықтауға мүмкіндік тудыру үшін тіл үйренушілерге 2 күрделі сын есім, 5 үстеу және 7 есімдік атаулары ұсынылады. Содан соң, енді осы сөздер арқылы топ-топ болып әңігіме құрастырумен қатар оған тақырып пен жанр таңдауға тапсырма беріледі. Осы кезеңнен бастап проблеманы шешу кезеңі басталып, тіл үйренушілер бүгін қандай тілдік элементті үйренгелі тұрғандарын өздері анықтайды. Аудиторияда осы тақырыпқа арналған түрлі көрнекі ақпараттар мен анықтамалар, қажетті материалдар қолжетімді болуы керек. Тіл үйренушілер қажетті материалды өз беттерінше оқып, үйренеді.

Үшінші кезеңде проблеманың шешімін қолдану кезеңінде тіл үйренушілер өздері қол жеткізген тілдік элементті енді күнделікті тұрмыста тіл қолдануда іске асырып үйренеді. Тәсіл жалпы тіл үйренушіге іскерлік бағдар береді. Практикалық жағына көбірек мән беріледі. Сөйлеу жаттығулары арқылы лексика мен грамматикалық ұғымдар кең көлемде бірқалыпты, және тез мөлшерде жинақталады» дейді өзінің шеберлік курсында.

Онлайн курс барысында тыңдаушылар сұрақ беріп, профессор С.Сапинадан жауап берді. Тыңдаушылар онлайн курс мазмұны мен баяндамашының шеберлігіне ризашылықтарын білдірді.

Онлайн facebook әлеуметтік желісінде #ONLAIN-da bol жобасы аясында тікелей эфирде көрсетілді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *