Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 14 Мамыр, 2020

Азаматтық процесті сапалық өзгерістер күтуде!

Мәжілісте АПК-ге енгізілетін түзетулер мақұлданды. Аталған түзетулерге сәйкес енді адам құқығын сотта қорғау деңгейі арта түседі. Бұған «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң ықпал етеді. Бұл туралы Жоғары соттың баспасөз хатшысы Айдос Садуақасов өзінің фейсбук парақшасында мәлім етті. Ең басты өзгеріске келер болсақ, істің шынайы мән-жайын анықтау бойынша судьяның процестік белсенділігі артады. Судьяны талап арыз шегінен шығармайтын шектеулер енді келмеске кетті. Судья тараптар ұсынбаған дәлелдемелерді сұрату арқылы ақиқатқа көз жеткізіп қана қоймай, сондай-ақ процесс барысында тараптардың уәждеріне қатысты өз ойын айта алатын болады. Тараптарды татуластыру үшін талап арызды қабылдау мерзімі 10 жұмыс күніне дейін созылады. Егер татуластыру мүмкін болмаған жағдайда басқа судья дайындықпен айналысып, істі қарайды. Тараптар келісім берген жағдайда дауды АХҚО сотына беру мүмкіндігі көзделеді. Жеңілдетілген тәртіптегі істер бойынша мемлекеттік баж салығының көлемі: - жеке тұлғалар үшін 200-ден (550 600 тг) 1000 АЕК-ке дейін (2 778 000), заңды тұлғалар үшін 700-ден (1 944 600 тг.) 2000 АЕК-ке (5 556 000 тг.) дейін артады. Бұл шамамен 30 мыңға жуық істі қамтиды. Соттар сондай-ақ бірқатар басы артық рәсімдерден арылатын болады. Бұл істі жедел әрі тиімді шешуге ықпал етеді. Сот талқылауының аудио-бейнежазбасына электронды хаттама мәртебесі беріледі. Электронды сот төрелігі бойынша басқа да жаңашылдықтар енгізіледі. Осы және өзге де түзетулер азаматтық процесті ұғынықты, қолжетімді әрі ең бастысы әділ ете түседі. Ендігі кезек Сенат депутаттарында.

652 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз