Төтенше жағдай және қашықтан оқыту

495

Ғаламның жаратылысы мен адам жаратылысы түрлі тосын сыйларға толы. Бір қиындықтың арқасына жасырынып бірнеше жақсылық пен игіліктер тұрады. Кейде соны аңғармай тағдырға наламызды айтып кейіп, ашуланып та жатамыз. Дегенмен, кез-келген осындай ұрымтал сәттерден адам баласы өзіне қажетті пайдалы жағын көре білсе, баста тұрған нәубет болса да болмағандай сезілетіні анық.

Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжі, басқа да білім ошақтары сияқты, әлемде болып жатқан дүрбелеңге байланысты қашықтан оқуға көшті. Әрине, алғашқы сәттерде көптеген қиындықтармен бетпе-бет келдік. Дегенмен, білімді әрі жігерлі ұстаздар мен қызметкерлердің арқасында түйткілді сұрақтар бірте-бірте өз шешімін таба бастады. Осы орайда, ұстаздар мен шеберлерге, әкімшілік мүшелеріне шексіз алғысымызды білдіреміз!

Қажет болған жағдайда ғана мойын ұсынатын, болмаса зияны көп дейтін ғаламтордың ең пайдалы кеңістігіне мейлінше білек сыбана кірісетін кезең осы болар деп ойлаймыз. Бір аудиторияда отырып бірін-бірі жете түсіне алмай жүрген ұстаз бен білімалушы араларына жүздеген шақырымдарды салса да емін-еркін түсінісе бастады. Себеп: білгізуге деген ниет, білсем деген талпыныс. Тіпті білімалушылардың арасында көпшіліктің ортасында сабақ айтуға қысылатын балалар желі арқылы өздерінің белсенділігін жақсы танытып келеді.

Қашықтан оқыту барысында уақытты үнемдеп пайдалануды терең меңгере бастадық. Өтпелі кезең өмірімізге өзіндік із салып қала бермек, ал біздің алдыға ұмтылуымыз шарт. Ертеңгі күні біздерді тағы қандай тосын құбылыстар, өмір кезеңдері күтіп тұрғаны беймәлім. Дәстүрлі оқыту кезеңіне қайта оралғаннан кейін де білімалушыларымыздың қосымша мәліметтерді қайдан қарау керектігін біліп жүретіндігі айдан анық. Қазіргі оқыту жүйесінің бір пайдасы осы болса, бұданда басқа ұтымды жақтарын да жіті бақылаудамыз.

Бүгінгі күні біз талапкерлерімізді қашықтан оқыта жүріп, қалған қыруар уақытта өзіміздің қашықтап кеткен қызығушылықтарымызды қайта оятып, ізденістердің ізгі жолына жақындай түстік. ХХІ ғасырдың ұстазы – ізденіс пен жаңашылдықтың адамы болғаны жөн.

Қалада жүру рұқсатын алғаннан кейін колледжге жиі келіп жүрміз. Мүлгіген тыныштық. Немен айланысу керек? Қосымша не істесек болады? Осы сұрақтардың барысында қосымша мамандықтарды игеруді жөн санадық. Бір айдың ішінде токарьлық және дәнекерлеу мамандығын меңгеріп те үлгердік. Түрлі бұйымдарды жасап та қойдық. Жайшылықта осы мамандықтарға қызыққанмен толықтай бел шешіп кірісуге уақыт та жетпейтін. Қазір «Білгенге маржан, білмеске арзан» деген ұғымды толықтай түсіндік.

«Кез-келген тоқырау – жаңа мүмкіндіктер» деп Уинстон Черчилл айтқандай, осы қиындықтан да өзіміздің жаңа мүмкіндіктеріміздің кезеңдерінің парақтарын аша білейік.

Алматы телекоммуникация және
машина жасау колледжінің директоры
Нұғман Алмасбек 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *