Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 08 Шілде, 2020

Медицина маманы ескерту жасады

Медицина ғылымдарының докторы Раушан Қарабаева баспасөз мәслихатында қан ұюға қарсы дәрілерді қабылдау туралы пікір білдірді. ⠀ Оның айтуынша, антикоагулянтты препараттарды дәрігер рецептінсіз қолдануға болмайды. Әйтпесе, бұл ішкі қан кетуге алып келуі мүмкін екенін ескертті. «Коронавирус инфекциясының симптомы аз немесе симптомсыз науқастар үйде емделуі керек. Әрине, олар өздігінен ем қабылдап жатыр және дәрігерлер мұндай науқастардың ем-домын реттеп отыруы керек. Коронавирустың симптомы аз түрі патогенетикалық емдеуді, дәлірек айтқанда вирусқа қарсы, антибактериялық, тромбқа қарсы препараттар тағайындауды қажет етпейді. Мұндай пациенттер емдеу-сақтану режимінде ақуызы көп тамақ жеп, сұйықтықты көп ішуі керек. Оларға С, Д дәрумендері және дене қызуы көтерілген жағдайда Парацетамол, Ибупрофен сынды қызу түсіретін дәрілер тағайындалады», - деді дәрігер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн конференцияда. Оның айтуынша, С дәруменінің үлкен дозасы тағайындалған жағдайда, бүйрек ауруларының, несеп-тас ауруының күшеюі мүмкін екендігін есте сақтаған жөн. Егер дене қызуы 38 градустан асқанда, бұлшықет ауырып, әлсіздік байқалса, бас ауырып, жөтел пайда болса, кеуде тұсы ауырса дәрігерге жүгініп, өкпе қабынуының алдын алу керек. Ол үшін көкірек қуысына рентгенологиялық зерттеу немесе компьютерлік томография жүргізіледі. «Коронавирус инфекциясындағы этиотропты ем – вирусқа қарсы препараттар тағайындау. Қазіргі уақытта КВИ емдеу үшін Лопинавир/Ритонавир, Гидроксихлорохин, Фавипиравир және Ремдесевир сынды дәрілік заттар жазылады. Бұл ретте аталған дәрілердің белгілі бір қауіп төндіретінін, жүрек пен бауырға уытты әсер ететінін атап өткен жөн. Осыған байланысты симптомы аз және симптомсыз науқастарға бұл дәрілерді өздігінен қабылдаудың қажеті жоқ. Бұл препараттарды дәрігерлер ғана стационарлық жағдайда бере алады», - деді Раушан Қарабаева.  

1070 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз