Елордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының үш жылдығына арналған онлайн семинар өтеді

1428

«Рухани жаңғыру» қалалық жобалау кеңсесі Елбасының бағдарламасын кеңінен насихаттау және жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыс жасауда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Бүгін, сағат 15:00-де «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі бағдарламаның үш жылдығына арналған кезекті онлайн семинар өткізеді. Шараға арнайы спикер ретінде коуч психолог, көпбалалы ана Құралай Ошақбаева шақырылған. Семинарға қатысушылар үшін «Армандар орындалады» тақырыбында дәріс ұйымдастырылады. Дәрістің мақсаты – өскелең ұрпаққа бағдарлама мәнін түсіндіріп, табысты және гүлденген қоғамды құруда рухани құндылықтардың маңызын талдау. Карантин жарияланған сәттен бастап қала аумағында мектеп психологтары мен қала тұрғындары үшін алты онлайн семинар ұйымдастырылған. Семинарлар Skype бағдарламасы бойынша апта сайын бейсенбі және жұма күндері (қазақ және орыс тілдерінде) өткізіледі. Бір ай ішінде семинарларға 100-ге жуық мектеп психологтары қатысқан. Айта кетсек,  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғанына үш жыл толғаны белгілі. Елімізде идеологиялық құжат ретінде танылған мақала 2017 жылдың 12 сәуірінде жарияланды. Барлық өңірде бағдарламаның негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында жобалық кеңселер құрылған. Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, білім культі және сананың ашықтығы XXI ғасырдағы ұлттық сананы жаңғыртудың негізгі бағыттары ретінде танылған. Қазіргі уақытта бағдарламаның алты бағыты бойынша 13 арнайы жоба іске асуда. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі бағдарламаны кеңінен насихаттау және жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыс жасауда.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *