Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 22 Мамыр, 2020

Оқушыларына ерекше ашықхат жолдайтын жас ұстаз

Биыл 25 мамырда жылдағыдай Соңғы қоңырау мерекелік жиыны болмайды. Бұған,  әсіресе, мектеп бітіруші түлектердің көңілі сынық. Әрине, карантин режимінде тәртіпке бағынбаса болмайды. Ең басты құндылық – еліміздің әр азаматының қауіпсіздігі, денсаулығы. Сондықтан оқу жылының аяқталуымен балалаларды қалай қуантсақ болады? Бұл әрбір ұстазды ойландыратын сауал. Әлеуметтік желіні қарап отырып, оқушы кезінде «Ұлан» газетінің жас тілшісі болған Анар Әжіғалиеваның парақшасына көзім түсті. Анардың тележурнистикада жұмыс істейтінін білетінмін. Алайда парақшасына мұғалім ретінде оқушыларына ерекше құттықтау жүктепті. Анимациялық бейнелерге баланың атын жазып, астына оларды жігерлендіретін ерекше сипаттамалар қалдырған. Жас мұғалімнің креатив идеясына сүйсініп, әңгімеге тартым. Анар мамандығы туралы баяндап берді. – Шыны керек, мұғалім болу арманым емес еді. Нағашы атам мен анам мұғалім болған. Сондықтан олар менің мұғалім болғанымды қаламады. Анам дәрігер қылғысы келген. 9-сыныпқа дейін дәрігер боламын деген оймен жүрдім. Кейін қаламыздағы «Сәлем» жас тілшілер үйірмесіне қатыса бастадым. Сол кезден бастап журналистикаға қызығушылығым оянды. Мен де «Ұланның» оқырманы болғанмын. Жас тілшілердің мақалаларына қызығып қарап, тіпті, өзіме үлгі тұттым. Бірақ маған бұл мамандықта оқу бұйырмапты. Содан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқуға түстім. Мамандығым – қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Қазір Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық «Жас ұлан» мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімімін. Жұмыс істеп жатқаныма 2 жылдай болып қалды. Бұл мамандықты аса қатты ұната бермейтінімнің бір себебі – жазу. Жазуым нашар болған соң, қысыламын. Ал мұғалімдер көп жазады. «Неден қашсаң, сол алдыңа келеді» деген шын екен. Бәрібір мұғалім болдым. Практикада жүргенде сабақ беру ұнап қалды. Оқушыларға бауыр басып кетеді екенсің. Ең бірінші сабаққа барымды салып дайындалдым. Сол кезде өзіме оқушыларымды жалықтырмайтын, көп ұрыспайтын, түсіністікпен қарайтын мұғалім боламын деп уәде бердім. Әр сабаққа ерекше тәсіл ойлап табуға тырысамын. Жалпы, «мұғалім – өз сабағының дизайнері» деген ұстанымдамын. Мұғалім болсам да, журналистикадан қол үзе алмадым. Студент кезімде «5 студия TV PRODUCTION» ұйымдастырған курсқа қатысып, бірнеше танымал жобаның және отандық телесериалдардың продюсері Толқын Сейдоллақызының командасына кірдім. Қазір ол жақта монтаж редакторы және режиссері қызметін де атқарамын. Әскери мектепте сабақ бергендіктен, оқушыларым – қатал тәртіпке үйренген, балалықпен ерте қоштасқан балалар. Олар ұялы телефон ұстамайды. Сондықтан қызығушылықтарын арттыру үшін сабақ барысында Инстаграмнан парақша ашып, лайк басу, смайликтер арқылы әңгіме құрастыру, телефондағы әртүрлі логикалық ойындар үлгісінде тапсырмаларды («4 сурет, 1 сөз», «Айырмашылықты тап», «Квест», «Крестик-нолик», т.б.) көп қолданамын. Жақында 7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесі болып өтті. Оқушыларым болашақ әскери маман болғандықтан мерекеде оларды құттықтауды әдетке айналдырғанмын. Бірақ биыл еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қашықтан оқуға көштік. Оларды қалай құттықтаймын деген сұрақ туды. Қашықтан оқытуда мен көп пайдаланатын платформа – Whatsapp мессенжері. Оқушылардың кішкене болса да назарын аудартайын деген оймен өзімнің мульт стильдегі  нұсқамды жасап, стикер ретінде жіберіп тұрдым. Бірте-бірте әрбір жіберетін презентацияларыма да сондай суретті пайдалана бастадым. Оқушыларымның біреуі оған да жасап беруімді өтінді. Сол кезде ойыма 7 мамыр мерекесінде осындай стильде суреттер салып, оқушыларыма қысқаша мінездеме жазып, құттықтау суретін жасау идеясы келді. Мерекеде жібердім, оларға ұнады. Биыл оқушыларымызбен 25 мамырда қоштаса алмайтын болып тұрмыз. Әсіресе, 11-сынып оқушыларымен. Сол себепті әріптестеріме осындай суреттер жасап, оқушыларына жіберуді ұсынамын. Түлектердің есінде жақсы естеліктер қалсын. Мұндай суреттерді жасау қиын емес. Кез келген ұялы телефонда мультсуреттер жасауға арналған бағдарлама бар. Мысалы, Iphone-да Mirror, Zmoji, ал Android-та Bimoji деген бағдарлама арқылы жасауға болады. Сосын суретті PowerPoint-қа қойып, мәтінін енгізіп, jpeg форматында сақтап аласыз. Әрбір баланы барынша ұқсатып жасауға тырысу керек. 100% ұқсату мүмкін емес, әрине. Өйткені бағдарламада шаш, бет, ерін, көз формасы, түсі, киім үлгісінде өзіндік стандарт үлгілер тұрады. Мен әр оқушының бір ерекшелігін көрсетуге тырыстым. Біреуінің көзілдірігі бар, біреуінің көзі көк, біреуінің бетінде секпілі бар деген сияқты. Сондай ерекшеліктерін назарға алыңыз, – дейді жас мұғалім.    Ендеше, Анардың идеясын тәжірибеде қолданып, оқушыларды қуантуға болады екен. Ұстазы заманауи техниканың тілін біліп тұрса, шәкірттің де құрметі арта түсері сөзсіз.          Жадыра НАРМАХАНОВА, “Ұлан” газеті

1490 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз