Қаржы саласында дағдарысқа қарсы қандай шаралар қабылданды?

413

Ағымдағы жағдайларда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төтенше жағдай режимінің банктердің қарыз алушыларына және тұтастай алғанда қаржы секторына теріс әсерін жұмсартуға бағытталған жұмысқа баса назар аударуы керек. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков  Алматыдағы ОКҚ-дағы брифингіде сөз сөйлеген кезде хабарлады.

«Банк секторы ағымдағы дағдарысты жағдайларға барынша дайын болды, мұны 2019 жылы жүргізілген банк секторы активтерінің сапасын бағалау көрсетті. 2008 жылдан бері жинақталған көптеген проблемалар анықталып, реттелді. Сонымен бірге банк секторының барынша жоғары өтімділік деңгейі бар. Банктердегі бизнес-процестердің сапасын жақсарту жөніндегі жүйелік жұмыс жалғасуда. Қазіргі уақытта Агенттік AQR нәтижелері бойынша түзету шараларының жоспарларын банктермен келісу жөніндегі жұмысты аяқтауда», — деді ол. О. Смоляков коронавирус пандемиясының теріс салдарларын еңсеру, бизнесті кредиттеуге қолдау көрсету және қарыз алушылардың борыш жүктемесімен байланысты тәуекелдерді азайту үшін дағдарысқа қарсы қосымша шаралар қабылданғанын қоса атап өтті.

Біріншіден, 2020 жылғы 30 наурыз – 30 қыркүйек аралығындағы кезеңде пруденциялық реттеудің уақытша контрциклдық шаралары енгізілді. «Пруденциялық реттеудің уақытша шаралары капиталды және кредиттеу, ең алдымен шағын және орта бизнес субъектілерін кредиттеу үшін өтімділікті босатуға бағытталған», — деп нақтылады О. Смоляков.

Екіншіден, Шағын және орта бизнес субъектілерін (ШОБ) жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы әзірленіп, іске асырылуда, оған 600 млрд теңге бөлінді.

О. Смоляковтың айтуынша, бұл бағдарламаны Мемлекет басшысының тапсырмасымен Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп әзірлеген.  «Бағдарлама екінші деңгейдегі банктердің төтенше жағдайдың енгізілуі нәтижесінде зардап шеккен ШОБ субъектілерін, оның ішінде дара кәсіпкерлерге айналым капиталын толықтыруға 12 айға 8%-бен жеңілдетілген кредит беруі арқылы іске асырылуда. Активтерінің сапасын тәуелсіз бағалаудан (AQR) өткен және портфелінде ШОБ қарыздары бар 13 қатысушы банк айқындалды» — деді О. Смоляков.

Бағдарламаға қатысушы банктерге бөлінген қаражатты мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарды сатып алу, басқа банктердегі депозиттерге орналастыру, шетел валютасын сатыл алу үшін пайдалануға тыйым салынды, —  деп атап өтті О. Смоляков.

Агенттіктің деректері бойынша, ағымдағы жылғы 14 сәуірдегі жағдай бойынша Бағдарлама іске асырылған сәттен бастап шағын және орта бизнес субъектілерінен 213,9 млрд теңге сомаға 1 131 өтінім түсті, оның ішінде 41,7 млрд теңге сомаға 92 қарыз мақұлданды.

«Қарыз алушылардың қаржыландыруды алу мерзімдерін қысқарту үшін банктердің Бағдарлама бойынша қаржыландыруға өтінімдерін келісудің оңтайлы тетігі әзірленді», ­- деп толықтырды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары.

Ол сондай-ақ халыққа, ШОК-қа қолдау көрсету мақсатында Агенттіктің бірқатар жедел шараларды қабылдағанын хабарлады. Атап айтқанда: Барлық қарыз (микрокредит) бойынша төлемдердің мерзімі өтіп кеткені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар есептеуге тыйым салынды, сондай-ақ төлемдер мерзімнің өтіп кетуі күнтізбелік 90 күннен асатын жеке тұлғалардың кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша сыйақы есептеуге тыйым салынды;  2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығында кезеңде банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша төлемдердің мерзімі кейінге қалдыру арқылы жеке және заңды тұлғаларға негізгі борыш пен сыйақы төлеу тоқтатыла тұрды.

«Бұл талаптар барлық екінші деңгейлі банктерге, ломбардтарды қосқанда,  микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға, онлайн-кредит беру компанияларына, кредиттік серіктестіктерге қолданылады, — деп еске салды О. Смоляков. — Төлемдерді кейінге қалдыру: жеке тұлғаларға – ХӘОТ, АӘК алушыларға, тіркелген жұмыссыздарға, қаржылық қиындықтарға тап болған өзге де азаматтарға беріледі. Жоғарыда көрсетілген санаттағы азаматтарға жататын азаматтардың жалпы санынан шамамен 2,5 млн адамның кредиттік ұйымдар алдында міндеттемелері бар; ШОБ субъектілеріне – бұл экономиканың зардап шеккен салалары немесе қаржылық жағдайы нашарлағандар».

Айта кетерлігі, бүгінгі күні қаржы реттеушісінің деректері бойынша, банк қарыздары мен микрокредиттер бойынша берешек сомасы 4,4 трлн теңге болатын 5,3 млн азамат және 3,9 трлн теңге болатын 26,2 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар.

Ағымдағы жылдың 14 сәуіріне жиынтығы 1,5 млн қарыз алушы мен 12,1 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қарыздары бойынша төлемдердің мерзімін кейінге қалдыруға өтінімдер берілді.

186,1 млрд теңге сомаға 1 340 707 адам және 131,4 млрд. теңге сомаға 9 822 ШОБ субъектілерінің төлем мерзімі кейінге қалдырылды. Төлемдерді тоқтата тұру кезеңінде қарыз алушылар бойынша талап-арыз жұмысы тоқтатылады.

 

            42500 теңге әлеуметтік көмек алушылардың  92%-дан астамында төлем карталары бар

 

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен бірлесе отырып, халыққа қолдау көрсету және әлеуметтік төлемдер бойынша мемлекет іске асыратын шараларды жедел қолдап жүзеге асыруда. Аталған төлемдерді халықтың тез арада алуы үшін банктер бұл төлемдерді олардың ашылған кез келген банктік шоттарына аударады. Бұл жөнінде бүгін Алматы қ. ОКҚ-та өткен брифингте ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков атап өтті.

О. Смоляковтың айтуынша, бүгінде әлеуметтік төлемдер беру мақұлданған азаматтардың жалпы санының 92%-дан астамында төлем карточкалары бар.

«Агенттік Әділет және қаржы министрліктерімен, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасымен бірлесе отырып, олардың алға қойған шектеу шараларын жою бойынша жұмыстар жүргізді. Өз кезегінде банктер әлеуметтік төлемдер түсетін банктік шоттарға қойылатын өз талаптарын алып тастау шараларын қабылдауда», — деп атап өтті О.Смоляков.

Ол Агенттік пен банктердің банктің филиалдарына бармай-ақ, төлем карточкаларын үйіңізге жеткізуді қоса алғанда, шоттарды қашықтан ашудың алгоритмдерін пысықтағанын айтты.

Қазіргі уақытта 14 қаржы институты: 13 банк және «Қазпошта» АҚ шоттарды қашықтан ашу және банк карталарын жеткізу қызметін ұсынады. «Шотты ашу дереу онлайн- режимде, ал карталарды жеткізу – қысқа мерзімде жүзеге асырылады. Қолма-қол ақшаны 4 банкте төлем картасын пайдаланбай алуға болады, оларға халықтың барлық банктік шоттарының 82%-ы және әлеуметтік төлемдер мақұлданған азаматтардың 84,4%-ы тиесілі», — деді қаржы реттеушісінің өкілі.

«Агенттік банктердің осы бағыттағы жұмысын үйлестіреді, сондай-ақ банктік қызмет көрсетудің қашықтан жұмыс істейтін арналарын пайдалану қажеттілігі бөлігінде кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Шоттарды қашықтан ашу және банк карталарын алу бойынша қызмет көрсететін қаржы институттарының толық тізімі Агенттіктің сайтында, fingramota.kz сайтында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде орналастырылған. Банк шотын ашу және жүргізу, ондай шоттан ақша алу немесе аударуды қоса алғанда, әлеуметтік төлемдерге байланысты клиенттердің кез келген операциялары бойынша комиссия алуға жол бермеу туралы банктерге қосымша хабарланған», — деп атап өтті О. Смоляков.

 

Қаржы реттеушісі қаржы нарығындағы ахуалға күн сайын мониторинг жүргізуде

 

Қазіргі жағдайда қаржы нарығы субъектілерінің қызметін бақылау шеңберінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төтенше жағдай енгізілген кезеңде халыққа және кәсіпкерлікке қолдау шараларының орындалуын бақылауға және тиісті қадағалап реттеуге негізгі басымдық беріп отыр. Бұл жөнінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков Алматы қаласында ОКҚ-да  өткен брифингінде сөз сөйлегенде хабарлады.

Ол Агенттік  жедел желісін (call-орталық +7 (727) 2788 144 и +7 (727) 2788 122, электрондық почта: Fingramota@finreg.kz) қосқанын, ол арқылы халыққа және ШОБ өкілдеріне консультация берілетінін және проблемалық мәселелер жеке тәртіппен шешілетінін хабарлады. Қазіргі таңда жедел желі арқылы 16 мыңнан астам азамат консультация үшін хабарласқан.

«Агенттік банктермен бірлесе отырып өтініш берушілердің мәселелерін қарап,  оларды реттеуді жедел режимде жүзеге асырғанын атап өту қажет. Мерзімін кейінге қалдыру, әлеуметтік және қайырымдылық  төлемдерін аудару мәселесі бойынша өтініштердің шамамен  7 000-ынан банктер мен өзге ұйымдар оның 70%-дан астамын оң шешім шығарып қарастырған», —  деп толықтырды О. Смоляков.

Ол Мемлекет басшысының төтенше жағдайдың енгізілуінәтижесінде зардап шеккен ШОБ субъектілерін қолдау мәселесі бойынша тапсырмаларын орындау шеңберінде «Атамекен» ҰКП-мен өзара тығыз іс-әрекет ете отырып өтініштердің және бизнестің өзекті проблемалық мәселелерінің есебі жүргізіліп жатқандығын айтып берді. ШОБ субъектілерінің жеке берілген өтініштері қарау үшін жедел режимде банктерге жіберілуде.

«Агенттік тұрақты жұмыс процесі шеңберінде қаржы нарығындағы ахуалға күн сайын стресс тестілерін өткізу арқылы да мониторингті жүзеге асыруда. Стресс  тестілер нәтижелері негізінде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған өзге де шараларды іске асыру қажеттілігі қаралатын болады», — деп қорытындылады О. Смоляков.

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *