Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 27 Шілде, 2020

Пейіл мен патша

«Әрбір халықтың өзіне лайық үкіметі бар». Өз заманында француз ойшылы әрі дипломаты Жозеф де Местр осылай деп көрегендік жасапты. «Мұны қалай түсінбек керек?» дерсіз. Қарапайым тілмен, «Егер билік біліксіз, жемқор және халқына жайсыз болса, бұған билік білгенін істеуіне мүмкіндік беріп қойған сол елдің азаматтары кінәлі» деп түсіндіруге тырысқандар тарихта аз болмаған. Біздің қазіргі халіміз де осыған ұқсас. Бір ескеретін жәйт, «Тақ пен табыттың иесі болмайды» десек те, Алла өз сүйген құлын ғана көптің қызметіне қояды. Кім көрінгеннің билік басына келмейтіні де сондықтан. Тағы да сол бұрынғыдан қалған сөз еріксіз еске түседі: «Патшаны Алла елдің пейіліне қарап береді». Ал патшаның пейілі бұзылса, бұқараның айыбы бар ма... Дәуіт патша өмірінің соңғы сағаттары таяғанын сезіп, болашақ тақ иесі – жалғыз ұлы Сүлейменді шақыртып алыпты. – Балам, сен талай елде болып, талай адамдармен кездестің, - дейді Дәуіт ұлын қасына отырғызып. – Мына дүние туралы ойыңды білгім келеді... – Әке, мен қай жерге барсам да, алдымнан тек әділетсіздік, ақымақтық пен зұлымдық шыға берді, - деп мұңаяды Сүлеймен. – Дүниенің неліктен бұлай жаратылғанын білмедім, бірақ мен оны қайткенде де өзгерткім келеді. – Жөн екен, ал қалай өзгертуді білесің бе? – Жоқ, білмейді екенмін. – Ендеше тыңда, - деген әкесі оған мына әпсананы айтып беріпті. Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде Жер бетін бір ғана халық мекендепті. Халықтың да, оны билеген патшаның да аты-жөні бізге жетпеген. Патшаның төрт ұлы болған екен, олардың да есімдерін арадағы ұзақ уақыт ұмыттырып жіберіпті. Сол патша дүниемен қоштасарында әлгі төрт мұрагеріне Әділдік, Даналық, Қайырымдылық және Бақытты жер бетіндегі барлық адамдар арасына таратуды аманат етеді. – Әділетсіздік адамның бұл дүниеге өте біржақты қаруынан туындайды, - дейді данышпан патша. – Әділетті болу үшін адам өз бойын сезімдер билеуіне жол бермей, мына жарық дүние оған тәуелсіз өмір сүретіндей өзін ұстауы тиіс. Әділетті адам «Дүние бар, мен жоқпын» деген ұстанымды ғана басшылыққа алуы мүмкін. – Ақымақтық, - деп сөзін сабақтайды патша. – адам баласының мына ұшы-қиыры жоқ және алмағайып дүниеге тек өз білім деңгейі тұрғысынан ғана баға беретіндігінен келіп шығады. Теңіз суын сарқып алуға болмайтыны сияқты, бүкіл ғаламды да тану мүмкін емес. Өз білімін ұдайы кеңейтіп отырған адам да үлкен ақылсыздықтан кішісіне ғана ауысуы ықтимал. Сол себепті ақиқатты дүниеден емес, өзінен іздеген адам – дана. «Мен бармын, басқа дүние жоқ» – данышпанның ұстанымы осы. – Зұлымдық, - дейді патша одан әрі ой толғап. – адам өзін мына дүниеге қарсы қойғанда, өз мақсаттарына қол жеткіземін деп оқиғалардың табиғи дамуына араласып, дүниені өз еркіне бағындырғысы келгенде пайда болады. Адам үстемдік құруға қаншалықты көп ұмтылған сайын дүние де оған қарсы наразылығын күшейте түседі. Осылайша зұлымдықтан зұлымдық туады. «Дүние де бар, мен де бармын. Мен мына жарық дүниеге араласып кеткенмін» – бұл мына жарық дүниеге Қайырымдылық дәнін себетіндердің темірқазығы. – Бақытсыздықты әдетте адам баласы өзіне әлдене жетпегенде ғана бастан кешеді. Әлгі жетпейтін нәрсесі көбейген сайын адамның да бақытсыздығы ұлғая беретіні содан. Жұмыр басты пенденің жоғы сірә түгелденген бе, адам бір құмардан шыққанда екіншісіне тап болып, үлкен бақытсыздықтан кішісіне ғана ауысып отырады. Сол себепті бүкіл дүниені ішіне сыйдырған адам нағыз бақытты. Өйткені, ол ешнәрсені іздемейді. «Дүние де бар, мен де бармын. Бүкіл дүние менімен араласып кеткен» – бақыттың формуласы осы. Осылайша Әділдік, Даналық, Қайырымдылық және Бақыттың формуласын ұрпағына табыстаған патша кешікпей көз жұмады. Оңаша қалғанда тақ мұрагелері бұл формулалардың бір-біріне қайшы келетіндігін байқап, елді бөліп басқаруға ұйғарады. Олар халықты тең етіп төртке бөледі де, әрқайсы өз еншісіндегімен ел билеуге кіріседі. Бір патша адамдар арасына Әділдікті, екіншісі Даналықты, үшіншісі Қайырымдылықты, төртіншісі Бақытты таратыпты. Нәтижеде Жер бетінде Әділ халық, Дана халық, Қайырымды халық және Бақытты халық пайда болады. Арадан ықылым замандар өтіп, әлгі халықтар бір-бірімен араласып кетеді. Сонда әділетті адамдар әділдіктің не екенін жақсы білгенімен, даналық, қайырымдылық және бақыт не екенін түсінбепті. Сол себепті әділетті адамдар ақымақтық жасап, зұлымдық пен бақытсыздықты таратыпты. Дана адамдар әділетсіздік, ақымақтық пен бақытсыздықты көбейтіпті. Бақытты адамдар әделетсіздіктің тарап, ақымақтық пен зұлымдықтың өршуіне себеп болыпты, - деп әңгімесін аяқтаған Дәуіт патша Сүлейменге қарайды. – Мына дүниенің сенің көзіңе жаман болып көрінетіні де сондықтан, балам. – Мен бәрін түсіндім, - дейді Сүлеймен сонда. – Адамдардың бәріне бірдей Әділдік, Даналық, Қайырымдылық және Бақыттың не екенін үйрету керек. Мен әлгі патшаның мұрагерлері жасаған қатені түзетемін. – Мақұл, - деді Дәуіт патша келісімін беріп. – бірақ сен содан бері дүниенің көп өзгергенін ескермей отырсың. Әділетсіздік, зұлымдық және бақытсыздық адамдармен араласып, олардың бойына үлкен үрей ұялатты. Бұл қатені түзету үшін әуелі осы үрейді жеңуге тиіссің. – Онда маған айтыңызшы, үрейді қайтсем жеңемін? – Үрейдің де түрі көп. Алайда оның ең басты белгісі мынау: адамдар қуанғанда өлімнен қорықса, қайғырғанда өзін өлмейтіндей көреді. Тек қуаныш пен қайғының құнын білетіндер ғана өлімнен де, өлместіктен де қорықпайды... ...Жер бетіне жұмақ орнатқан Сүлеймен патша өмірден өткелі қашан, одан кейін де талай әміршілер келіп кетті. Бірақ заманында әділдігімен, қайырымдылығымен, батылдығымен және бақыттылығымен танылған Сүлеймен патшаның аты аңызға айналып, ел аузында әлі жүр. Менікі, қай заманда да ат үстінде жүрген азаматтар айналасына көз салып, көптің халінен хабардар болғаннан ұтпаса, ұтылмағанын еске салу ғана... http://Қонақбай Қожанияздың фейсбук парақшасынан

1884 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз