Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 18 Маусым, 2020

ШАҺРУД ЖӘНЕ МА’АЗИФ

Әбу Насыр әл-Фараби бірде музыкалық аспаптардың ерекшеліктеріне ­сипаттама бергенде, қысқаша ғана негізгі айырмашылықтарын айтады: «…белгілі аспаптардың арасында ­дыбыстарды ішекті қозғау арқылы шығаратындары бар…Сол сияқты, дыбыстарды өзіңнің қалаған мөлшеріңде ақырындап ауаны үрлеу арқылы шығаратындары бар… дыбыстарды бір ішекті қозғап, басқа ішектерді ­ойнататындары… бар…. олардың ­арасында бір ­немесе бірнеше ішекті аспаптар да бар. Ішектің әрбірі бір немесе бірнеше бөліктерге бөлініп, әрбіреуінен ­дыбыс шығады және бір бөлікте шыққан дыбыс екінші бөліктің дыбысына ұқсамайды… Ішекті қозғау арқылы дыбыс шығаратын аспаптардың құрамына әрбір дыбысқа арнайы жасалған ішегі бар «ма’азиф» және «джанк» сияқты, т.б. аспаптар кіреді» дейді. (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап. ауд.: Ж. Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008, 280-бет).
Біз бұған дейін ғалым айтқан ­дыбысты «ішекті қозғау арқылы» шығаратын, яғни ішекті-шертпелі аспаптардың ішіндегі «ішектері бірнеше бөлікке бөлініп, әр бөліктен шыққан дыбысы келесі бөліктің ­дыбысына ұқсамайтын» аспаптарға тоқталдық. Яғни әл-Фараби зерттеген уд аспабына және соған ­тамырлас қазақтың шертер ­аспабына назар аудардық. Қазақ халқының сүйіп тыңдайтын музыкалық ішекті-шертпелі аспаптарының қатарында жетіген де бар. Осы аспапқа ұқсайтын музыкалық аспаптарға да әл-Фараби арнайы тоқталады. Солардың бірі – «шахруд» деп аталады. Ғалым бұл аспап туралы айтқанда, алдында өзі сөз қылған уд немесе танбур секілді кең тоқталмайды, шолып қана кетеді. «Адамның табиғи дауысына еретін әрі еліктейтін» музыкалық аспаптар ішінде ең кемелдісі шаһруд аспабы екендігін айрықша атап өтеді. Ол аспап Фараби заманында жасалыпты. Бұрын танымал болмаған екен. Оны Александр ­Македонский дәуірінен бері ­есептегенде Х ғасырдың әуелгі жартысында 1228 жылы ­немесе хижра жылы бойынша 306 жылы (бұл біздің заманымызға дейінгі 937 жыл деп шамаланады) тау бөктеріне орналасқан әл-Мах елінде самарқандық Сағди-Хулайс ибн Ауас есімді адам ең бірінші жасапты. Хулайс ибн Ауас бұл аспабын кейін өзімен бірге Соғд қаласына алып келеді. Соғд қаласының шығысы мен батысына орналасқан елдердің ешқайсысына шахруд ­аспабы жат болмай тез ­тарапты. Аспап Месопотамияға кеңінен ­танымал ­болады. Одан кейін бұл аспап Бағдадқа енеді. Мұнда да оның үні ел құлағына жаттық ­танытпайды. Одан кейін танымалдығы өршіп, Мысырға да жайылады. Мысырдың айналасындағы көрші елдерге де жетеді. Алжирді аралап, сүйкімді ­дыбысымен Сирия елін де ­баурайды. Әл-Фараби шахруд аспабының тараған елдердің ешбіріне жаттық танытпай, қайта олардың өміріне етене еніп, ескі әуендерін де, жаңа әуездерін де нәшіне келтіре тартуға құмбыл болғандығын айрықша атап өтеді де, ол аспаптың сызба үлгісімен таныстырады.
1- сурет Шахруд аспабының сызба сұлбасы.
1- сурет Шахруд аспабының сызба сұлбасы.
Әл-Фараби осы аспаптың ең жуан дыбысын алып, оны ең жіңішке дыбысымен салыстырып көреді де, жіңішке дыбыстың жуан дыбыстан екі есе ­артып, төрт октавалы болғанын ­табады да олардың арасында үш потенция орын алып отырғанын анықтайды. Және осы анықтағанының сызба үлгісін де көрсетеді. Осыған ұқсайтын және одан асатын интервалдарды үрлемелі мизмар текті аспаптарынан кездестіруге болатындығын ескертеді. Бір қызығы, кейінгі ғалымдар арасында осы «шахрудтың» қандай аспап екендігіне қатысты екіұдай пікір бар. «Шахруд – жиырма тоғыз ішекті музыкалық аспап» делінген әл-Фарабидің ­«Музыка туралы үлкен кітабының» соңғы жағына берілген түсіндірме сөздікте. Біраз білікті аспаптанушылар оны уд (шертер) аспабының жетілген түрі, енді біреулері руд аспабының бірі дегенді айтады. «Руд» деген қандай аспап еді? Бір ғалымдар оны «орталықазиялық қысқа мойынды ішекті-шертпелі аспап» деп біледі. «Александр ­Македонский [б.з.д. IV ғ.] дәуірінде кең тараған және Саманидтер әулетінің ұрпағы әмір Ахмад [б.з. X ғ.] кезеңіне дейін қолданылған көне музыкалық аспап. Біреулер оны барбат аспабы деп жүр, алайда көпшілік олардың екеуін екі түрлі аспап деп қабылдайды» (­Семенов А.А. Среднеазиатский трактат о музыке Дервиша Али (ХVII век) ­[сокращенное изложение перс. текста] Ташкент, 1946.) десе, XV ғасырда өмір сүрген Әбд әл-Қадыр Марағи солтүстік Әзербайжан аумағындағы Ширван жерінде мәшһүр болған «руд-и хани» деген ­аспапты еске салады. Ол аспаптың тері қақпағы, алты ішегі болыпты және уд аспабының құлақ күйіне келтіріледі екен (Абдуллаев С. Народный музыкальный инструментарий ­Азербайджана. Баку,2000 ). Келесі зерттеушілер «руд» деген сөздің басқа да аспаптар атауында кездесетінін тілге тиек етеді. III-VII ғасырларды қамтыған Сасанидтер дәуірінде парсыларда кең тараған «дахруд» аспабы, Ақсақ Темір заманы мен Осман империясы кезінде салынған миниатюраларда бейнеленген үлкен шанақты уд аспабын кей зерттеушілер шахрудқа балайды. Осы уд-лютня-шертер іспетті аспаптарға ұқсайтын «аджабруд» және «тарабруд» деген аспаптар атаулары кейінгі замандардағы парсы әдеби шығармаларында ұшырасады. Ортағасырларда Әзербайжанда төрт ішекті «чахарруд» деген аспап болыпты. Осы заманда, яғни ортағасырларда ­Испанияда «ар-руд» деген де аспап болған екен. Аңдап қарасақ, аталып өткен «дахруд», «аджабруд», «тарабруд», «чахарруд», «ар-руд» атаулы аспаптар зерттеушілердің айтуы ­бойынша уд-лютня-шертер іспетті мойны бар аспаптар екен. Тіпті XV ғасырда өмір сүрген Әбд әл-Қадыр Марағи өзінің «Джами аль-альхан» деген трактатында «рудсай» деген аспаптың танбур аспабынан аумайтындығын айтқан.(Агаева С. Музыкальные инструменты средневековьяв трактатах ­Абдулгадыра Мараги //Народные музыкальные ­инструменты и инструментальная музыка. Ч.1. М., 1987) Ал Әбу Насыр әл-Фараби ұсынған, сипаттаған шахруд аспабы уд-лютня-шертерге мүлдем ұқсамайды. Дәлме-дәл ұқсастық болмаған соң кей аспаптанушы оны арфа мен лютняның біріктірілген ­немесе арфа мен цитраның кіріктірілген нұсқасы дегенді ұсынады. Фирдоусидің «Шахнамасындағы» ­басты кейіпкерлер, негізінен, ­патшалар, бахадүрлер болғандықтан, мұндағы музыка өнері жоғары сатыдағы ақсүйектерге арнала суреттеледі. Бір бейнелеулерде майданның алғы шебіндегі музыка, тағы бір сұңғаттарда патша сарайындағы сән-салтанаттағы музыка көз алдыңыздан өтеді. ­­Руд ­аспабы мұнда да бар. Ол майдан шебінде емес, сарайдағы сауық-сайран кезінде тартылады. Ол арфа-чанг-адырнамен және уд-лютня-шертермен, ­сондай-ақ сурнай-свирель-сырнайлармен қатар тұрып музыкалық шығармаға қосылады. Егер шахруд «арфа-чанг-адырна» мен «уд-лютня-шертердің» біріктірілгені болса, онда Фирдоуси осы шахрудтың өзін ғана неге жырға қоспайды? Демек, Фирдоуси заманында ол аспаптар бөлек-бөлек өмір сүрген. Шахруд та өз заманында бөлек өмір сүрген аспап. Ол – әл-Фарабидің суреттеуіне қарағанда, біздің жетіген секілді жалпағынан жатқызып қойып ішектерін жеке-жеке тартып ойнайтын аспап. Бұл сөзімізді аспаптанушы ­Т.С.Вызгоның пікірімен тірілте түсейік. Зерттеуші былай дейді: «кейбір зерттеушілер мұны лютня іспетті аспап – рудтың жетілдірілген я ең жетілген нұсқасы («Шахруд» – «рудтар ­патшасы») деп ойлайды. Бұ түсінік сенімді болар еді, егер ортағасырлық трактаттарда бейнеленген (сызбалық үлгісімен) шахруд тұрпаты бұл көзқарастарға қарама-қайшы келмегенде: бұл суреттер, сөзсіз дәлме-дәл сол нұсқа – жәшік секілді төрт бұрышты шанағы және оның үстіне тартылған көптеген ішектері бар. Дж.Фармер Фарабидің ­«Музыка ­туралы трактатының» каирлік тізбесінен алынған сызбаны келтіреді. Құрылымы толық айқын көрінбесе де «псалтерия» (Фармердің ­терминологиясы ­бойынша) аталатын аспаптың немесе «цитраның» (Д*Эрланженің терминологиясы ­бойынша) бір түрі. Тағы бір айғақ: егер шахруд көпішекті лютняның (бізше шертердің – С.М.) жетілдірілген бір түрі болса, онда мұндай аспаптың із-түзсіз жойылып кетуі мүмкін емес. Оның үстіне белгілі ғой, Фарабидің тұсында да және одан кейін де лютня (уд) бесішекті болып қала берген. Тек бірнеше ғасыр өткеннен кейін ғана алтыншы ішек қосылды. Ал бірақ шахруд псалтерияның (ішегін тайақшамен ұрғылап тартатын аспап – С.М.) бір түрі болса, онда ол Фараби айтқан жылдарда жасалған жоқ, өйткені ол бұдан көп бұрын бар болатын. Демек, Фараби біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында Самарқан тұрғындарына етене таныс болған, ежелден мәшһүр аспаптың жаңа түрін айтқан болуы мүмкін деп топшылау ғана қалады» (Вызго Т.С. Музыкальные инструменты Средней Азии. Исторический очерк «Музыка» М., 1980, стр. 82). Демек, «шаһруд» деген аспап өз алдына бөлек тұрпаты, өзіне тән үні, өзгеге ұқсамайтын ойнау әдісі, ішектерінің орналасуы басқа, дыбыс қатарлары өзгеше ішекті-шертпелі аспаптардың бірі болған. Өкінішке қарай, мұның төлнұсқасы кейінгі ғасырларға жетпеген. Төлнұсқасы кейінгі замандарға жетпеген аспаптың тағы бір түрі бар. Ол… –  МА’АЗИФ  Әл-Фараби бос, ашық ішекті «ма’азиф» («мизаф») деген пернесіз, тек ішектің өзін саусақпен іліп тартып ойнайтын аспап туралы да айтады. Осы аспаптың қандай екендігіне қатысты да әртүрлі түсініктер бар. Әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабына» берілген қосажарда (коментарийде – С.М.) : «Мизаф (ма’азиф) – бос ішекті аспаптардың ортақ ­атауы, яғни әрбір дыбыс үшін жеке ішегі бар қанун, сандж сияқты (цимбал, арфаға) ұқсас, т.б. аспаптардың түрлері» делінген. (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап. ауд.: Ж.Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008, 707-бет). «Ми’зафа (ма’азиф) – ­общее ­обозначение инструментов с ­открытыми струнами типа цимбал (араб. канун, сантур) и арфы (см. джанк, сандж)» дейді әл-Фараби музыкасының философиялық астарын зерттеген ғалым С.Д.Даукеева (­Даукеева С.Д. Философия музыки Абу Насра Мухаммада аль-Фараби. – ­Алматы: Фонд Сорос-Казахстан, 2002 стр.320). Алайда әл-Фарабидің өзіне жүгінсек, ол кісі былай дейді: «…Енді бос ішектер қолданылатын аспаптар тақырыбына ауысқанымыз жөн. Олар – сондай аспаптар – әрбір дыбыс үшін жеке ішегі болады. Мысалы: мизаф немесе сандж сияқты, т.б. тегі бір ішекті аспаптар» (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап. ауд.: Ж.Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008, 457-бет). Зер салсақ, ғалым ми­зафты ішекті-шертпелілердің қата­рындағы басы бөлек аспап ретінде атаған. «Мизаф» деген жалпы атау емес, жалқы атау екенін, яғни барлық бос ішекті аспаптарға берілген ортақ ат емес, жеке аспапқа берілген ат екенін ас­паптанушы ғалым Т.С.Вызго да жоққа шығармайды. Ол: «Аспаптар туралы кітаптың» арфаға арналған бөлімінде Фараби ма’азиф (мизаф) туралы еске салады, бұл аспап дыбысын шығару тәсіліне қарай арфаға (дыбыс ашық ішектердің тербелуі арқылы шығады, яғни әр ішек бір ғана дыбыс шығарады)жақын. Бәлки, бұл кейін арабша «канун» деп аталып кеткен аспаптың дәл өзі шығар…» дейді ( Вызго Т.С. Музыкальные инструменты Средней Азии. Исторический очерк «Музыка» М., 1980, стр. 82). Ғалымның ма’азифтің (мизафтың) басы бөлек аспап екендігін растауына біз де қосыламыз. Бірақ оның бұл аспапты «арфаға жақын» дегеніне толық келісу қиын. Өйткені ерте заманнан келе жатқан арфаның (бізше ­адырна) тартылу тәсілі біз сөз етіп отырған ма’азиф, канун аспаптарынан бөлектеу. Арфаны тік ұстап тартса, канун мен ма’азифті музыкант алдына жатқызып қойып тартады. Екіншіден, ма’зифте, канунда тиек бар, ал арфада тиек жоқ. Үшіншіден, арфаның шанағы канун мен ма’азифтегідей жалпақ емес. Тегінде музыкалық ­аспапты бір-бірінен ажыратқанда, дыбыс шығаратын амалына ғана қарамай, сол дыбысты шығаратын заттың ­болмысына да назар аударған жөн. Рас, арфаның дыбысын ішекті іліп-тартып шертіп шығарады. Канун мен ма’зифтің де дыбысын сол амалмен шығарады. Бірақ бұл – аспаптың табиғатын айқындайтын сыңар айғақ. Бұған енді сол дыбыстардың қайдан, неден шығатынын да қосқан дұрыс. Әл-Фараби әр ішегі бір-бір ­дыбыс шығаратын аспаптардың бірінің қалай жасалатынын және қалай күйге келтірілетінін жазады. Ғалымның айтқандарын түсінгенімізше, ­сызба үлгісін өзімізше сызып көрсетуге тырысайық: 2-сурет. Әл-Фараби сипаттаған аспаптың жасалуы.  
  1. «… Бұл аспапты тегіс төрт бұрышты параллелограмм [әл-мутауази әл-адлаа’] негізінде жасаймыз…»;
  1. «… оның бір жағы аспаптың негізі…»;
  2. «… ал келесі жағы оның жоғарғысы болады. Ол екеуі де бір-біріне тең»;
  1. «… болашақ аспаптың жоғарғы бетінің ұзындығы он бес немесе одан да көп құлақ сыятын мөлшерде болуы қажет»;
  2. «…параллелограмның бір тарапын аз ғана иіп, аспаптың негізгі жағын жасаймыз. Иілген жағы жұқа әрі тегіс, шұңқыр ағаштан болады»;
  1. «… енді … онымен тең биіктікте аспаптың жоғарғы беті ­жасалады»;
  2. шеттеріне ұзына бойы цилиндр­лік дененің жартысын құраймыз (ендіреміз). Оның жуандығы бір саусақ немесе одан аз көлемде ­болады және ол піл сүйегінен немесе қатты ағаштан жасалған;
  1. «Сол сияқты уд аспабындағы ішектерді байлайтын ағашқа ұқсас нәрсені [әл-мушт] осы аспаптың негізгі тараптағы шетінің ұзына бойына құраймыз, яғни аспаптың жоғарғы тарапынан жасалғаны сияқты. Нәтижесінде, аспаптың төменгі тарапының астында танбурдағы сияқты ішектерді байлайтын ағаштар [әш-шазайа] тағы пайда болады;
  1. «…егер аспап осылай жасалған болса, онда ішектер әл-муштқа, сондай-ақ (немесе) әш-шазайаға байланады»;
  2. «… одан кейін аспаптың жоғарғы тарапына ілініп, қажетті орнына дейін тартылады»;
  3. «…мұнан соң аспаптың басы мен ақырының ортасы шамаланып, әрбір ішек дыбыстық қосындыдағы бөлігіне сәйкес саздалады»;
  4. «…есептегіш сызғыштағы ­дыбыстарды қатесіз бөлген соң, оларға толық дыбыстық қатардағы реттілігі бойынша аттары жазылады»;
  1. «… одан кейін аспап ішектерінің біреуінен басқасының барлығына піл сүйегінен немесе қатты ағаштан тиектер жасалады. Тиектің түбі аспаптың бетіне нық отыруы үшін теп-тегіс, ал жоғарғы жағы аспаптың бетіндегі цилиндрлік құрамдардан, яғни ішекті тартып, байлайтын негіздерден жоғарылау болуы тиіс».
Әл-Фараби осылай аты аталмаған, бірақ өзі «ескі аспап» деген аспаптың жасалуын ретімен айтып келіп, оның құлақ күйі қалай келтірілуі керек екенін түсіндіреді: «Есептегіш сызғышты алып, аспаптың бір шеткі ішегіндегі тиекті ұстап, сызғыштағы көрсеткішке лайық, яғни жоғарғы дыбыстардың шеткісіне сәйкес қойып күйге келтіреміз. Кейін келесі ішектің тиегін алып, есептегіш сызғыштағы нүктеге сәйкес жоғарғылардың ортаңғы дыбысымен қоямыз. Осыдан соң ішекпе-ішек қозғап отырып, тиекті тізбекті дыбыстардың нүктесіне келгенше жылжытып отырамыз, жоғарғылардың шеткісінен бастап негізгілердің төменгісіне дейін жүреміз. Ішектерді осындай тәртіппен реттеп, оны шерткен жағдайда, жоғарыда айтқан дыбыстарды суреттегеніміз сияқты естиміз…» ( Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап. ауд.: Ж. Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008, 276-бет). Ғалымның «есептегіш сызғыш» дегенінің қандай сызғыш екендігі бізге белгісіз. Әлбетте, біз домбыра пернелерін тағарда қолданы­ла­тын алдын ала ең сәтті жасалған ­домбыра пернеқатарларының есептегіш сызғышын шеберлер қолынан көргенбіз. Бірақ ол сызғышты пайдалану үшін домбыра бөлшектерінің бар­лық параметрлері жалпыға ортақ стандартқа сай болуы керек. Ең ­кемел домбыра пернеқатарларының көпке ортақ есептегіш сызғышы ол. Ал енді, әл-Фараби заманында ішекті орналастыруға және күйге келтіруге қолданылатын «есептегіш сызғыш» қандай болды екен? Бәлки, ол біз әлі кездестірмеген зерттеушілер еңбегінде бар да шығар. Бар болса, ­келешекте кездестірерміз деп үміттенеміз. Онда жоғарыда біз әл-Фарабидің жазуы ­бойынша қадари халімізше сызбасымен көрсеткен аспаптың толық нұсқасын қайта жасап шығуға мүмкіндік туар. Данышпан ғалым ішекті қалай тағып, қалай күйге келтіру керектігін түсіндіргеннен кейін жасалған аспаптың дыбыстық үйлесімділігіне күмән тудыратын бос дыбыс болмауы керектігін, ондай дыбыстардың өзге дыбыстармен араласып, қажетті үннің таза естілуіне бөгет қылатындығын ескертеді де: «… сондықтан бұл жайттан сақтанып, …аспапты жасаған кезде …реттілікпен орналасқан ішектердің үнінен бөлек бос ­дыбыс шықпайтындай ұқыптылықпен ­жасау қажет» деп құлаққағыс жасайды (­Сонда, 275-276-беттер). Сонымен, жоғарыда әл-Фараби ­жазуы бойынша сызбасын ­сызып, жасалуын баяндап шыққан аспабымыздың аты қандай? Канун ба, әлде ма’зиф па, әлде сандж ба? Біздіңше, ол Ма’зиф деген аспап болуы керек. Олай дейтініміз, біріншіден, әл-Фараби сөз етер тақырыбына осы аспаптың атын қойған. Демек, айтылар әңгіме осы аспапқа қатысты өрбиді деген сөз. Ортаға тасталған ойдың бәрі сол туралы болып жатқандықтан, мәтін ішінде аспаптың атын қайталап айту – артық болған. Екіншіден, ғалым канун туралы айтуды мақсат тұтпаған. Егер нақты канун туралы айтып жатқан болса, онда міндетті түрде ол аспаптың атын бірде болмаса бірде тілге тиек етер еді. Әлде ол уақытта «канун» деген атау болмады ма екен? Шындығында, зерттеушілер әл-Фараби де және ­музыка аспаптары туралы еңбек қалдырған оның ізбасарлары – Ибн Сина да (1037 ж. қ. б.), Ибн Зайл да (1048 ж. қ. б.) «канун» деген аспапты да, оның атын да ауызға алмағанын, есесіне осыған ұқсайтын «сандж» деген аспап болғандығын және оны таяқшамен ұрып тартатындығын жазғанын ­айтады (Джани-Заде Т.М. Музыкальная культура русского Туркес­тана. М., 2013, стр. 146.). Үшіншіден, жоғарыда біз сызбасымен көрсеткен аспап «сандж» да емес. Өйткені әл-Фараби ол аспапты таяқшамен ұрып ­тартады демеген. Гректің «канун» деген термині шындығында, әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабында» кездеспейді. Аспаптанушылардың ­айтуына қарағанда гректің «канун» деген атауын әл-Фарабидің «аузына салған» кейінгі зерттеушілер екен. Негізгі айырмашылық, бұл аспаптың тартылуында. Батыс Еуропа елдеріндегі «цитр» немесе «псалтер» іспетті аспаптарды ағаш таяқшамен ұрғылап ойнаса, араб елдерінде және Түркияда біздің жетігенді тартқанымыздай тырнақпен немесе плектрмен іліп-тартып-шертіп ойнайды. Жіңішке таяқшалармен ұрғылап ойнайтын аспап Иранда «сантур», ал Өзбекстан мен Тәжікстанда «чанг» деп аталады. Осындай аспаптың біреуіне Эйхгорн өз жинағында мынадай түсініктеме береді: «канун немесе калин, үндіше – чадридал, гусля тектес, қазіргі фортепианоның атасы деуге болатын аспап (Ежелгі араб-парсы елдерінен шыққан. Қашқардан алынған өте көне және әсем нұсқа, тиекке орналасқан 36-38 болат ішегі бар, ойнау барысында қолданылар құлақкүй келтіретін кілті және ұратын жіңішке ағаш таяқшалары («plektrum») бар. Бұл аспапта ойнау көп жаттығуды және машықты ­талап етеді, сондықтан жақсы тартатын адам өте сирек кездеседі, ал енді Түркістанда тіпті ұшыраспайды да)». Айтса да канун аспабының сызба үлгісі авторы Хасан Кашани саналатын 1355 жылға тән «Қазына-сый қоймасы» (Канз ат-тухаф») деген парсы тілінде жазылған трактатта кездеседі. Бұл сызбадан, канунның тұрпаты трапеция пішінде болғандығын көреміз. Бір тонға келтірілген үш ішектен барлығы 64 ішек тартылған. Эйхгорн өз коллекциясына қосқан канун аспабының тұрпаты трапеция пішіндес, бірақ шанақтың құлақтар орнатылған қыры иілген (алдыңғы жағы сыртқа, соңғы жағы ішке қарай), қырынан қарағанда жалы күдірейген жылқының мойнына ұқсайды. Эйхгорн қос-қостан 19 ішек тартылған (барлығы 38 ішек) канун құлақкүйінің ноталық сызбасын да берген. Әр екі ішек бір нотаға түзетілген. Мәселе атында емес, затында деп қабылдасақ, әл-Фараби сөз қылған шахруд та, ма’азиф (мизаф) та қазақтың әр ішегі жеке дыбыс шығаратын музыкалық аспабына өте жақын. Ондай аспап «жетіген» деп аталады.

Сағатбек Медеубекұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Журналистика факультетінің деканы, ф.ғ.к., доцент

 

2513 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз