МҰСЫЛМАНДЫҚ РЕНЕССАНС және АБАЙ МӘҢГІЛІГІ

1034

Әлімжан Тілеуалды-Һамраев,
ҚҒА, М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, профессор

Қазақ халқының ұлы ойшылы және түркітілді халықтарының мақтанышы Абайдың шығармашылық мұралары ХІХ ғасырдың екінші жартысына тура келеді. Бұл кезең әлемдік ауқымнан алып қарағанда мәдениеттердің тоғысқан тұсы және қарама-қарсылықтарға толы кезең еді. Аталған ғасырда дүниедегі алып империялардың арасындағы күрес жаңа сатыға көтеріліп қана қоймай, олардың қарамағындағы халықтардың ұлт азаттық қозғалыстары да жаңа кезеңге өткен болатын. Әсіресе, ислам әлемінің сабыр-тақаты таусылған шиеленісті сәт еді. Бұл дүниежүзілік сипат алған ұлтшылдық пен жаңа ояну кезеңінде шығыс ойшылдары төтенше зор рөл атқарып, көптеген халықтардың рухани сілкінісіне түрткі болды. Атақты ғалым, теолог Жамаладдин әл-Афғани және оның шәкірті әрі замандасы Мұхамед Абдоның ислам дүниесін реформалау бойынша толғамды пікірлері мұсылман жұртының сенімі мен қарым-қабілетіне әсер етті. Батыстағы өзгерістерге әлем мұсылмандарының назары жедел ауа бастады, ондағы ғылым-білім жетістіктері Шығыс зиялыларын қызықтыра түсті. Медреселер мен әртүрлі оқыту ошақтарында біртұтас жаңаша оқыту тәсілдері енгізілді, яғни дін мен пән қатар жүргізілетін үрдіс қалыптасты. Жергілікті халықтың зиялылары өздерінің ұлттық тарихы мен мәдениетіне ден қойды. Бұл қоғамдық-мәдени өрлеу Мысырдағы ұлт-азаттық күрестің бұрқ ете түсуіне себеп болды. Аталған жаңа идея Түркия жерінде де жоғары қарқын алды. Өйткені Түркиядағы озық ойлы білімділер Осман империясы құдіретінің әлсіреп бара жатқанына риза емес еді. Ислам әлеміндегі бұл қайта оянуға деген көптің ынтызарлығы аса қарқынды болды. Біртұтас көтерілген тау толқындар кедергілерді де бұзуға қуатты еді. Сондай бір күрделі жағдайда мұсылман әлемі ХІХ ғасырдың ортасында жаңаша сипатты ағартушылық кезеңге батыл қадам басты. Ұшқыннан жалынға айнала бастаған бұл ояну дәуірі ислам әлемінің түрлі бірігулері мен мәдени қайнар көздерін аша түсті. Оларды шынжыр формалы даму жолына қарай жетеледі. Оның белгілі бір бөлігі түрік дүниесінде «Жәдитшілер» (жаңалану) деген атпен әйгілі болды.
Дәл осы кезде патшалық Ресейдің іргесін кеңейту саясаты асқына түсіп, мұсылман әлеміндегі жүргізіліп жатқан Англия-Франция үстемдігіне қарама-қарсы келіп қалғанын көреміз. Сондықтан Орыс патшасы Мысырда бұрқ ете қалған діни және ғылыми сипаттағы ұлт-азаттық қозғалысты материалдық және рухани тұрғыдан, әртүрлі формада дем беріп қолдап отырды. Бұл жағдай мемлекеттердің мәдени байланыстар жөніндегі шекарасын барынша кеңейтіп, қарым-қатынасты нығайтты. Афғани мен Абдоның патшалық Ресей мұсылмандарымен байланысы әржақты мүмкіндікке ие болды. Олардың ұлттық ағартушылық бағытындағы жаңа идеялары мемлекет пен қоғамға біртіндеп кіреге бастады. Патшалық Ресейдің қарамағындағы көптеген медреселерге жаңа мазмұндағы, жаңа формадағы ғылыми зерттеулер, діни трактаттар, газет-журналдар қосылып, мәдени орталықтарды жаулай бастады. Міне, сол идеялар мен материалдар ықпал етіп, жаңаша ойлайтын зиялылар шоғырын қалыптастырды. Діни ғұламалар мен саяси қоғам қайраткерлерінің жиі кездесулері көбейді. Сопылар тариқатты орталық ете отырып жаңа дүниетаныммен өмір сүруге бейімделді. Осы кезеңде қазақ даласы да алабөтен өзгерістерге ұшырап, заманалар толқынында тербеліске түсіп, жаңа дәуірдің қойнына ене бастаған болатын. Бұл қым-қуыт қоғамдық өзгерістер Абай, Алтынсарин, Шәкәрім секілді озық зиялылардың өсіп жетілуіне, реформашылдық идеяларының пайда болуына жағдай жасап берді. Абай мен Шәкәрім нәзәриялық ұстанымдарға көбірек зер салса, Ыбырай Алтынсарин дін мен пәнді біріктіріп, іс-әрекетпен тығыз бірлестірді. Сөйте тұра үшеуі де сол тұстағы шет елдерден жеткен араб, парсы, түрік тілдеріне тәржімаланған көптеген кітаптарды қызығып оқып, терең зерттеді. Бұл ойшылдарымыз «Жаңғыру», «Экономика», «Қырық мысал», «Мәлімет», «Ғылым және Дін», «Дін және Әдеп», «Жәдит туралы мәлімет» (жаңа мәлімет), «Әл-Минар», «Ислах» (жаңару) сынды журналдарды мұқият зерттеп оқыды. Тарихтан мәлім болғанындай қазақ зиялылары Әлішер Науаидің «Тарихи мүлүки әжәм» (Әжәм – араб емес патшаларының тарихы), «Тарихи әнбия ул һукәма» (пайғамбарлар мен әкімдер тарихы) кітаптарын ыждағаттылықпен оқыған. Сондықтан олар көптеген ислам мемлекеттерінде талқыланып жатқан экономикалық мәдени реформаларға өз пікірі мен көзқарасын ашық білдіріп отырды. Бүгінгі таңда Семей қаласындағы Абай мұражайындағы кітап қорында тұрған мұраларға қарасақ көп нәрсеге көз жеткіземіз. Бізге жеткен және ұлы ақынның өзі оқыған шығармалардың ішінде араб-парсы және шағатай түркі тілдерінде жазылған 252 кітап және журналдар сақтаулы тұр. Бұл мұражайға жетпеген, сақталмағандары қаншама, оны тап басып айту қиын. Бұл еңбектердің басым көпшілігі діни және ғылыми жаңашылдыққа тән. Жалпы Абай оқыған кітаптарды мазмұнына қарай бірнеше бағыттар бойынша жіктеуге болады.
1. Саяси және қоғамдық мәселелерге арналған басылымдар.
2. Діни құқық және ислам құндылықтарына байланысты басылымдар.
3. Ғылым-білімге қатысты кітаптар мен мақалалар (тіл, әдебиет, көркемөнер, тарих, жағрапия, астрономия, медицина және басқалар).
4. Орта-шығыс мұсылман ренессансына тән еңбектер.
Бұл аталған 252 кітаптың бәрі Кеңес кезеңінде шектеліп, тиым салынған еңбектер болатын. Сондықтан бұлардың ішіне Еуропа мәдениетіне мұрагерлік ететін еңбектер енбейді. Таңқаларлық жері, Абай 1880-1890 жылдар арасында Түркияның оқу-ағарту министрінің рұқсатымен Ыстамбұлдың «Османия» баспасында жарық көрген «Аз тарих Жаудат» (Жаудаттың ұлы тарихы, 300 бет), «Тарихи Жаудат» (374 бет), «Чын-Мачын тарихы», «Әл-Жазаил ауал мин тарих ил Камал» (674 бет), «Мұхтасар мәни» (464 бет), Әсмәт Ихсанның «Асия шарқие саяһат» (Шығыс Азияға саяхат), «Тарих Мұхтасар ислам», «Әл-Жизаи әл-хамис мин тарих ил-Камил аламати бин аласари ил-йазар», Ахмәд Мәдаһтың Америкада басылған «Мұсұлман жасампаздығы» секілді көптеген шығармалармен өз уағында үздіксіз хабардар болып отырғаны анық. Бұл аталған еңбектерде саяси, әдеби, ғылыми мәліметтер өте көп еді. Еуропадағы соғыс хабарлары аса кең жайылған болатын. Әсіресе, олардың арасындағы Уфадан башқұрт тілінде шығатын «Мәлімет», араб-парсы тілінде жарық көретін «Әл-Усури йә-жәдид», «Жаңа дәуір» журналдарының рухани мән-маңызы зор болды. Бұл жердегі көлемі 900 беттік «Әлемнің камил (толық) тарихы» кітабын айтпай кету мүмкін емес. Одан Қарахандар хандығы (Арслан хан, Тауғаш хан, Қашқар және Хорезм қалалары) туралы мәліметтермен танысамыз. Абайдың кітапханасындағы Әхмәд ибн Яхия Йанар әл-Бағдадидің «Китаб футтуқин-булдани» (Елдерді тану кітабы) секілді сапар кітабы арқылы кейбір қалалардың түрік сардарларының аты-жөнімен тікелей қатысты екеніне көз жеткіземіз. Мысалы: Казвин – қаласы түркі халықтарының Иранға қарсы (Рүстем шапқыншылығына қарсы) соғысқан даңқты сардар Алп Ер Тұңа (Афрасияб) қызының атымен аталғаны туралы мәлімет бар. Кейбіреулер осы тарихи мәліметтерге қарап, Абайдың өзіне ұстаз санаған Шығыс классиктерінің бірі Иран шайыры Әбулқасым Фердауси (940-1030) екенін анық пайымдайды. Бұл жорамалда, әрине, үлкен ақиқат бар деп шамалаймыз. Ғалымдар Абайдың «Ескендір» поэмасын салыстыра зерттеу арқылы осындай пікірлерін алға тартады. Шығыс әдебиет тарихынан білуімізше, Зұлқарнайын туралы Фердаусидың «Ескендірінен» басқа, Низамидің (1141-1203) «Ескендірнама», Хұсраудың (1253-1325) «Ескендірдің айнасы», Жәмидің (1414-1492) «Ескендір даналығы кітабы» және Әлішер Науаидің (1441-1501) «Сәдди Искәндәрий» сынды атақты еңбектері бар еді. Фердауси туралы нақты анық мәліметті Абай кітапханасындағы шығармалардың тізімінен таба алмадық. Соған қарамастан біз ХІХ ғасырда түркі тілдеріне болған тәржімалық еңбектердің (қолжазбаларының) өте көп екеніне және ойшылдың бір өлеңі ұлы парсы ақынына қаратылғанына қарап, ғұлама қазақ ақынының ол кітаптардан хабары болғанын сеземіз.
Физули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу һәммәси,
Мәдәт бәр я шағири фәрияд!
Абай оқыған кітаптардың арасында имам Әхмәт Риза медресесінің араб, парсы, шағатай-түркі тілінде жарық көрген діни мазмұндағы кітаптардың өте көп екеніне куә боламыз. Олардың арасында «Дін және мешіт», «Ислам Мужалласы» (Ислам) журналдарын айтпағанда, «Тасирил кабири» (Қиямет-қайым күні, тәубе ету парыздары. Авторы Имам Мұхаммет), «Неке және Талах», «Ислам құндылықтары», имам Мұхаммет Рази Фахридидің діни-рухани сипат алған «Тапсирил-кабири» ауқымды көлемдегі тәпсірі, «Кітаб зум дүние», «Кітаб зум инжил», «Китаб зум хаят» секілді үш кітап, «Алжизиил-самин мин китаб итхасис-саватил-матқаина бас шарах» трактаты, «мунасиб дин», «Мағрифатнамә» (Мәдхийә кітабы), 528 беттік екі кітап «Китаб фарух» және «Зил китаб фарух» (Жарық, нұрлы кітаптар) сынды аса маңызды теологиялық еңбектер, діни-құқықтық және қызметке қатысты шығармалар бар. 1879 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Дәрет алу», «Некелену», «Ажырау және талақ», «Иман келтіру» секілді маңызды тақырыптар бойынша бірнеше кітаптардан құралған шариғат қағидаларын жан-жақты түсіндіретін зор көлемдегі діни шығармаларды өз ішіне қамтиды. Бұл әдеттегі бір зерттеушінің қызығып іздену құштарлығын қозғайтыны шүбәсіз. Абайдың осындай дүниетанымдағы ғылыми-мәдени тәлімдерге қызығуы әрі одан шабыт алуы, ойшыл үшін халқының саяси қоғамдық және мәдени құқығын қорғауда, қоғамдық әділеттікті қамтамасыз етуде теңдессіз рөл атқарды. Бұл пікірлерімізге Абайдың 1876 жылдан 1896 жылға дейінгі аралықта Қази (сот) және заңды атқаратын орындарда (билік құрғаны) жүргізген басшылық жұмыстары дәлел бола алады.
Абай оқыған және шынайы үйренген ғылым-білімге тән болған ислам еңбектерінің салмағы да мол болған. Бұл секілді еңбектер әлемнің мұсылман медреселерінде қолданылып жатқан және қазақ даласында жүзеге асырылған, яғни мәні жағынан бірлескен діни және пәндік оқыту әдісінің дәл өзі еді. ХІХ ғасырдың жартысында жарық көрген «Мадаһил-жуғрафия» (Географиялық мадақтау), «Ал Қутубус-саадифт» (Бақыт жұлдызы, 380 бет), «Әл-Жаладус-сана мин таржима һаят һайуан» (Хайуанаттар өмірі), «Тиб акфар фарси» трактаты (Ұлы парсының медицинасы, 443 бет), «Канон асари» (Заңдар негізі), «Араби тарақият мәдинуси» (Араптар мәдениетінің дамуы) сынды зерттеулердің маңызы аса жоғары. Осылардың ішінде «Ғылым төңкерісі» (Қозғалыстар ғылымы) ең жарық еңбек. Тілтануға байланысты зерттеулер және араб, парсы, түрік тіліндегі сөздіктердің саны да біршама көп. Мұндай мазмұндағы кітаптар Абайдың тіршілік пен жаратылысты танудағы тыңғылықтылығын, қалыптасу барысын, ой-қиялының тереңдігін, парасатының биіктігін, жан-жақтылы терең білімін анық аңғартып тұр. Бұл шығармаларды білмей тұрып, ұлы ойшыл, қазақ ақыны хакім Абайдың үгіт-насихаттары мен адамзаттық пайымының терең тамырлары туралы сөз қозғау артық болар еді. Өйткені бұл таңдаулы еңбектер Абайдың шығармаларын оқыған адам үшін қажет, таңдаулы эстетикалық қайнар көзді айқындап береді. Тыңдаушы мен оқырман ақынның таңдаулы пікір және сенім тәлімгерлігіне терең бойлаған сайын, олардың жанға шипа беретін рухын түсіне береді. Бұл руханият сәулесі кең байтақ қазақ даласында кенеттен пайда болмаған. Ол бұлақ көздері арқылы ақиқаттың нұрлы шұғыласынан екенін білгеніміз абзал.
ХІХ ғасырда пайда болған саясат, экономика, мәдениет және ғылым-білім саласындағы көтерілген толқын негізіндегі сілкіністер Абай шығармашылығы үшін маңызды. Бұл мәдени бұлақ көздері арқылы, орта ғасырдағы мұсылмандық қайта өрлеу дәуірінің қайталанғаны секілді үрдіс белең берді. Мәдени мұрагерліктің жетік меңгерілуіне батыл түрде бет қойды. Ортағасырлық мұсылмандық қайта өрлеу дәуіріне тән еңбектердің Абай әдебиетіне ықпалы, ХІХ ғасырдағы дүниежүзілік ауқымдағы қоғамдық-саяси және мәдени өзгерістердің ұлы ойшылға жасаған әсерінен кем емес.
Мұсылмандық қайта өрлеуге байланысты Абайдың алғаш ықылас қойып оқыған кітабы сопылық мәснәуи жанрын өмірге алып келген Мәуләуи сопылық ағымының негізін қалаушы, шейх Румидің «Жәләдун сани мәснәви» (екінші кітабы), «Жәләдун саласи мәснәви» (үшінші кітабы), «Жәләдун раба мәснәви» (төртінші кітап) және ғұлама Әлішер Науаидың «Мәхбубул-кулуб» (Жүректің кілті) сынды кітаптарды айтуға болады. Бұл шығармалар Орталық Азия халықтары арасында кең көлемде таралған, оның мұсылман қоғамына әсері өте жоғары дәрежеге жеткен. Абай сонау жас кезінде «Йузи рәушән», «Әлифби», «Физули, Шәмси, Сәйхали» өлеңдерін жазып еді. Бұдан біз Шығыс әдебиетінің әсерін байқаймыз. Бұл қызығу Орта Азияда лап етіп көтерілген руханият ілімімен тығыз байланысты. Мәжит Хауафидің «Рухани білім ақыреттегі құрмет пен бақыт үшін бұл дүниедегі өмірді тәртіпке келтіруге қызмет етеді» деген нақылы сенімге айналған еді. М.Мырзахметовтың пікіріне қарағанда, Абай мен Шәкәрім «Құтты білікті» талдап, тіпті «Қабуснамамен» танысуға ынтыққан көрінеді. Демек, ғұлама олардың «Али шәһәр» (озық қала) сеніміне ерекше мән берген. Абайдың Ахмет Йасауидің Мұхамет пайғамбарды мадақтаған хикметтері ол жерде түптеліп сақталған. Ахмет Йасауи жасампаздығына бағышталған көптеген қолжазбаларының арасында аталған хикметтің бұл формада сақталып қалуы таңғаларлық жағдай екені анық.
Абай 1888 жылы Ыстамбұлда «Артен Асазурян» баспасында басылған «Әдебиет және саясат», әдебиет пен көркемөнер мәселелерінің біртұтастығы ашық түрде мойындалған кітаптармен толық танысып шыққаны анық. Сондай-ақ осы бағыт бойынша «Тіліміз бен әдебиетіміз», «Шығыс мәселесі», «Түріктердің еуропалануы», «Өргі қақпа» секілді материалдармен бірге Түркия және Франция, Түркия және Ресей қарым-қатынастары туралы зерттеу сипатындағы материалдарды да мұқият үйренеді. Абай сол дәуірдегі Түркияның ішкі-сыртқы саясатының тарихына төтенше қызыққан екен. Ол 1899 жылы әдебиеттанушы Зада Таһир тарапынан даярланған әрі Ыстамбұлда басылып шыққан «Османлы әдебиеті» атты кітапты біршама толық зерделепті. Ол кітапта поэзия мен проза теориясы баяндалып, әдебиеттің нәзариялары (теориялары) берілген болатын. Біз бұған қарап Абай өзі шығарған «Алты аяқ», «Сегіз аяқ» өлең формаларының пайда болу себептерін анық түсіне бастаймыз. Сол себепті ақын түрік силлабик (бармақ) поэзиясын реформалаған, жаңғыртқан әдебиетшілер қатарынан орын алады. Жалпы әдебиет тарихына зер салсақ, түрік ақындары поэзияның формасына қатты назар аударып отырғанын көреміз. Мысалы: Әлішер Науаидың «Мезанул-аузан», Бабурдың «Аруз рисәласы», Шаих Әхмәд ибн Худайдад Таразидың «Фунун бәләғә», (Сөз өнері), Юсуф Саккакидің «Муфтахул-улум», Әл-Жауһаридің «Арзу әл-Уркати» қатарлы шығармаларын атап айтсақ та жеткілікті. Шынтуайтында, Абай поэзиясы бұл аталған жайттардан алшақ емес. Өйткені ұлы ойшыл Абай өзінің жаңа ритмді өлеңдеріне «Китаб тасбих» деген сипатта қарағанын жақсы білеміз. Біздің осы кезге дейінгі мұқият зерттеуімізге қарағанда, Абайдың шынайы болмысының түпкі тегінде айналаны танып білуге деген қызығуы мен оның «толық адам», яғни «Хақ» ілімінің мәнін айқындауымен тығыз байланысты екенін көреміз.
Бұл жорамалымыз бойынша, Әзербайжан халқының классикалық әдебиетінің негізін қалаушы Мұхаммет ибн Сулайман Физули (Тәбризи) Абайдың еңбектерінен бірінші орыннан бой көрсетеді. Физули энциклопедиялық білімге ие болған (дәрігерлік, астрономия, құқық, математика, ежелгі грек және шығыс философиясы) жан-жақтылы ғалым. Ол әділетсіздіктің әр қандай формасына қарсы тұра білген, саф-ізгі ниетті руханият әлеміне қол созған тариқат – «Хақ» жолындағы адам. Абайды ерекше қызықтырған ақындардың бірі Шәмс әд-дин Мұхаммет ибн Маликдад Тәбризи. Ол Абайға тасаууф фәлсафасы тұрғысынан ең алғаш әсер еткен адам. Тіпті атақты Румиді де Абай ұстаз ретінде құрметтеген. Сол себепті Абай Шәмсиді махаббат жолындағы ғашықтыққа шабыт беретін күш деп таныған және оның атын ерекше құрметпен атаған. Абайға айырықша ықпал көрсеткен адамдардың қатарында Әбу Мұхаммад Муслих әд-дин Абдуллаһ ибн Сағди Ширази екен. Сағдидің «Гүлстан» атты еңбегі ислам дүниесінің теңдесі жоқ байлығы болып саналады. Сағди өз өмірінің жарымын сапармен өткізген жиһангез. Ол жиһангездіктің дәмін әбден татқандықтан жаратылыс әлемінің құпия сырларын біліп, көркемдікті ашуға құлшынған. Ол от пен крестке табынушылардың қорлығына тікелей ұшыраған және оған төзімділік танытқан. Міне, сол қаһарлы да заһарлы ғасырдан құтқарған «Жарық бір күн» Сағдидің бүкіл қайғылы өміріне нұр берген сәт. Сондықтан ол «Хақты» тануға лайықты болғаны үшін мақтанышпен әсерге бөленген. Абай оны «Хақ билік» ретінде қабылдаған. Бұған оның «Ғақлия» қара сөздеріндегі ой-пікірлері куә. Абай тәнті болған ойшылдардың қатарында парсы халқының мақтанышы Шамсиддин Ширази Хафизді айтуға болады. Хафиздің білім мен ғылымның есігін ашып кірудегі қабілеті өз заманындағы саналы кісіні қайран қалдырған. Жүрегінен төгілген жырлары гауһардай жарқыраған. Ол өз жыр-дастандарын жатқа оқып, ән-күйге айналдырып, «Хақтың» махаббатына қол жеткізуге бар ықыласын салған. Абай Хафиздің бұл ерекшелігін өте жоғары бағалаған екен. Абай қызыға қарап аузынан тастамай айтып жүретін ақындарының бірі «Диуани Сайқали» кітабының иесі Сайқали атты бір данышпан. Ғалымдар Төрәлі Қыдыр және Бауыржан Мырзақұлдың пікірі бойынша, «Абай аттарын атап, шабыт шақырған шайырлардың қатарында XVІІІ ғасырда (анығы 1730-1798 жылдары) өмір сүрген, діни-танымдық, діни-сопылық және діни-дидактикалық тақырыптарда қалам тербеген түркі ақыны Сабыр Сәйхали».
Бұл ойшыл туралы нақты деректер өте аз сақталғандықтан біз де тереңдей бара алмаймыз. Алайда Абай Сайқали ғазалдарымен жақсы таныс болғанын аңғартады.
Абай ұстаз санаған ойшылдардың бірі – Әлішер Науаи. Өйткені Әлішер Науаий «Хақ» жолына түскен ізгі жандардың ең бір айтулы тұлғасы саналады. Абай үшін ақынның шығармалары баға жетпес байлыққа айналған. Әсіресе, қазақ ақынының қара сөз «Ғақлияны» жазудағы түпкі мақсаты – «Хақ» ілімінде оның одан ары тереңдеуі дер едік. Абайдың Шығыс классиктерінің аты-жөнін ерекше құрметпен, мақтаныш сезіммен тілге алып, жырға қосуы кездейсоқтық емес. Бұл Шығыс мәдениетінің айырмашылығын әрі ерекшелігін танудағы сіңірген үлесімен тығыз байланысты. Ол Шығыстың шипагерлік сенімін рухани тазалығының және имандылығының нәтижесі деп таныған. Жаратылыс сафтығы мен руханиятының кемелдігі деп таныған. Бұл сопылық дәстүрдің мән-маңызын паш еткен сипаттардың бірі. Тән мен рухтың саулығына негізделген «Хақ» дегеніміз пәк махаббаттан ишарат береді. Сондықтан ғашықтықтан пайда болған «Хақты» илаһи мұғжизалы құбылыс деп таныған дұрыс. Ұйғыр ақындары Хирқити мен Зәлили: махаббат – ол адамзатқа тарту етілген теңдессіз Алланың жар сыйлығы деп таныған. Даналардың ойынша оның жеке мағынасы «Хақ» махаббаттан туындайтын тазалық. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов Абай әдебиетіне сүйене отырып, оны «Толық адам» ілімі деп атап отыр. Абайдың қара сөз «Ғақлиялары» «Хақты» танудағы бірден-бір айқын мысал. Бұл шығыстық мұсылман дәстүріне тікелей барып тірелетін ерекшелік.
Абайдың «Хақты» тану ілімі ислами кемелділікке жету жолымен ұштасып, бірлесіп кеткен. Абай «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа» деп ой түйді. Жүректі пәк, таза қалпында ұстап отыруға үндеді. Бұл сенім бойынша адам өзінің таза жүрегіне өшпенділік ұрығын егуге мүлде болмайды. Демек, батыстықтар ойлағандай: Алла махаббат пен қарғысты қатар жаратқан жоқ. «Құран Кәрімнің» тағы бір аятындағы аманатта Алланың бұл ғаламды көркемдікпен жаратқан. Абайдың көзқарасы бойынша, адамзат пен мына дүние махаббатпен көмкерілсе, онда адамға ғашықтық пен сүюден басқа жол жоқ, онсыз өмірде мән жоқ. Бұл адамды хайуаннан ажыратып тұратын таза рухани сипат. Бұл айтқан пайым ұлы ойшылдың рухындағы ілімнің бірден-бір түп қазығы. Ақын мына шумақтарды дүниетанымы ретінде алға ұсынады:
Адам бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі ол баяғы.
Егер осылай бола қалған жағдайда адам қаратүнекке, жамандықтың ластығына түскенмен бірдей. «Адам өмірінің мақсаты – жетілу және кемелдену» дейді Абай. Бұл – әрбір адам үшін ең маңызды рухани қайнар көз және қойылатын басты талап. Адам баласы бұл ұстанымнан аулақ болса, онда ол қайыршылықтың шегіндегі бір махлұқ қана болып есептеледі.
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа.
Хакім Абай үшін, өмір сүрудің екі жолы бар. Ол ғашықтық пен құмарлық жолы. Құмарлық жолын таңдағандық – нәпсіні ұстай алмаудың, оны тежей алмаудың анық бір ишараты. Қарғысқа тап болғандық. Көңілдің рақатын жоғалтқандық.
Абай қалаған екінші бір өмір сүру жолы: Жаратылыс дүниесін және реал тұрмыс талаптарын зер сала жан-жақтылы үйрену. Өзгеріп отырған тіршілікті тану үшін білімге құштарлықты жетілдіру. Біз мұны Абайдың өмірлік тәжрибесінен анық көре аламыз.
Абай үшін «Хақты» танудың ең маңызды тармағы – нисбәт (Алламен болған байланыс). Абайдың нисбәт жолы – «әбият» (музыка немесе ән мен күй арқылы. Ән-күй арқылы Жаратушыға және жаралған дүниеге ғашықтығын жеткізу). Хакім Абай мұны «Хақты» танудағы маңызды ғибадат амал деп тани отырып, ән-күй арқылы ішкі ниетін шығармаларымен шығарып отырған. Абайдың көптеген ән-күйі халықтың қазынасына айналып, кең таралып кеткенін білеміз. Сол себепті де біз Абайдың «Масғұт» және «Ескендір» дастандарының әуел баста саз-әуенімен шығарылғанын анық жорамалдай аламыз. Өкініштісі, олар бізге жетпей қалған. Абай руханияты оның «Әбият» (музыкалы) сеніміндегі ұстаныммен тығыз байланысты екеніне шүбәміз жоқ.
Абай Француз Ле Мариаштың 1881 жылы Каирде жарық көрген және Нуһли Салиһ аударған «Шертуруде» атты музыка және күй туралы шығармасын толық оқып, меңгергені анық. Бұл жағынан ол Әбдірахман Жәми мен Әлішер Науаидың музыка трактаттарын өзіне үлгі етіп үйренгені анық. Абай шығармаларындағы «Алла бұл дүниені көркемдіктің бір белгісі сипатында жаратқан» деген сенімі Лутфи, Әбдірахман Жәми және Әлішер Науаидың басты ұстанымының заңды жалғасы ретінде қабылданса да, олардың көзқарастарынан өзіндік айырмашылығы бар. Бұл жағынан қазақ ғұламасы көркемдікті сезінудегі таңдаған жолы – парсы және әзербайжанның көрнекті шайыры Шаһ Фазуллаһ (Фазл) ибн Мұхаммет Наими Тәбризи Астрабадидур екені даусыз. Тасаууфта «Гүлстандық», «Бостандық» сынды эстетикалық образдар Алланың көркемдігін сезінуде маңызды түрткі күш деп есептелсе, Наими үшін Құран Кәрімде қолданылған сөздермен (аяттармен) «әліпбе» әріптері дәл сондай қасиетке ие. Әдебиеттегі бұл бағыт «хуруфизм» деп аталады. Әсіресе, араб әліппесіндегі әріптер тізбегі теңдессіз көркемдіктің бір арнасы сипатында бағаланады. Бұл көркемдікті тұғырлы нысана ету арқылы Алланың ең жоғары сұлулығын елестетуге болады деп түсінген. Оның бет әлпетіндегі қас, шаш, мұрын, ерін, иек, және мойын әрбір әріптерге ұқсатылып әрі көркемдіктің қалыбы формасында келтірілген. Сондықтан да Абай осы идеяның жетегімен бірнеше шығармасын өмірге әкелді. Оның шағатай заманында қалыптасқан әрі жалпыға ортақ түрік әдеби тілі ретінде жазылған «Йүзи рәушән» және бір қатар өлеңдері дәлел бола алады.
Түйіндей айтқанда, Абай, Алтынсарин, Шәкәрімнің қазақ даласында біршама дамыған ағартушылық негізінде пайда болған қоғамдық-экономикалық реформасы екі үлкен мәселенің шешім табуына түрткі болды. Біріншіден, ХХ ғасырдағы қазақ даласында қоғамдық-саяси және мәдени жақтан жалпықоғамдық біртұтас ұстанымға ие болған озық ақыл-ойдың өмірге келуін алдын-ала әзірледі. Екіншіден, қазақ этно-мәдениеті мен ұлт ретінде өзіндік бірлігін тұрақтандырып алуына жол ашты.

Қазақ тіліне аударған:
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
ақын, ҚЖО-ның мүшесі.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *