Алматылықтар өздерінің бизнес-жобаларын іске асыруға грант алады

542

Қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлова брифинг барысында атап өткендей, мемлекеттік гранттар жаңа бизнесті ашқан немесе жолға қоюды көздеген тұлғаларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. «Қалалық басқару құрылымдары карантин шаралары аяқталғаннан кейін жұмыссыз қалған азаматтарды қолдаудың бірқатар жолын әзірлеп отыр. Мәселен, халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырудан бөлек, бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлап отырған адамдарға өтеусіз және қайтарымсыз негізде мемлекеттік гранттар берілмек. Өткен жылы мұндай гранттарды бізде 2867 адам алды. Биыл 1705 адамға 200 АЕК көлемінде қаражат бөлінді (555,6 мың теңге, 1 АЕК – 2778 тг). Соның ішінде 706 алматылықа гранттар осы айда беріледі»,– дейді Диляра Иманқұлова.

Спикердің айтуынша, «Еңбек» бағдарламасына қатысушылар мемлекеттік гранттарды алуға үміткерлер бола алады. «Бұл тізімге техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өткендер ғана енгізіледі. Сонымен қатар, «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтаған және бұрын басқа мемлекеттік бағдарламалар аясында гранттар алмаған тұлғалар, сондай-ақ қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар,көпбалалы отбасылар қатыса алады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар 200 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде беріледі. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға,еңбекке жарамды мүгедектер мен жастарға мемлекеттік гранттарды алуға басымдық беріледі»,– деді Д.Иманқұлова.

Сонымен қатар ол кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға арналған бағдарламаға қатысушылар 8 мың АЕК көлемінде шағын несие ала алатынын тілге тиек етті. «Бұл 21 млн теңгеден астам қаражат деген сөз. Биыл осындай 140 жобаға ақша бөлінді. Алғашқы үміткерлер бүгінге дейін 14 шағын несиені алып үлгерді»,– деп қортындылады Алматы қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының директоры.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *