Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 08 Мамыр, 2020

Мақтарал: Мырзакент елдімекенінен жаңадан 500 үй салынады

Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдай Министрінің бірінші орынбасары Абдулла Құлдашев және Түркістан облысы Төтенше жағдай департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов Мақтааралдағы су тасқынының салдарын жою бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баспасөз брифингін өткізді. Брифингке қатысқан Өзбекстан Республикасының ТЖМ бірінші орынбасары Абдулла Құлдашев техногендік апат аймағында жергілікті әкімшілік пен ТЖД қызметкерлері жүйелі жұмыс атқарып жатқанын атап өтті. «Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.Мирзиеевтің тапсырмасы бойынша Мақтаарал ауданына келдік. Су басқан аймаққа 300-ден астам қызметкер, 186 техникамыз жұмылдырылған. Оның ішінде құтқаруға арналған, инженерлік, су тасу, жүк көліктері бар. Жергілікті әріптестерімізбен тығыз қарым-қатынаста тәулік бойы осымен 3 күн жұмыс істеудеміз. Қазіргі міндетіміз - коллекторларды тазарту, су тасыған жерлерді қалпына келтіру. 50-ден астам су тарту насосы күндіз-түні жұмыс істеп тұрғандықтан, кеше 34 мың куб су сыртқа шығарылды. Нәтижесінде Фирдоуси ауылында су деңгейі айтарлықтай төмендеді. Біз аймақтағы төтенше жағдай аяқталғанша осында боламыз», - деді Абдулла Хамидоллаұлы. Сондай-ақ, брифинг барысында Мемлекеттік комиссия шешімімен жүзеге асып жатқан жұмыстарды атап өткен облыс әкімінің орынбасары Сәкен Амангелдіұлы Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдары толықтай көшірілетінін, ол үшін Мырзакент ауылынан 500 тұрғын үй салуға 50 гектар жер белгіленгенін атап өтті. «Ресей кәсіпкері Әлішер Усманов су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының эвакуацияланған 30420 тұрғыны үшін «Түркістан» Әлеуметтік Даму Корпоративтік қорына 5 млн. 202 мың АҚШ долларын аударды. Бұл қаражат эвакуацияланған 5202 отбасының жеке шоттарына түсетін болады. Сондай-ақ, қорға отандық кәсіпкерлер мен азаматтардан 160 млн. теңгеге жуық қаржы түсті. Жиналған қаржы зардап шеккен отбасыларға бағытталады. Гуманитарлық көмек ретінде штаб қоймасына 270 тонна азық-түлік түсті, оның бүгінде 90 тоннасы елге таратылды», деді С. Қалқаманов Түркістан облысы ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов брифингте апат аймағына еліміздің Қорғаныс саласынан 1000-нан астам маманның жұмылдырылғанын жеткізді. «Қазіргі таңда судың деңгейі төмендеуде. Өргебас, Нұрлы жол, Фирдоуси, Жеңіс елдімекендерінде су сору жұмыстары жалғасуда. Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, ТЖД мен Полиция Департаментінен 1365 адам жұмыс атқаруда. Мәселен, 75 мотопомпа су сору жұмыстарында, 44 қайық су басқан елдімекендерде тұрғындардың үйлерінен заттарын тасу жұмыстарына жұмылдырылған», - деді ол.

1409 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз