Адам арманымен асқақ!

266

Арман… Осы бір сөздің мағынасын бұрын да түсінетінмін. Бірақ төтенше жағдайға сәйкес үйде отырғанда «Арман» деген ұғымның терең екенін ұққандаймын. Бәлкім, менің жазғанымды оқыған адам: «Арман мен тілекті шатастырыпты» дейтін де болар. Бірақ мен үшін арманның үлкен-кішісі болмайды. Адам мақсатына жету үшін шынайы армандай білу керек шығар. Сонда ғана үміт оты тұтанып, адам шабыттанады, алға ұмтылады.
Менің арманым — аман-есен орта мектепті бітіріп, келесі жылы ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, Мемлекеттік грант иегері атанып, жоғарғы оқу орнына түсіп, белгілі маман иесі болып, ата-анамның, ұстаздарымның үмітін ақтап, жар, ана атану, адам атқа лайық болу. Иә, әр қазақ қызының арманы осы шығар.
Бірақ, осы бір арман қандай жағдайда іске асады? Әрине, еліміз тыныш, жұртымыз аман болған жағдайда ғана жүзеге асады. Себебі мен өзімді қоғамнан бөлек қарастыруға тиісті емеспін.
Қазір карантин кезінде күнім қалай өтіп жатыр? Күнім отбасымен бірге, үйде өтуде. Дегенмен, қанша бәрі дұрыс деп өзімді жұбатуға тырыссам да көңілім алаңдаулы. Таң атқанда таңды көрсеткен Аллаға шүкірлік етемін де, жаңалықтардан «Бүгін ауырған адам жоқ, карантин бітті» деген хабарлама естісем деп тұрамын. Күнделікті ас-су дайындап, жағдайымызды жасап отырған ата-анамның жүзінен де сездірмеуге тырысатын алаңдаушылық байқаймын. Қашықтан оқытуға тырысып жатқан әр ұстазымның дауыс ырғағынан, жазған жазбасынан, көзінен сағыныш лебін көремін. Достарыммен телефонмен сөйлесіп, өткен күндерді еске алып, болашақта осылай жасайықшы деп жоспарлаймыз. Бірақ жүректе жүздессек қой, кездесіп, тілдессек қой деген арман тұрады. Терезеден сіңлім екеуміз сыртқа қарап отырып: «Алла қаласа, әлі-ақ, емін-еркін далаға шығып, серуендейміз» деп қоямын. Тап сол сәтте жолаушысын күтіп, мұңайған ұзын-сонар жолды көріп, көңілім құлазып қалады. Түнде ұйықтар алдында » ертең бәрі жақсы болады» деген үмітпен ұйықтаймын. Бұл қазіргі таңдағы әр оқушының ойы мен арманы болар, сірә!

Міне, сондықтан да дәл қазіргі арманым — әлемдегі әр адамның арманымен үндес деп есептеймін. Менің арманым — әлемді әбігерге салған індеттің жойылуы.
«Аты жаманды атама» деп, әжем айтатындай, дәл қазір атын атауға да жүрексініп отырмын. Аты жаман індет жойылса, ешкім жұқпалы дертпен ауырмаса, ауырғандарға Алла шипа берсе, халқым аман болса, туған жерім — Алматым күнделікті тіршілігіне кіріссе, ата-анам да, бауырларым да уайымға салынбаса, қамсыз жұмыстарына барып келсе, ең бастысы, достарыммен, ұстаздарыммен жүздессем, алтын ұя мектебім — М.Мақатаев атындағы №140 гимназияға қуана барып, білім алып қайтсам… Жақын күндері осы бір арманым жүзеге асса, менен бақытты жан болмас. Шынымды айтсам, көп нәрсенің қадірін білмеппін. Төтенше жағдайға дейінгі күндерім ең тамаша күндер екен. Қамсыз күлгенім, уайымсыз жүргенім — бір бақыт екен ғой…
Төтенше жағдайда түйгенім: отаным, халқым, елім, әлем бақытты, мұңсыз күн кешсе, мен де бақытты екенмін. Сол себептен де, менің дәл қазіргі ештеңемен ауыстыра алмайтын, басты арманымның орындалуын, яғни карантиннің бітуін Алладан күні-түні сұраймын. Жаратушы Аллам, арманымның орындалуына жәрдемдесе гөр!

Әбдіманап Дана,
М.Мақатаев атындағы
№140 гимназияның
10 «Г» сынып оқушысы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *