Жұма күнгі тілек

859

Тірі жанды жамандыққа қимаған,
Жомарт Аллам, тағы жұма сыйлаған.
Тәубеге кеп, сізден кешірім сұраймын,
Күллі әлемді жаратушы, Ар-Рахман!

Әл-Хәким — төреші сіз бұл жалғанда,
Демейтін де өзіңіз құлағанда.
Әл-Уаһһаб – қорғансыз сіз бар адамға,
Құр қайтармай, сый берген сұрағанда.

Сағындым, Әл-Уасиғ қамсыз күнді,
Өзіңізге аян ғой хал бүгінгі.
Ар-Рошид, тура жолға бастаңызшы,
Қол жайып, дұға еткен бар құлыңды.

Пендеңізге, Ар-Роууф, қамқор — сізсіз,
Әрекет ете алмаймыз біздер сізсіз.
Әміріңіз болмаса, Әл-Муhәймин,
«Жапырақ та түспейді жерге» сөзсіз.

Мұқтажбыз біз, Ас-Сомад, өзіңізге,
Тартуыңыз болсыншы төзім бізге.
Әл-Мәлик, кешіріңіз, кешіріңіз,
Шүкіршілік аз болса тіпті бізде.

Қасиетті, Әл-Қуддус, сізсіз-сыншы.
Сырқатқа сан тосқауыл қойылсыншы.
Жалғанның қонақтары жапа шекпей,
Әл-Қобид, кесел-індет жойылсыншы.

Әр – Рахим, сіз деп соғар демім ішкі,
Жүрекке күш пен қуат егіңізші.
Шипаға зәрулерді емдеп, жазып,
Ал-Мужиб, денге саулық беріңізші.

Ат-Тауәб, кешіріңіз, ағат бассам,
Шыдамай сан сынақта тулап, қашсам.
Әш-Шәкур, мың шүкірлік, қолда барға,
Ғафу еткін, кездерді асып -тасқан.

Аманат бізге берген таң да әрбір,
Әл-Мухи, өмір сүру — бақыт, ол бір.
Әл-Қадир, қиянатқа жол бермейтін,
Өтінем, бұйырсыншы мұңсыз тағдыр.

Әрқашан да, Әл-Бағис, қолдаңызшы,
Ем қажет жанға шипа жолдаңызшы.
Жәрдем сұрап, сенделген бар әлемді,
Әл-Хафиз, жамандықтан қорғаңызшы.

Әл-Муғизз, қиналғанды демеңізші,
Айықтырып кеселден емдеңізші.
Әл-Бәрр, сан сынаққа төзердейін,
Құдіретіңмен панаға ап жебеңізші.

Әл-Бақи — бұл фәнидің әміршісі,
Адамзат көрмесінші ешбір тепкі.
Ән-Нафиғ, ем шарасы дәрігердің,
Сауықтырып, жазсыншы әрбір дертті.

Әл-Мәниғ, қайғыны алып тастасаңыз,
Әл-Фәттах, қайырлы іске бастасаңыз.
Бейбіт күннің ер жүрек батырлары,
Ақ халатты жандарды сақтасаңыз.

Иманның нұрын, Ән-Нур, себіңізші,
Жұртымның жоғалмасын сенімі ішкі.
Сын сәттерде, Ас-Собур, бір өзіңіз,
Таусылмайтын мол төзім беріңізші.

Әл-Ғаффар, арпалыста сезім ішкі,
Күмәннің қара бұлтын сөгіңізші.
Әл-Ғафур, астамшылық жасасақ көп,
Мүмкіндік түзелуге беріңізші.

Әл-Уакил, жетім, жесір жыламасын,
Әл-Мумин, үміт туы құламасын.
Зағип пен кемтар жандар сын сағатта,
Дерті үдеп, азап шегіп қиналмасын.

Әл-Ғоний, мұқтаждарды қолдағайсыз,
Індеттің шырмауынан қорғағайсыз.
Әл-Қоуий, жас-кәріге қуат беріп,
Ажал құшып кетуден сақтағайсыз.

Әл-Адл, әділдікке бастағайсыз,
Елімді басшысымен сақтағайсыз.
Әл-Хәкәм, араздарға татулық пен
Тас жүрекке жылулық сыйлағайсыз.

Әл-Мухий, қайырлы еткін әрбір істі,
Жандансын кәсіпорын, жұмыс күші.
Әл-Мубди, кертартпалық көрсетпей еш,
Болайық жақсылықтың ұйытқысы.

Әл-Уадуд, ана, бала мұңаймасын,
Қолда бар бағын әсте, аяласын.
Әл-Уарис, жүкті аналар бала сүйіп,
Сәбиге шарапатын аямасын.

Әл-Муқсит, ез бен есер болмасыншы,
Ұлты мен тілін, дінін қорғасыншы.
Әл-Хобир, бәрі сізге аян, әсте,
Өрт, сел, су апаттары болмасыншы.

Әл-Кәрим, құт-береке ұзамасын,
Әл-Али, елдің рухы құламасын.
Әл-Муқит, жоқшылықта азып-тозып,
Еш қазақтың баласы жыламасын.

Әл-Алим, оқушы, ұстаз қауышсыншы,
Мектебінде бәрі аман табыссыншы.
Әл-А`зим, ұстаз біткен мәз-мейрам боп,
Ал шәкірт білім қуып, жарыссыншы.

Әш-Шахид, бәз баяғы заман болсын,
Індеттің ізі қалмай, тәмам болсын,
Әл-Мәжид, ақыл айтып, бағыт берер,
Қазыналы қарттарым аман болсын.

Әл-Мәтин, тұмар етіп қанағатты,
Ойлайық дәл бүгіннен болашақты.
Әл-Һәди, ғидаят пен таупих беріп,
Тәукелшіл еткейсіз жас ұрпақты.

Әл-Халим, ана, бала жыламасын,
Сенімнің асқар тауы құламасын.
Әс-Сәләм, сақтағайсыз елімді аман,
Соғыс, індет ұйқысын ұрламасын.

Ар-Роззақ, зекет берер жан көбейсін,
Дегізбейтін жалғызды жат, өгейсің.
Мәликул-мулк, кең-байтақ Жер-Ананы,
Тыныштық бесігінде тербеткейсің.

Әл-Хамид, көркем мінез иесі еткін,
Тілегін қабыл етіп дүйім, көптің.
Әл-Жәлил, тура жолдан адастырмай,
Жүрекке иман құйып, мейірім төккін.

Әл-Қоююм, адам етіп жарату да,
Құдіретіңізбен кеш батып, таң ату да.
Әл-Басит, бақытты да, өмірді де,
Беретін де өзіңіз, алатын да.

Әл-Хасиб, болсадағы іс көп сонша,
Қайтамыз өзіңізге үкім болса.
Әл-Муғид, лайықты күн кешейік,
Ғұмыр бере тұрыңыз, мүмкін болса.

Әл-Мухси, әрбір күннен сабақ алып,
Минуттың да қадірін ұқтық анық.
Әл-Муаххир, қиындық артта қалып,
Жақсы хабар естісін күллі халық.

Әл-Муқтадир, жасайық амал ізгі.
Жан еткейсіз иманды, айтары ізгі
Зул-жәләли уал-икрам, бұл фәниде,
Сүйген құлың еткейсіз баршамызды!

Авторы: Сафура Сәлімбайқызы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *