COVID-19: «Болашақ» түлектері қауіпті індет кезінде антына адалдық танытуда

639

Бүгінде дүниежүзін шарпыған коронавирус індетімен өзге елдермен қатар Қазақстан да жаппай күресіп келе жатқанына бір жарым айға жуық уақыт өтті. Күннен күнге қатары артып келе жатқан науқастарды емдеп, қауіпті кеселдің алдын алуда еліміздің дәрігерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелді. Сын сағатта антына адалдық танытып, халықтың денсаулығын сақтауда талмай еңбек етіп келе жатқан ақ халаттылардың қатарында «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдерде білім алған медицина мамандары да аз емес.

«Бұл уақытша қиындық»

Елімізде алғашқы науқастардан ауру белгілері анықталғанда мамандардың алдында оларға қандай дәрежеде интенсивті көмек көрсету керек деген күрделі мәселенің туындауы заңдылық еді. Бұрын-соңды болмаған жаңа вируспен күресу біздің ғана емес, әлемде медицинасы озық елдердің дәрігерлерін де әбігерге салды. Осы тұста Семей медицина университетінің тәжірибелі ғалымдары жүйелі зерттеу жүргізе отырып, аз уақытта індетпен тиімді күресу үшін Қазақстан дәрігерлеріне көмекші құрал болатын нұсқаулық жасап шықты. Ол «Коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастардың интенсивті терапиясы» деп аталады. Нұсқаулыққа жетекшілік еткен — «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Семей медицина университетінің анестезиология, реанимотология және наркология кафедрасының меңгерушісі Сыздықбаев Марат Келісұлымен сөйлескен едік.

  • Сыздықбаев Марат Келісұлы — «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ресейдің Барнауыл қаласындағы Алтай мемлекеттік медициналық университетінде 2005-2008 жылдар аралығында докторантура бөлімінде білім алған.

Жалпы нұсқаулықты басшылыққа ала отырып ем жүргізгеннің арқасында ауыр жағдайда жатқан науқастардың беті бері қарап, емделіп жатыр. Осы әдістемелік құрал жайлы толығырақ айтып өтсеңіз?
Бұл әдістемелік нұсқаулықтың авторлары үш адам. Анестезиолог-реаниматолог дәрігер — Таңатаров Саят Замамбекұлы, Семей медицина университетінің ректоры, профессор — Жүнісов Ерсін Тұрсынханұлы және мен. Коронавирусты емдеудің қарқынды терапиясы туралы нұсқаулықты жазу барысында Қытай, Канада, Швецария, Италия сияқты көптеген елдердің әлемдік үздік тәжірибелерін, сондай-ақ отандық медицинаның жетістіктерін бір арнаға жинақтадық. Қазір бұл нұсқаулық дәрігерлердің коронавирус инфекциясын емдеуде басты құралына айналды. Соның арқасында науқастарды жүйелі, тиімді түрде емдеу мүмкіндігі пайда болды. Ендігі жерде жағдайы ауыр науқастардың өмірін мейлінше сақтап қалу жолдарын білеміз. Бастапқыда анестезиолог, реанимолог дәрігерлер әбігерге түсіп, қандай ем жасау тиімді екенін білмей қиналған болатын. Осы тұста Денсаулық сақтау министрлігі және біздің оқу орнының ректоры дәрігерлердің алдына тиімді емдеу жолдарын табу қажет деген міндет қойды. Осы мақсатта жазылған бұл нұсқаулық біздің күн-түн демей зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тынбай жасаған үлкен еңбегіміздің нәтижесі. Әрине, бір айдың ішінде оны құрастырып шығу бізге де оңайға соқпады. Өйткені, алдымызда үлкен жауапкершілік тұрды. Біріншіден, сауатты етіп құрастыру, бізге қателесуге болмайды. Екіншіден, тиімді емдеу жолдарын тез арада жасап шығу. Неғұрлым тезірек нәтижеге жетсек, соғұрлым көп адамның өмірін сақтап қалуға болатынын біз де жақсы түсіндік. Бүгінде нұсқаулықтың көмегімен науқастар жазылып, үйлеріне шығып жатқаны бізді қуантады.
Нұсқаулықпен Қытайдан келген әріптестеріңіз де танысқан екен. Олардың пікірі қандай болды?
Қытайлық дәрігерлерге біздің әдістемелік нұсқаулығымыз ұнады. Аздаған өзгешеліктер болмаса, олар да науқастарды емдеуде осы әдістерді пайдаланғандарын айтты. Коронавирусты бірінші болып ауыздықтаған елдің мамандары қолдап, оң пікір білдіргеннен кейін біздің министрлік оны дәрігерлерге нақты нұсқаулық ретінде бекітті. Ол қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығарылып, еліміздің бүкіл қалалары мен облыстарындағы емдеу орталықтарына таратылды.
Қауіпті індет халыққа оңай тиіп жатқан жоқ. Осы ретте әріптестеріңізге, халыққа қандай кеңес бересіз?
Ел басына күн туған уақытта бірлігімізді көрсетейік. Халыққа карантинге бағынып, сақтық шараларын сақтайық дегім келеді. Сонда ғана біз дәрігерлердің, медицинаның жұмысын жеңілдетеміз. Әріптестеріме жағдайға төзімділікпен қарап, жұмысқа деген жауапкершіліктеріңізді жоғалтпаңыздар, ең бастысы, ауырмаңыздар дегім келеді. Бұл уақытша қиындық. Біз біргеміз және бірлесе отырып бұл қиындықты да еңсереміз.

«Жағдайы кезек күттірмейтін науқастар бар»

Қауіпті індеттің алдын алу мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде төтенше жағдай жариялағаннан кейін көптеген мекемелер карантинге жабылғаны белгілі. Осы тұста жұмысы тоқтап, науқастарға уақытша есігі жабылған мекеменің бірі – Ұлттық ғылыми онкология орталығы. Дегенмен, төтенше жағдайға қарамастан, жағдайы кезек күттірмейтін қатерлі ісікке шалдыққан адамдар әрдайым білікті маманның көмегін қажет етеді. Осы орайда үй жағдайында отырып, халыққа қызмет көрсетуін тоқтатпаған дәрігерлердің бірі «Болашақ» бағдарламасының тағы бір түлегі — онколог-маман Құрманов Талғат Аманжолұлы.

  • Құрманов Талғат Аманжолұлы – «Болашақ» бағдарламасының түлегі, АҚШ-тың Питтсбург медициналық орталығының университетінде онкология мамандығы бойынша тағылымдамадан өткен. 

Коронавирус індетінің қауіптілігіне қарамастан, онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастардың жағдайы да ерекше назар аударуды қажет етеді. Төтенше жағдай кезеңінде қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға қандай көмек көрсетіп жатырсыздар?

Төтенше жағдайға байланысты Ұлттық ғылыми онкология орталығы да карантинге жабылды. Біз коронавируспен ауырған адамдармен тікелей жұмыс істеп жатпасақ та, карантин жағдайында өз науқастарымызға көмек беруді тоқтатқан емеспіз. Әсіресе, бұл шұғыл көмекті қажет ететін ауруларға қатысты. Оларға қиындықтар туындағанда бірден тұрғылықты мекенжай бойынша онкологтар мен профильді мамандарға жүгінуге кеңес береміз. Орталықтың жұмысы уақытша тоқтатылғанына қарамастан, біз өз пациенттерімізге қашықтықтан көмектесеміз. Мәселен, маған аптасына бірнеше рет науқастар хабарласады. Біз оларды мазалаған мәселелер бойынша сәйкесінше кеңес беріп, көмектесуге тырысамыз. Кейде науқастар маған талдау, тексеру нәтижелерін жіберіп жатады. КТ, МРТ-дан өткен тексеру қорытындыларын, сараптама нәтижелерін электронды поштама да жолдайды. Мен олармен танысқаннан кейін, науқастарға операцияға жолдама берген кездерім де болды. Карантин уақытында Батыс Қазақстан облысынан көмек қажет еткен ерекше жағдай кездесті. Синхронды ісік дейміз, екі бүйректің қатерлі ісігі, яғни екі жақты қатерлі ісік ауруына шалдыққан науқас. Қазір оған байланысты қажетті шараларды қолға алып жатырмыз, карантиннен кейін бұл мәселе шешімін табады деген ойдамыз. Тағы бір қуық безі ісігіне шалдыққан науқасты МРТ-ға жібердік. Осылайша əрбір науқасты назардан тыс қалдырмаймыз. Қазір емделушілеріміз үшін үй жағдайында жасауға болатын барлық көмек түрлерін көрсетуге тырысып жатырмыз. Онкология жағдайында көбіне жоспарлы оталар жасалады. 11 мамырда орталықтың жұмысы жанданса, науқастарды қабылдап емдеу шараларын одан әрі қарай қарқынды жалғастырамыз. Өйткені, карантинге қарамастан, жағдайы кезек күттірмейтін науқастар бар. Олар жедел көмекті қажет етеді.

Онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастарға карантин жағдайында ерекше қадағалауды қажет ететін шарттар бар ма? Оларға қандай кеңес бересіз?
Біріншіден, әрине, жалпыға бірдей бекітілген шарттар, яғни карантин режиміне бағынып, оқшаулану. Қолды жиі жуу, сыртқа міндетті түрде бетпердемен шығу деген секілді ережелерді қадағалауға кеңес беремін. Сондай-ақ, дұрыс тамақтануға ерекше көңіл бөлу, талшыққа бай тамақ өнімдерін, дәрумендерді пайдаланған жөн. Онкологиялық ауруларға аса қажетті нәрсе – жақсы көңіл-күйді сақтау. Қазіргі коронавирус індетінің қарқынды таралуы уақытша құбылыс. Оның ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір аяқталатын кезі болады. Уақыт өте келе қалыпты өмірімізге қайта ораламыз. Сондықтан, өздеріңізді және жақындарыңызды қорғап, аман болыңыздар!

Дəрігерлермен тілдескен:

Гауһар Түстікбаева

«Қазақ газеттері» серіктестігі




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *