Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 21 Мамыр, 2020

Мал шаруашылығын дамыту жобаларына басымдық беріледі

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры («ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы) мал шаруашылығын дамыту жобаларына 30 млн теңгеге дейін несие беруді жоспарлап отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 31 наурыздағы мәлімдемесінде кәсіпкерлік секторды қолдауға бағытталған бірқатар міндеттер белгіленген. Соның ішінде Президент агроөнеркәсіптік кешенді үздіксіз қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті несиелеуді арттыру қажеттілігін ерекше атап өткен болатын. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры өзінің несие өнімдері арқылы ауылдықтарды мал шаруашылығын дамыту бағыттары бойынша қаржыландырып келеді. Қор биыл мал шаруашлығымен айналысамын деушілерге 30 млн теңгеге дейінгі сомада несие беруді жоспарлап отыр. Ірі қара, қой және түйе шаруашылығын дамытуға берілетін несиенің мерзімі 10 жылға дейін. Несиенің жылдық сыйақы мөлшері 16%, бірақ оның 10 процентін мемлекет субсидиялайды. Яғни, шаруа несиені 6 процентпен төлейді. Негізгі борышты өтеу бойынша екі жылға дейін, ал, сыйақыны өтеу бойынша бір жылға дейінгі жеңілдік мерзімі қарастырылған. Негізгі борыш пен сыйақыны ай сайын, тоқсан сайын немесе жарты жылда бір төлеп тұру мүмкіндігі де жасалған. Несие жеке кәсіпкерліктерге, шаруа қожалықтарына және фермерлік шаруашылықтарға бағытталған. Мал шаруашылығын дамытуды жоспарлаған кәсіпкерге қойылатын бірқатар талап та бар.Ең алдымен әрине,ірі қара ұстайтын қорасы мен жайылымдық жері болуы қажет және төлін бордақылау алаңына тапсыру жөнінде келісімшарт жасасуы тиіс. Қазіргі уақытта шаруалардың барлығы қолда бар малын асылдандырып, сапасын арттыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Қордан несие алған кәсіпкер де малын асылдандыруы тиіс. Өйткені, асыл тұқымды малдың ұтымды тұстары көп. Егер, бірден асыл тұқымды сиыр сатып алынатын болса 25% жеке меншік мүлікті және 75% сатып алынатын малды кепілге қою арқылы қаржыландыру мәселесі де қарастырылады. Қой шаруашылығын дамытамын дегендердіңде қора-жайы мен жайылымдық жері болуы тиіс. Тоқтыларын ет өңдейтін кәсіпорынға тапсыру келісімшартын жасасады. Түйе шаруашылығы бойынша да түйе сүтін, жүнін қайта өңдеу кәсіпорнына тапсыру жөнінде келісім жасалуы керек. Ең бастысы үміткердің несие тарихы жақсы болғаны абзал. Кепілге қоятын мүлкі болуы шарт. Бұдан  бөлек, бюджеттік және қаржы ұйымдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы тиіс. Барлық облыс орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында Қордың филиалдары жұмыс істейді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ - «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің құрамына кіретін мамандандырылған қаржы-несиелік ұйым. Қордың негізгі міндеті – агроөнеркәсіп кешені саласындағы басымдыққа ие салалар бойынша ауыл кәсіпкерлігін қаржыландыру.

1129 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз