Дүйсенғазы Мусин, сенатор: Елбасы сын сағатта халқына батасын беріп, жол көрсетті

490

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы жарық көрді.

Осы орайда Елбасының жарияланған жаңа мақаласына қатысты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аймақтарды дамыту комитетінің мүшесі Дүйсенғазы Мусин өз ойымен бөліскен болатын.

«Әлемді шарпыған коронавирус пандемиясы қай елге болсын оңайға тиіп отырған жоқ. Осындай қиын қыстау жағдайда бізде алдымен береке-бірлік керек. Осынау ел басына күн туған сәтте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз үндеуін жолдап отыр. Біз Елбасы айтқандай, бұдан да қиын талай заманды бастан кешірдік. Одақ ыдырап тәуелсіз ел болған жылдары талай қиындық бастан өтті. Бірақ Елбасының салиқалы саясатының арқасында бүгінгідей даму деңгейіне жетіп отырмыз», — деді Д. Мусин.

Сенатордың пікірінше, бүгінде әлемге қауіп төніп отырған сын сағатында алдымен халықтың ішкі ынтымағы берік болуы тиіс.

«Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкіметтің шешімімен ел амандығы мен экономикасын сақтау мақсатында шұғыл шаралар қабылданып жатыр. Оның ішінде шағын және орта бизнес пен ауыл шаруашылығы саласына баса назар аударылып, қолдау көрсетілуде», — деді ол.

Сонымен қатар, сенатор ауыл шаруашылығы мен биылғы егістік жағдайына қатысты өз пікірін алға тартты.

«Бізде ауыл шаруашылығына қажетті ресурстардың бәрі бар. Президент таяуда ғана өз үндеуінде жанар-жағар май бағасын төмендету, ауыл шаруашылығына қосымша қаржы бөлу жұмыстарын Үкіметке нақты тапсырды. Биылғы егістік ойдағыдай болады деген сенімдеміз. Бұл дегеніміз ертеңгі күнгі азық-түлік қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету деген сөз», — деді депутат.

Оның айтуынша, Елбасы өз үндеуі арқылы еліне одан әрі даму бағытын көрсетіп отыр.

«Осындай сын сағатында Елбасы халқына батасын берді, жол көрсетіп, бізде бар мүмкіндіктерге баса назар аударды. Ол өз сөзінде ел экономикасын құлдыратпау мен халықтың әлеуетін көтерудің негізгі тетіктерін атап өтті», — деді Д.Мусин.

 

 

 

 

 

 

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *