Алматы облысында 1 айлық сәби коронавирустан емделіп шықты

140

Алматы облысында Еңбекшіқазақ ауданының дәрігерлері 1 айлық сәбиді де, 73 жастағы қарияны да коронавирустан емдеп шығарды.

«Бүгін Алматы облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 14 адам ауруханадан шығарылды. Емделіп шыққан 14 адамның 9-ы бір отбасының мүшелері. Отбасында вирус жұқтырғандардың қатарында 2017 ж, 2014 ж. 2012 ж туған балалармен қатар 2020 жылдың 26 наурыз күні дүниеге келген 1 айлық сәби де бар», — делінген Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметітаратқан хабарламада. Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы аурухананың директоры Жәмила Абеуова коронавирус диагнозымен түскен ең кішкентай пациентті дәрігерлер ерекше бақылауға алғанын айтты. «Бала ауруханаға түскен кезде туғанына 18 күн ғана болған. Сондықтан ерекше бақылауға алып, күнделікті емдеу тәсілін дәрігерлермен талқылап отырдық. Балада ем қабылдау кезінде ешқандай қиындық туған жоқ. Бала анасының жанында болды. Ауруханадағы 20 күн ішінде 1 келі салмақ қосты. Қазір жағдайы жақсы», — дейді бас дәрігер.

Сонымен қатар Еңбекшіқазақ ауданында 16 сәуір күні тіркелген 2 адамның бірі 73 жастағы қария болса, 28 жастағы Есік қаласының тұрғыны. Дәрігерлер қария коронавирус инфекциясынан толық емделіп шыққанын айтады. Ал Қаскелең қалалық инфекциялық ауруханасында 17 сәуірден бастап ем қабылдаған Қарасай ауданының 49, 53, 35 жастағы тұрғындар бүгін толықтай жазылып шықты. Аталған екі ауданның емделушілеріне 1 мамыр күні жүргізілген қайта талдау теріс нәтиже көрсетті. Атап өтсек, Еңбекшіқазақ ауданында жазылып шыққандардың барлығы Рахат ауылдық округіне қарасты «Көксай», «Береке», «Алтын Алма», «Алтын адам» саяжайларының тұрғындары. Аталған саяжайларда аурудың жаңа жағдайы тіркелмегендіктен, олардағы карантин алынып тасталды. COVID-19 инфекциясының таралуы бойынша эпидемологиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты карантин шараларының режимі мен мерзімі өзгеруі мүмкін. Бірақ жалпы карантин талаптары сақталады.

inform.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *