«Қайырымдылық керуеніне» ел-жұрт дән риза

514

Алматы облысында кәсіпкер төтенше жағдайға байланысты табыссыз қалған, күнкөрісі төмен 500 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. «Қайырымдылық керуені» атты ауыр жүк көліктері азық-түлікті облыстың үш ауданына бір апта бойы тасыды. Алғашқы көмек шалғайдағы Ақсу ауданының әлеуметтік тұрғыда әлжуаз 200 отбасына теңдей бөліп берілді.

«Басқа түскен қиыншылық кезінде ауылдан шыққан азаматтар елін ұмытпай, халыққа көмегін беріп жатыр. Мұнша азық-түлікті сатып алуға  әркімнің жағдайы келмейді. Сонау Алматыдан осыншама мол дүние келеді деп ойламаппын. Көмек жіберген Молдияр Нұрбаев деген азаматқа ауыл тұрғындарының атынан алғыс білдіреміз», — деді Бикен Баетова.

Қос көлікке тиеліп жеткен өнімдер әр отбасына бірнеше айға жетеді. Әр отбасына жалпы жиынтығы 116 келіден астам азық-түлік таратылды. Алыстан жеткен аманатты алған адамның бірі жасы 90 асқан Биғайша Машанова.

«Жастар мұндай қауіпті, қиындықты көрмесін. Дерт келмесін. Қазір мына ауру қиын болып жатыр. Күндіз-түні халқым аман болсын деп уайымдаймын. Жастар жұмыс таппай қалғанда бұл елге әжептәуір көмек болады. Елін ойлаған азаматтар аман болын», — деп батасын берді қарт әже қайырымдылық жасаған жандарға.

 Алматыдан жеткен азық-түлікті аудан әкімдігі қабылдап, өздері жасаған тізім бойынша тұрғындарға таратты. Ақсулықтар ауылдан 25 жыл бұрын кетсе де, артындағы елін ұмытпаған азаматқа ризашылық білдірді. Атымтай жомарттығымен аты шыққан Молдияр Нұрбаев былтыр 54 жыл күрделі жөндеу көрмеген атақты Мамания мектебін толықтай жаңартып, қажетті техникалық жабдықтардан бөлек оқу орынына су жаңа авткөлік те алып берген еді.

«Өткен жылы ауыл халқы бау-бақшасын суарсын, қиналмасын деп Молдияр Қылшықұлы халыққа 7 шақырым жерден су арнасын тартып берді. Былтыр алаштың ардақтысы Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдығына орай аудан орталығынан ақынның алып ескерткішін тұрғызды. Бүгін, міне, төтенше жағдай кезінде халыққа тағы қол ұшын берді. Үлкен-кішінің атынан алғыс айтамыз», — деді Ақсу ауданы ардагерлер алқасының төрағасы Арнай Амантаев.

Қайырымдылық көмек Жамбыл  мен Талғар аудандарының халқына да жіберілді. Күн көрісін Алматыдан тауып жүрген тұрғындар қазір карантинге байланысты қалаға келе алмай, табысынан айырылған. Аудан орталығынан 100 шақырымдай жерде тұратын Айнагүл есімді ананың 8 баласы бар. Сүт сатумен ғана күн көріп жүрген көп балалы отбасы қуаныштарын жасыра алмай, алған азық-түлік өздеріне бірнеше айға жететінін айтты.

«Жамбыл ауданына қарасты таудың түбіндегі Сұңқар деген 5-6 ғана үйі бар бөлімшеде тұрамыз. Бұл азық-түлік бізге бес-алты ай азық болады. Үлкен баламыз енді ғана 18 жасқа толса, кішіміз небәрі 5 жаста. Ораза айында осындай игі іс жасаған Молдияр ағаға алғысымыз шексіз», — деді Шыныбай мен Айнагүл есімді көп балалы ата-ана.

Тұрғындар бір жарым айдан аса карантинде жатқан қинала бастағанын айтады. Ал меценат осындай қиын сәтте ғана емес, ел бірлігі үшін азаматтар Президентің бастамасын қолдап, көмек қолын созу қажет деп санайды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев карантин кезінде халыққа бірнеше рет үндеу жасады. Вирустың қауіпті екенін, халыққа қиын соғып жатқанын түсіндірді. Мемлекетті дамыту жолында ел азаматтарына үміт артатынын алғашқы Жолдауында да айтты. Сондықтан бұндай сәтте қолында қаржысы бар әр азамат өзін ойлай бермей, елге, халыққа шамасынша көмек қолын созу керек деп ойлаймын. 60 тонна азық-түлікті алып, таратып беруді жөн санадым. Мемлекет басшысы қандай тапсырма берсе де, орындауға тырысамыз. Шын мықты мемлекеттен көмек сұрай бермей, елге қызмет қылу керек», — деді Алматы облысы «Газ шаруашылықтарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Молдияр Нұрбаев.

Бүгінде жасы 70-тен асса да, аттан түспеген кәсіпкер өңірге атымтай жомарттығымен танылған. Облыстан бөлек Алматының Наурызбай ауданындағы және қалаға іргелес жатқан елдімекендердегі тағы жүз отбасыға да қолұшын созды. Қайырымдылық жасаудан қайтпаған Молдияр Нұрбаев Жамбыл, Талғар, Қарасай және Наруызбай аудандарын көгілдір отынмен қамтамасыз етіп келеді. Алдына келген жанның мәселесін шешуге қашанда қол ұшын созатын азамат Алматы облысының, сондай-ақ Ақсу, Жамбыл сынды барлығы төрт ауданның құрметті азаматы атанған. «Алтын Жұлдыз» иегері, «Құрмет» ордені, «Парасат» ордені сынды көптеген атақтардың иесі атанған Молдияр Нұрбаев Рамазан айында халыққа жеңілдікпен газ тарту жұмыстарын әрі қарай жалғастырмақ. Өзі басқаратын компаниядағы  әлеуметтік жағдайы нашарлау 117 жұмысшының әрқайсысына 45 мың теңгеден тағы да ақшалай көмек бергізді. Айтпақшы, халықты газбен қамтамасыз етіп келе жатқан компаниядағы 300-ге жуық жұмысшы күнделікті тегін түстенеді екен.

Бағдагүл Балаубаева




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *