Қуыршақ театрының онлайн қойылымын 19 мыңнан астам көрермен тамашалады

1169

Нұр-Сұлтан қаласының қуыршақ театры 19 наурыздан бастап қашықтан жұмыс істей бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қалалық қуыршақ театрының әртістері көпшілік қойылымдарды онлайн түрде өткізіп жатыр. Театр қызметкерлерінің жұмыс уақыты күндізгі сағат 14:00-де басталып, кешкі сағат 22:00-де аяқталады.

«Біз сағат екіден бастап сахналық қойылымдарды бейнетаспаға түсіріп, оны Instagram, Facebook желілеріне жүктейміз. 14:30-да актерлік шеберлікке арналған видео сабақ, 15:00-де тікелей эфир ұйымдастырылады. Тікелей эфирге тек біздің әртістер ғана емес, өзге де театрлардағы әріптестеріміз, суретшілер, белгілі балалар психологтары шығады», — дейді Нұр-Сұлтан қаласы қуыршақ театрының ұйымдастыру бөлімі меңгерушісі Мейірім Арғымбаева.

Оның айтуынша, YouTube арнасы арқылы қазақ, орыс тілдерінде бес қойылым тамашалауға болады. 21 наурыз бен 18 сәуір аралығында актерлік шеберлік пен сахналық қозғалыс бойынша 21 мастер-класс өткен. 15 аудио ертегі жазылып, суретші, психолог, әртістердің қатысуымен 20 тікелей эфир ұйымдастырылған.

Белгілі болғандай, қашықтағы жұмыс кезінде қойылымдар мен эфирлерді 19 350 адам тамашалаған. Айта кетсек, Нұр-Сұлтан қалалық қуыршақ театры 2010 жылы ашылды. Театр ұжымы алғашқы күндерден бастап жас көрермендерді қызықты қойылымдарымен қуантып келеді. Оның репертуарында жас ұрпақты отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеп, тіл мен мәдениетті, дәстүрлі құндылықтарды құрметтеуге бағытталған 28 қойылым бар.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *