Мемлекет басшысы «Ардагерлер туралы» Заңға қол қойды

305
Жаңа Заң ардагерлерге арналған жеңілдіктерді жүйелеп, реттейді. Мемлекет тарапынан қолдауға ие болатын тұлғалардың тізімі кеңейтіліп, нақтыланды. Жалпы, аталған заң барлық ардагерлерге, соның ішінде майдангерлер мен тылда жұмыс істеген еңбеккерлерге тиімді әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Заң бойынша ардагерлер санатына кіретін адамдардың қатары кеңейтілген. Ардагерлер қатарына Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардан бөлек, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарға қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген адамдар және еңбек ардагерлері кірген.
Осы жерде «Басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне кімдер жатады?» деген мәселенің басын ашып көрсеткен дұрыс шығар. Олар:
1) бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда);
2) оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлер;
3) Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi;
4) бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерi;
5) Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлер;
6) Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;
7) Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;
8.) Таулы Қарабахтағы этносаралық қақ­тығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары.
Жалпы алғанда жаңа Заңда ардагерлердің мәртебесі айқындалып, оларға көрсетілетін көмектердің дәрежесі жан-жақты анықталып, нақтыланған.
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «МИР» телерадио кешеніне сұхбат берді. Сұхбат барысында «Ардагерлер туралы» жаңа Заң жайында айта келіп, Жеңістің 75 жылдығына орай майдангерлерге көрсетілетін көмек турасына да тоқталды.
– Әрбір майдангерге 1 миллион теңге көлемінде көмек беріледі. Бұл шамамен 2500 долларды құрайды. Тылда еңбек еткен ардагерлер де назардан тыс қалмайды. Әрбір қазақстандықтың отбасында соғыстың салған ізі бар. Сондықтан 9 мамыр – біз үшін еске алу күні, – деді Мемлекет басшысы.



ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *