ГОМОГЕНДІ ЖӘНЕ ГЕТЕРОГЕНДІ ӘЛІПБИ ТУРАЛЫ

620

Әліпбидің түзілуі, реті мен әріп мазмұны мен кескінінің таңдалуы әліпби концепциясымен тікелей байланысты. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаладағы басты міндетке сәйкес, 2017 жылы алғаш рет әліпби концепциясын әзірледі. Дайындалған әліпби концепциясын тарихи мәні бар құжат ретінде бағалауға болады. Себебі концепция мазмұны ұлттықты жаңғыртудың ғылыми-практикалық тетіктерін айқындауға; екіншіден, әліпбидің болжалды нұсқаларының ішінен тиімді нұсқа түрін анықтауға; үшіншіден, әліпбидің гомогенді және гетерогенді типтерінінің тілдің ішкі салаларына әсерін бағамдауға көмектеседі.

Латын әліпбиінің ғылыми-практикалық парадигмалары, әліпби жобаларының «тілге шағын» таңдау, гетерогенді әліпбидің орнына гомогенді әліпби түзу күн тәртібінен түспейтін негізгі мәселе болып отыр. Осыған байланысты гомогенді әліпби деген не, оны қалай танимыз деген сауалдарға жауап беріп көрейік:

  1. Гомогенді – грек тілінде «ὁμός» – біртекті, бірдей, теңдей дегенді білдіреді. Дыбыстық-әріптік жазуды қолданатын заманауи әліпбилердің көпшілігі гомогенді типке негізделген.
  2. Гомогенді әліпбиде әріп бір тілдің (екі не үш тілге қатысты емес) фонетика-фонологиялық жүйесіне тән, негізгі реңк бола алатын дыбыстық элементтеріне ғана арналады. Әліпбидің гомогенді сипаты, ең алдымен, ұлттық тілдің жалпы және ішкі құрылымымен тең болатын жүйелілікті талап етеді. Осыған байланысты ғалымдар «акуттық әліпбидің» гомогендігіне әсер ететін [ч] дыбысына арналған әріпті әліпбиден алып тастау керек деген пікір айтады. Біздіңше, [ч] дыбысымен айтылатын сөздерді жазбаша игеру қиындық туғызбайды: «бұрынғы латын» тағылымын ескерсек, [ч] дыбысы /ш/ арқылы игерілген, яғни [ч] дыбысы бар сөздерді бейімдеу механизмі болғанын көреміз. Бекітілген әліпбиде осы сияқты және бұдан басқа күрделі мәселелердің бар екенін байқаған ел Президенті әліпбиді тілтанушы ғалымдардың пікірімен санаса отырып түзу керегін тапсырған болатын. Алдағы уақытта ғалымдар ортақ шешімге келіп, гомогенді әліпби типін таңдайды деп сенеміз.
  3. Гомогенді әліпбиде әріптің тұрпат межесі мен мазмұн межесінің тілтанымдық принциптерге сәйкес келуі, дауысты және дауыссыз дыбыстардың сандық құрамының «табиғи» тілмен тең болуы ескеріліп, айырым белгілері аз, ортақ белгілері көп дыбыс типінің «графикалық суреті» классикалық және кеңейтілген латын стандартында бар таңбамен берілуі де қарастырылады. Яғни гомогенді әліпбиде диакретикалық таңбаның қойылуы да жүйелілікті талап етеді. Мысалы, жұп дауысты дыбыстар: а мен ә үшін: а – ä, о мен ө үшін: о – ö. Жұп дауыссыздар: г мен ғ үшін: g – 󠄭ğ т.б.
  4. Гомогенді әліпби – ұлттық орфографияның негізі. Бұл дегеніміз – бір тілдік жүйеге сәйкес белгіленген әліпбидегі әріптер төл сөздерді ғана емес, шеттіл сөздерін де ұлттық ерекшелікке сәйкес «қазақы тұрпатта» таңбалауға мүмкіндік береді. Қазақ қоғамында қолданылған төте жазуы да, латын жазуы (1929-1938 жылғы әліпби) да гомогенді. Оған дәлел ретінде 1929 жылы ресми бекітілген әліпбиді алып қарастыралық: а (a), ә (ә), ь (ы), о (о), u (ұ), е (е), і (і), ө (ө), у (ү), p (п), t (т), к (к), q (қ), s (c), c (ш), в (б), d (д), g (г), Ƣ (ғ), z (з), ç (ж), һ (һ), m (м), n (н), ŋ (ң), v (y), l (л), r (р), j (й). Байқағанымыздай, бұл әліпбиде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне қайшы келетін бірде-бір әріп жоқ. Әліпбидің гомогендігі арқылы орфография да ұлттық сипатта болды. Мысалы, экономика – ekonomijke, экватор – ekвator, коэффициент – koepijsijent, актер – aktөr, монтер – mantөr, пулемет – pulemөt сөздерінің жазылымы осы сөзімізге нақты дәлел бола алады.

Гетерогенді әліпби. 1. Гетерогенді – грек тілінде «έτερος»  – басқа + γένω – тек сөздерінің бірігуінен жасалып, «әртекті», «бірдей емес» деген мағынаны білдіреді. Яғни гетерогенді әліпби – әртекті әліпби деген сөз. Гетерогенді әліпбиде типологиялық тұрғыдан әртүрлі элементтер ыңғайласып түзіледі. Демек, біздің бүгінгі қолданып отырған әліпбиіміз осы гетерогенді әліпби болып саналады.

  1. Түркі әлеміне ислам дінімен бірге келген араб жазуы мың жылдан астам уақыт бойы қоғамның әлеуметтік-мәдени қажетін өтеуге қызмет еткені белгілі. Ескі қазақ жазба ескерткіштерінің бай мұрасы, халықтың рухани мәдениетінің аса құнды нышандары бізге араб жазуымен келіп жеткен. Зерттеулерде қазақ қоғамында дәл осы жазу нұсқасының қадим, жәдид деген екі үлгісінің қолданылғаны: ХVІ-XVII ғғ. аралығындағы жылнамалар, құжаттар және түркі халқына ортақ еңбектердің қадим жазу үлгісінде жазылғаны, «Түркістан уәлаяты газеті», «Дала уәлаяты газеті» секілді алғашқы қазақ басылымдары жәдид жазуы үлгісінде басылып шыққаны айтылады. Араб графикасына негізделген жазу түрін зерттеген ғалымдар, бұл жазудың өте күрделі екенін және жазуды меңгеруге көп уақыт керегін айтады. Күрделі болуының басты себебі – ескі қыпшақ, қарлұқ, оғыз-қыпшақ, сондай-ақ араб-парсы элементтерінің болуы. Мұндай әртектілік ұлттық тілді дамытуға кедергі болатынын түсінген алаш қайраткері, ғалым Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілі үшін гомогенді әліпби түзген. Бұл әліпби «ұлттық жазу», «қазақ жазуы», «төте жазу» деген атпен халыққа белгілі болды.
  2. Қазіргі қолданыстағы кирил әліпбиіндегі қазақ жазуы да гетерогенді. Айта кетерлік жайт, 1940 жылы саяси түрткіжайттарға байланысты қазақ тілі орыс тілінің тілдік заңдылығын толығымен болмаса да, біршамасын қабылдайды. Ал типологиялық ұштаспайтын, жақын емес, алшақ тілдің заңдылығын басқа тілге телу тілдің өміршеңдігін жоюдың басты жолы екені белгілі. Біріншіден, орыс тілі флектив тілдер қатарына жатады, қазақ тілі –аглютинативті тілдер тобындағы тіл. Екіншіден, орыс тіліндегі дауыссыз дыбыстардың жалпы типологиялық айырымдық белгілерімен қатар (жасалымы, айтылымы, естілімі), дауыссыз дыбыстары палатализацияланады. Орыс тілінде жуан және жіңішке дауыссыздар фонемалық деңгейде бір-біріне қарама-қарсы қойылады (дал – дал, мол – мол, сидит – сидет, ходок – ходьба және т.б.). Ал қазақ тілінде, бұған ұқсас палатализацияға ұшырайтын дауыссыз дыбыстар жоқ. Қазақ тіл иелменінің орыс тілінің орфоэпиялық нормаларын меңгеруінің қиындығы да осында, яғни л, ж, ш, д, т сияқты палатализацияланған дауыссыздарды айтуға қиналады. Бөгде тілдік элементтерді меңгертуден бөлек, жат тілдік бірліктер ұлттық айтылым мен жазылымды «қосамжар» сипатқа әкеледі.
  3. Гетерогенді әліпби – гетерогенді орфографияны тудырады.   Қазіргі кирил әліпбилі қазақ орфографиясында түпнұсқалық (цитаталық) принципі гетерогенді Түпнұсқа принципінде шеттіл сөздері түп төркін тілдің (донор тілдің) орфографиясы бойынша жазылады. Аталған принцип түрі қазақ жазуында 1938 жылдан бастап қолданыла бастады. 1938 жылдан бастап қазақ әліпбиіне х, в, ф әріптерінің енуіне байланысты қалқоз сөзі колхоз, қыймыйа сөзі химия, қылор сөзі хлор деп жазылды. Сондай-ақ аталған жылы орфографияға: сөздің аяғында келетін в, д, г дауыссыз дыбыстарын өзгертпей жазу (Ленинград – Ленинграт емес, актив – әктіп емес, педагог – педагок емес); кірме сөздерде келетін екі дауысты дыбыс қатар жазу (зоологиазологиа емес, театртыйатыр емес т.б.); орыс тіліндегі -ист қосымшасының тұрпатын өзгертпей жазу (коммунист) секілді емле ережелері енгізіледі. Сондай-ақ 1940 жылдан бастап қазақ әліпбиі сандық жағынан тағы толықтырылып, әліпби құрамына и, ё, ц, щ, ч, э, ю, я, ь, ъ тәрізді әріптері қосылып, кірме сөздерді жазуда негізгі басшылыққа алынатын принцип түрі – түпнұсқалық принципі негізге алынады деп шешіледі. Содан бастап, қазіргі кезге дейін шеттіл сөздерінің жазылымы орыс тілі орфографиясына сәйкес таңбаланады: драйвер, культуризм, бодибилдинг, стайер, спринтер, велосипед, геймер, хардвер, софтвер, драйвер, провайдер, ламер, гамер, майло сайт, файл, байт, мегабайт, ноутбук, пентиум, лаптоп, кэш, принтер, декомпилятор, джойстик, факс-модем т.б.

Қорыта айтқанда, әліпбидің гомогенді және гетерогенді типтері тілдің типологиялық белгісімен қатар мәдени-әлеуметтік, саяси және тілдік түрткіжайттармен байланысты қарастырылады. Демек, бүгінде зерттеліп, сараптан өтіп жатқан зерттеу, талдауларда алдағы уақытта гомогенді әліпби қабылдау арқылы ғана тілдің өзіндік табиғатын тануға мүмкіндік ашылатынын ескеруіміз керек.

Назира ӘМІРЖАНОВА,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі,

ф.ғ.к.  




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *