ТӨРТЕУ ТҮГЕЛ БОЛСА ТӨБЕДЕГІ КЕЛЕДІ

1532

 Байбосынова Ұлжан Мәлікайдарқызы
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі,
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы

Әлемдегі соңғы болып жатқан оқиғалар барлығымызға ауыр тиіп жатқаны белгілі. Барша адамзатқа қауіп төндіріп, тұтқиылдан келген тілсіз жау – коронавирус дертіне әлем мемлекеттерінің білікті ғалымдары мен мамандары қарсы бірігіп жұмыс жасауда. Осындай қиын шақта еліміздің Тұңғыш Президенті — Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын жариялап, қазақ халқын бірлікке және сабырлыққа шақырды.

Елбасымыз мақаласында «Еуразия экономикалық одағын, Шанхай ынтымақтастық ұйымын, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құрып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихи саммитін, Астана экономикалық форумы мен бүкіләлемдік ЕХРО көрмесін өткізу шараларының бәрі – Қазақстан мен дүние жүзі мемлекеттері арасындағы өзара достық пен сенімге негізделген байланысты, экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін жасалды» — деп атап өтті. Шынымен де, Елбасының көреген саясатының арқасында тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап қазақ елінде бейбітшілік пен татулық орнады.

Елбасы әрқашанда халқымен бірге екенін көрсетіп «Жаңа өскін – жас ұрпаққа айтарым: тәуелсіздік жылдары дүниеге келген сендер келер жылы орда бұзар отызға толасыңдар. Еліміздегі ең қуатты күш – өздеріңсіңдер. Аға ұрпақ сендер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, енді, сендердің де күш-қайрат жұмсайтын кездерің келді. Жамандықтан, жат әдеттен сақтанып, игі істер жасауға ұмтылыңдар. Үлкенге – ізетті, кішіге – қамқор, бір-біріңе дос болыңдар» — деп өсиетін айтты. Өз елінің патриотымын деген әрбір ұрпақтың бұл жолдарды тебіренбей оқымауы мүмкін емес.

Елбасымыз Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі екендігін, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қордың арқасында бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайтындығын баса айтты.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген шақтан бастап достық пен бейбітшілік ұғымдарын алдыңғы қатарға қойған Елбасымыз ұлы Абайдың, Бауыржан Момышұлының, Әйтеке би, Төле би бабаларымыздың баға жетпес қанатты сөздерін негізге ала отырып, осы әлемді жайлаған індетті халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында жеңіп шығатынымызды жеткізді.

Елді бұған дейінде экономикалық дағдарыстардан аман алып шыққан көшбасшы – әрқашан да халқымен бірге Елбасының бұл мақаласы бәрімізді осы Еліміз үшін қиын жағдайда бірлесіп бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жұмыс істеуге шақырады.

Қазақ даналығында: «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» — деп айтылғандай халқымыз бұл қиындықты да ауызбіршілік танытып бірге жеңіп шығады деген сенімдеміз!

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *