Вице-министр қызметінен босатылған Камалжан Надыровтан COVID-19 анықталды

222

Үкімет қаулысымен Камалжан Талғатұлы Надыров басқа жұмысқа ауысуына байланысты денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылған еді.

«Алматы қаласында коронавирустық инфекция кеңінен тарап, жағдай қиындаған соң Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қазіргі басшысы Тілеухан Шілдебайұлы Әбілдаев отставкаға кету туралы өтініш білдірген болатын. Қаладағы команданы күшейту мақсатында басқарма басшысы лауазымына К.Т.Надыровты тағайындау жоспарланған еді. Алайда, кеше кешкісін К.Т.Надыровқа коронавирустық инфекция жұқтырған деген диагноз қойылды, қазір ол емделу үшін ауруханаға жатты. Әріптесім Камалжан Талғатұлының тез сауығып кетуіне тілектеспін және қолдау білдіремін!», — деп жазды ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook парақшасында.

Осы жағдайға байланысты Алматы қаласы әкімінің келісімімен Т.Ш.Әбілдаевтың отставкаға кету туралы өтініші тоқтатылатынын айтып өтті.

«Жалпы, Алматыдағы COVID-19 қатысты жағдай мемлекет және қала басшылығының ерекше бақылауында. Бүгін таңғы мәлімет бойынша мұнда 678 адамның инфекция жұқтырғаны анықталды, скрининг нәтижесінде науқастардың жартысына жуығы медицина қызметкерлері екені белгілі болды», — деді министр.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *