АЛДЫҢҒЫ ШЕПТЕ АҚ ХАЛАТТЫЛАР

581

Әр дәрігер оқуға түскенде және диплом алғанда ақ халатын киіп, ант береді. Індеттің беті қайтпай тұрған осы бір алағай да бұлағай шақта дәрігердің антына адалдығы біздің де көңілге медеу, жанымызға тіреу. Күллі әлемді жаулаған індеттің аясы ұлғайған бұл шақта күн мен түннің ауысқанына қарамай алдыңғы шепте дертпен күресіп жүрген осынау жандардың әрқайсысына айтар алғыс шексіз. Иә, олар да ет пен сүйектен жаралған. Олар да, міне бірнеше апта аунап өтсе де, жақындарының қасында бола алмағанына іштей жабырқайтын шығар. Олардың да өз үйі, өлең төсегінде отырып күллі әлемді уысына ұстаған індеттің жай-жапсарын сырттай ғана бақылап отырғысы келіп кететін көңіл қалауы болмайды деп кім айтты? Бірақ олардың анты бар. Ел мен жерді ауру шарпыса ең алдымен соны емдеймін деген ұстанымына берік. Олар біздің заманның қаһармандары, бүгінгінің батырлары. «Кез-келген адамға дәрігерлік көмегім қажет болғанда бас тартпай орындаймын; ең алдымен аурудың қамын ойлаймын; дәрігерлік өнерге қызығушылық адамдар немесе әріптестерім менен көмек талап етсе, оларға ақыл-кеңесімді, керек болса, тегін әрі ешқандай шарт жасаспай-ақ көмектесемін деп ант беремін. Жариялауға мүлдем болмайтын дәрігерлік құпияны, сондай-ақ маған сеніп айтқан жеке сырларын ешкімге тіпті, ол қайтыс болып кетсе де жарияламайтындығым үшін ант етемін». Бұл Қазақстан Республикасы дәрігерінің антынан үзінді. Олар індеттің таралуы өршіген бүгінгінің күнінде осы антына адал болып қалды…
Дәл қазір коронавирус инфекциясына қарсы күрестің алдыңғы легінде жүрген медицина саласының қызметкерлерін қолдау мақсатында, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің еңбекақысына ай сайын үстемақы белгілеуді тапсырды. Осы орайда «Ана тілі» басылымы қауіпті дертпен күресіп жүрген дәрігерлермен тілдесіп көрді.

«Қомақты қаржы береміз, қауіпті жолға дайынсыз ба?» десе не істер едіңіз? Өмір мен өлімнің ортасында жүруге тәуекел етіп, басыңызды қатерге тігесіз бе? Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз ешқандай қаржы ұсынбай-ақ, өз еріктерімен қиындығы мен қатері қатар жүретін жолды таңдады. Ал олардың еңбекақыларына үстемақы тағайындау сәл кейінірек қабылданған шешім болатын.

Алматы облысы, Қарасай аудандық ауруханасының жұқпа-лы аурулар бөлімінің меңгерушісі Сәуле Барақбаева 1991 жылдан бері осы ауруханада жұмыс істейді. Дәрігер мамандығын алғаннан кейін аталған ауруханаға жұмысқа орналасқан ол 29 жылдан бері жұқпалы ауруларды емдеуде қызмет етіп келеді.

«Медицина саласын таңдағанда өмірімде кездесуі мүмкін барлық жағдайға дайын болдым. Біз ақ халатпен палатаға кіргенде, емделіп жатқан науқастардың көзінен Құдайға деген үмітті, дәрігерге деген сенімді көреміз. Сол үшін антымыз бен ақ халатымызға адал болуға тырысамыз. Ал қазіргі таңда барлық елде болып жатқан пандемиямен күресте де бәріміз біріксек жеңеміз деп сенемін. Ең бастысы, карантин талаптары мен жеке бас тазалығын барынша қатаң сақтауымыз керек. Қарапайым халық осы жағдайда ғана бізге көп көмектесе алады. Сонда ғана қауіпті дерттің бетін қайтара аламыз» дейді инфекционист-дәрігер Сәуле Барақбаева.

Қарасай аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде  9 дәрігер, 45 медбике және 40 санитар жұмыс істейді. 30 медицина қызметкері осы індетті емдеуге жұмылдырылса, бүгінде 19 адам карантинде, 11-і жұмыста. Мамандардың үйлеріне бармағанына бір айға жуықтап қалған.

«Міне, үйімізге бармағанымызға, отбасымызбен қауышпағанымызға бір айға жақындады. Мені үйде 80 жастан асқан анам, жолдасым мен 12 жастағы қызым күтіп отыр. Қолым босаған кезде телефонмен сөйлесіп, олардың да көңілін аулап қоямын. Әзіл әңгімелер айтып, менде бәрі жақсы екенін сездіремін. Өйткені олар мен үшін алаңдап, екі көзі төрт болып отырғанын білемін. Жолдасым мамандығыма әрдайым түсіністікпен қарап келеді. Ал қарт анам мен кішкентай қызымның көңілін арнайы аулау керек. Өйткені мен анам үшін әлі баламын, ал қызым үшін анамын.

Осы айда дәрігерлерге қауіптілігі аса жоғары, жоғары және орташа деген үш дәрежеге сай үстемақы төлене бастады.  Біздің бөлім дәрігерлері қауіптілігі жоғары санатқа жататындықтан, соған сай үстемақыларын алды. Бәріміздің картамызға үстемақы қоса түскенде, көңіліміздің көтеріліп қалғаны рас. Мәселе ақшада емес, ойлаңызшы, біз бір айдан бері сыртқа шықпадық, отбасымызбен қауышпадық, әріптестеріміздің бірін көрсек, бірін көрмедік. Белгіленген территориядан ары аспадық. Тек қана науқастардың арасында, әр сырқаттың өмірі үшін күресіп жүрміз. Пандемия деген жақсы нәрсе емес. Соны біле тұра, сезе тұра осы қауіптің ішінде жүру оңай емес. Айлығымызға қосымша үстемақы алу – көңілді бір сәт болсын басқа жаққа аударуға жақсы себеп.

Дегенмен бір нәрсені айта кетуіміз керек. Біз күрес жолына үстемақы үшін түскен жоқпыз. Бұған дейін «Коронавирус індетіне қазақстандық дәрігерлер дайын болды ма?» деген заңды сұрақ туындағаны рас. Біз өткен желтоқсан айынан бері жағдайды біліп, дайындалып жүрдік. Вирус елге келе қалса, науқастарды емдейміз, күресеміз деп өзімізді моральдық, психологиялық тұрғыдан дайындадық. Сондықтан біз үшін үстемақы емес, халқымыздың денсаулығы бірінші орында болғанын айтқым келеді. Қалыпты өмір кезінде де айына 7-8 ауысымға кезекшілікке түсіп, күндіз-түні дәл осы қызметімізді атқарып жүргенбіз. Біз үшін артқа жол жоқ, таңдаған жолымызбен өмір бойы алға басып келеміз» дейді Қарасай аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Сәуле Барақбаева.

Ал инфекционист дәрігер Әсем Омарованың жасы 27-де. Коронавирус дертімен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлерінің қатарында. Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық жұқпалы аурулар ауруханасында қызмет етеді.

«Мен «Қауіптілігі орташа» карантиндік стационарлардағы дәрігерлер қатарында қызмет етіп жүрмін. Біз осы жерде жұмыс істеп жатқаннан кейін еңбекақымызға қоса үстемақы да түсті. Мeдициналық үстeмақыға менің өз тарапымнан емес, жұмыс орнымнан өтініш бeрілгeн.

Дәл қазір мен 80-нен аса науқаспен тікелей байланыста болған адамдармен жұмыс істеп жатырмын. Олар науқас емес, олар тек ауру жұқтырғандармен байланыста болғандар. Бірақ, алдын-алу шараларына байланысты тиісті анализдерін тапсырып, 14 күн бойына жағдайлары тұрақты түрде тексеріледі. Осы орайда  біз үлкен қауіптің алдын алып, олармен жұмыс істеп жатырмыз. Ол үшін біздің бөлімде 7-8 дәрігер еңбек етіп жүр.

Қазіргі таңда елімізде бұл індетті жұқтырғандар саны да өкінішке қарай, күн сайын артпаса, кемімей тұр. Ал осының бәрін көріп отырып, қалай ақша туралы ойлауға болады? Егер денсаулық болмаса ешқандай атақ-дәреже де, ақша мен байлық та керек болмай қалады» дейді Әсем Омарова.

Әсем Бихасымқызының айтуынша, отбасың, жақындарың жаныңда болмағанда, азат елде еркін жүріп тұра алмасаң, қолыңдағы ақшаны жарата алмасаң онда оның маңызы шамалы. Үстемақы алған дәрігерлердің қазіргі көңілі қаражатта емес, қасындағыларының амандығында болып отыр.

«Қазіргі кезде көп жерде дәрігерлерге беріліп жатқан үстемақы туралы сөз болады. Иә, рас, ақша біздің өмірімізде аз орын алмайды. Қажеттілігі ешқашан жойылмайды. Дегенмен бұл өмірде маңыздысы ақша емес екенін бәріміз түсінеміз. Әрине, мемлекет бізді қолдап, үстемақы беріп жатқаны бізді қуантады. Дәл осы қиын жағдайда дәрігерлердің мәртебесі көтерілді деп ойлаймын. Ең бастысы мына күресте біз жеңіп, осы сынақтан халқымыз аман-есен, бәріміз бүтін шықсақ екен. Күндіз-түні тек осыны тілейміз.

Мысалы, үйіме бармағаныма бір айдан асты. Ата-анамды, бауырларымды сағынамын, олар да мені асыға күтіп отыр, бір жағынан алаңдайды. Бірақ қолым қалт етсе, отбасыма хабарласып, алаңдауға ешқандай негіз жоқ екенін айтып, сабырға шақырамын. Бұйырса, мына індеттен аман-есен шықсақ, отбасымызбен де, жұмысымызбен де, халқымызбен де аман-есен қауышатын күн келеді.

Бізде маска, арнайы көзілдірік, резина аяқ киім, қорғаныс костюмі бәрі бар. Бұл киімдердің өзін белгілі сағат арасында залалсыздандырып отырамыз. Неше сағат сайын дезинфекция жасап, ол қанша уақыт тұруы керек деген арнайы нұсқаулық бар. Соның бәрін қатаң ұстанып отырмыз» дейді инфекционист Әсем Омарова.

Дәл осы Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық жұқпалы аурулар ауруханасынның инфекционист дәрігері Махамбет Абдуллаев та барлық нұсқаулықтар бойынша қызмет етіп жүрген маман. Бұл ауруханада жұқпалы аурулар бөлімі 60 орынға арналған, оның 30-ы ересектер үшін болса, 30 орын балалар үшін. Мұнда жұқпалы аурулар келіп түскен сәттен бастап шығару сәтіне дейін басқа жұқпалы аурулармен ауыратын науқастармен араласпауы үшін ағынды-өткізу жүйесі негізінде қабылдайды және бокстарға орналастырады. Науқасты алғашқы санитарлық өңдеу, оның заттарын дезинфекциялау және дезинсекциялау, бөліністерді залалсыздандыру, рационалды терапия, қорытынды дезинфекциялау және шығару алдында бактерия тасымалдаушылыққа бақылау жүргізудің бәрі осы аурухана қызметкерлерінің атқарып отырған жұмысы.

Бұл туралы әңгімелеп берген Махамбет Абдуллаұлы дәрігерлерге оңай тиіп жатпағанын атап өтті.

«Иә, бұл қиын кезең ешкімге де оңай тиіп отырған жоқ. Әсіресе, осы күрес жолында еңбек етіп жатқан дәрігерлерге ауыр тиюде. Бірақ біз өз парызымыз бен міндетімізді мүлтіксіз атқарып, антымызға ақырына дейін адал боламыз. Үстіміздегі ақ халатымызды сыйлаймыз. Бұл барлық медицина қызметкерлерінің, оның ішінде біздің жұқпалы аурулар бөлімінің қызметкерлерінің серті деп білемін. Ал айлап отбасынан жырақта, қауіп-қатердің ішінде жүрген дәрігерлерге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстемақы тағайындауы мамандарды жігерлендіре түсті. Ол үшін алғыс айтамыз» дейді инфекционист дәрігер Махамбет Абдуллаев.

Айта кетейік, үстемақы төлемі коронавирусты жұқтыру қаупі бар үш топ бойынша 3 айдың ішінде жүргізіледі:

Бірінші, «Қауіптілігі аса жоғары» – жансақтау бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемақы 20 ең төменгі жалақыны құрайды (Жалақының ең төменгi мөлшерi – 850 мың теңге).

Екінші, «Қауіптілігі жоғары» – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемақы 10 ең төменгі жалақы – 425 мың теңгені құраса, үшінші, «Қауіптілігі орташа» – карантиндік стационарлардағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және т.б. Үстемақы 5 ең төменгі жалақы – 212,5 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, медицина қызметкері коронавирустық инфекциямен ауырған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінетін бір реттік әлеуметтік төлем көлемі 2 млн теңгені, ал көз жұмған жағдайда 10 млн теңгені құрайтын болады.

Ал бұған дейін Бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова Қазақстанда 400-ден астам медицина қызметкерінен коронавирус табылғанын хабарлады. Оның 50 пайызынан көбі алматылық дәрігерлер екенін айта кеткен жөн.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа елдерін коронавирус-пен күресте қырағылық танытуға шақырған болатын. Себебі, Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы пандемиямен күресте алдағы бірнеше апта аса маңызды болатынын атап өтті. Ал Қазақстанда Төтенше жағдай мамыр айына дейін созылып, барлық болуы мүмкін жағдайлар қатаң назарға алынып отыр.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ…




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *